Қазақтың арасынан бір жалған пайғамбар шығып жүр. Соған не дейсіз?
Қазақтың арасынан бір жалған пайғамбар шығып жүр. Соған не дейсіз?

Сұрақ:

Әссәләмуғалейкум! Соңғы кезде қазақтың арасынан бір жалған пайғамбар шығып жүр. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) емес пе десек, Құранның мына аятын айтады бізге: «Бұл пайғамбарлық Алланың кеңшілігі, оны қалаған құлына береді. Алла, зор кеңшілік иесі» («Жұма» сүресі, 4-аят). Яғни, пайғамбарлықты Алла қалаған құлына береді, сондықтан маған берді дейді. Осы аяттың шын мағынасын түсіндіріп берсеңіздер. Және де жалған пайғамбарлардың шығатыны және оның қияметтегі жазасы туралы аят-хадистерден мысал келтірсеңіз!

«Ислам және өркениет»

Уағалейкум әс-салам! 

Құран Кәрімдегі аталмыш аяттан «қияметке дейін пайғамбар шығуы мүмкін» деген пікір қалыптастыру қателік. Өйткені, Құранның басқа бір аятында:

مَّا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَـٰكِن رَّسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ ۗ وَكَانَ اللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمًا

«Мұхаммед (ғ.с.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың  соңғысы. Алла әр нәрсені толық білуші»[1], - делінген.

Бұл қасиетті аятта Мұхаммедтің (с.а.у.) ахырғы пайғамбар екендігі, одан кейін пайғамбар шықпайтындығы ашық түрде баян етілуде.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың да бірнеше сөзінде соңғы пайғамбар екенін баса айтып кеткендігі хадис кітаптарында келтіріледі[2]. Бұл – бір.

Екіншіден, сіз сұрап отырған аяттың («бұл пайғамбарлық Алланың кеңшілігі...») арапша мәтініне қарасақ: (ذَلِكَ فَضْلُ اللَّهِ يُؤْتِيهِ مَنْ يَشَاءُ وَاللَّهُ ذُو الْفَضْلِ الْعَظِيم) онда «пайғамбарлық» деген сөз жоқ. Ал, тәпсірші ғұламалар аяттағы  «ذَلِكَ فَضْلُ اللَّهِ-Ол Алланың кеңшілігі» деген сөзге түрліше түсіндірме беріп өткен. Атап айтсақ, мұсылман болуды, уәхи мен пайғамбарлықты, садақа етіп беретін бақ-дәулетті т.б.[3].

Сондықтан да, әлдекімнің «тағы пайғамбар келеді» деген қате болжамына әлгі аятты арқау етуі – бос әурешілік.   

Бұнымен қатар, қиямет қайымға жақын қалғанда жалған пайғамбарлардың шығатыны жайында хадистерде айтылған. Соның бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді:

«Өздерін Алланың  Елшісі екендігін алға тартатын отызға жақын өтірікші, жалғаншылар (дәжжәлуна)  шықпайынша, Қиямет қайым болмайды»[4]

Ендеше, сіз сұрап отырған жалғаншы кісі "пайғамбар емес", хадисте айтылған өтірікші тажалдардың бірі ғана. 


[1] Ахзаб сүресі – 40 аят.
[2] Сахих Бухари –3535, 3541.
[3] Құртуби тәпсірі, Жұма сүресі, 12 том/94 бет;
[4] Сахих Муслим «Китабуль фитән уә әшратис саға»; Әбу Дәуід – 4333;  Тирмизи – 2218.

 

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 7762
8 комментариев
  • Оған еріп кетуден Раббымыз өзі сақтасын!
    Бұл адам бұдан бірнеше жыл бұрын шыққан еді ғой. Жаңалықтарда Түркістанда өзін солай таныстырып жүр деп айтылған болатын.
    9 лет назад
  • Жалған пайғамбар сияқты, мына сұрақ та дұрыс емес. Иманымыз қайда қалды, осындай сұрақ ойымызға келсе?
    9 лет назад
    • Меніңше, оның жалғандығын білгендіктен сұрап отыр! Басқа адамдар артынан еріп адасып кетпес үшін анық-қанығын ашып халыққа жеткізуді сұрағаны да дұрыс қой!
      9 лет назад
  • Ондай өтірікші адамға "пайғамбар"деген сөзді қимаймын...
    9 лет назад
  • "Жалған пайғамбар" дегеніміз өзі қазақ тіліндегі сөйлеу ыңғайы осылай ғой. Бір нәрсенің жалғандығын көрсету үшін міндетті түрде сол нәрсенің түпнұсқадағы атауын "жалған" деген сөзге қосып айту керек. Мысалы, "жалған ақша", "жалған хадис", "өтірік ойын", "өтірік әңгіме" т.б. Мына жерде де "пайғамбар" сөзін "жалған" сөзбен қосып айтып, шын пайғамбар мен жалған пайғамбардың ара жігін айыру үшін қолданған. Басқаша оны қалай келтіруге болады білмеймін.
    9 лет назад
  • Иә, аға, еш дауым жоқ, бұл тек жеке сезімнің үні ғой.....артық айтсам айып етпеңіз...
    9 лет назад
  • Оқасы жоқ. мен де жай ғана түсіндіріп жатқаным ғой. бәрі жақсы.
    9 лет назад
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296