Истихара жайында не білесіз?
Истихара жайында не білесіз?

Истихара (الإستخارة) дегеніміз – бір нәрсенің қайырлы болуын тілеу. Шариғаттағы мағынасы, бір іске аяқ баспас бұрын, көңілдегі күдікті сейілту үшін, ең дұрыс таңдауды Алладан намаз оқып немесе арнайы дұға айтып тілеу. Истихара – ардақты Пайғамбарымыздың үмметіне үнемі кенес ететін сүннеті. Һәйсәмиде риуаят етілген бір хадисте Алла Елшісі: «Адам баласының шаттығының бірі – Аллаға истихара жасау» ,[1]дей отырып, истихараның маңыздылығын көрсетеді.

Истихара тіршілік қам-қарекеттеріне жасалады. Мысалы, сапарға шығу,  үйлену алдында немесе сауда-саттыққа бастау т.б. Ал, ораза ұстау, намаз оқу немесе садақа беру сияқты ахыреттік істерде истихара жасалмайды[2].

Бір іске истихара жасайтын адам екі ракәғат нәпіл намаз оқып, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын айтады. Сахих Бухариде келген бір хадисте сахаба Жәбир ибн Абдулла былай дейді: «Алланың Елшісі бізге Истихараны Құран сүрелерін үйреткендей үйрететін: «Сендерден әлдекім бір іске ниет білдірсе, парыз намазынан бөлек, екі рәкағат намаз оқысын да мына дұғаны айтсын: «Ей, Раббым! Маған іліміңнен игілік бергейсің. Құдіретімен мені қуатты еткейсің. Кең пейіліңмен мені қуанышты еткейсің. Расында менің құш-құдіретім жетпейді. Мен еш нәрсені білмеймін. Ал, Сен барлық нәрсені білесің, барлық нәрсеге күшін жетуші. Әрі Сен ғайыпты да толық көрушісің. Ей Аллаһым! Егер бұл істі (дәл қандай іс болса, сол айтылады, мысалы некелесу т.б) дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында, мен үшін қайырлы десең, оны маған нәсіп ете гөр әрі маған ол істі оңай етіп, мен үшін берекелі ет! Ал, егер бұл істің дінімде, тіршілігімде, істерімнің соңында бұл істі мен үшін қайырсыз десең, оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет. Қай жерде болса да, мен үшін жақсылықты нәсіп ет, мені сол жақсылықпен разы ете гөр»[3]. 

 («Аллаһумма инни астахи-рука биъилмика, уә астақди-рука биқудратика, уә әсәлукә мин фадликал ъазим, фә иннәкә тақдиру уә лә ақдиру, уә таъламу уә лә аъламу, уә әнта ъалламул ғуйуб. Аллаһумма ин кунта таъламу әннә һәзәл амра хайрун ли фи дини уә маъаши, уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фақдурһу ли уә яссирһу ли суммә бәрик ли фиһи, уә ин кунтә таъламу әннә һәзәл амра шаррун ли фи дини уә маъаши уә ъақибати амри (ъажилиһи уә әәжилиһи) фасрифһу ъанни уасрифни ъанһу уақдур ли хайра хайсу кәнә суммә ардыйни биһ»[4])

Истихара намазын оқитын кісі фатихадан кейін қалаған бір сүресін оқуына болады. Алайда, ғалымдарымыз бірінші ракәғатта фатихадан кейін «кәфирун сүресін», ал екінші ракәғатта фатихадан кейін «ықылас сүресін» оқуды кеңес етеді.

Сондай-ақ, истихара жасар адамның көңілі бейтарап күйде, яғни жаңағы іске байланысты ешқандай шешімді қабылдамауы тиіс. Себебі, іштей бір шешімге келіп қойған кісіге мәселенің шын мәні жасырын қалуы мүмкін.  

Истихара жасағаннан кейін, діттеген ісінің хайырлы екендігі қалай белгілі болады?

Истихара жасағаннан кейін діттеген ісі қайырлы болса, жүрегінде сол іске деген сүйіспеншілік, көңіл хошы (бірақ нәпсіқұмарлық басқа!) туындайды. Ал, қайырлы болмаса, ол іске деген жүрегінде еш бір қалау туындамайды. Жүрекке ештеңе сезілмеген жағдайда, истихараны жеті рет қайталауға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ей, Әнәс, егер бір іске ниет етсең, Рабыңа жеті рет истихара жаса. Кейін жүрегіңде туындағанға қара. Күмәнсіз қайыр жүректе!», – дегендігі риуаят етіледі.

Бірақ, бұл хадис истихара нәтижесі шартты түрде жүрекке ғана  білінеді деген сөз емес. Алла тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасында келген «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр.

Истихарада намаз оқымай, тек дұғасын ғана оқуға да болады[5].

[1] Әл-Һайсәми, Мәжмуғуз Зәуәид «Бәбуль Истихара» – 3669 хадис.
[2] Бадруддин әл-Айни, әл-Аламуль Һәйиб – 333 бет.
[3] Сахих Бухари - №1166-хадис.
[4] http://dinislam.kz/publ/27-1-0-88
[5] Әл-Маусуғатуль фиқһия – 3/242-247 бет.; 
     http://www.dar-alifta.org/ViewFatwa.aspx?ID=634

 
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 6492
7 комментариев
  • Мен бір істің қайырын сұрап оқып едім, түсімде орындалатындай аян көріп едім, ал өмірде алыстап кетті. Осыны түсінбедім.
    9 лет назад
    • Жоғарыдағы мақалада былай деп кеткен жері бар: "Алла тағала кейде ол іс қайырлы болса, оған жету жолын жеңілдетіп қояды. Егер қайырсыз болса, одан сізді алыстатып, өзі разы болатын одан да абзалын нәсіп етуі мүмкін. Истихара дұғасында келген «оны менен алыстата гөр. Әрі мені де одан аулақ ет» деген тілектің де астарында осы жатыр". Өмірде алыстап кеткені, сіздің сол истихара намазын оқығаныңызды нәтижесі болар, Алла тағала сізге қайырсыз болғандықтан алыстатқан болуы мүмкін.
      9 лет назад
  • Дұғасын қазақша айтса бола ма?
    9 лет назад
    • Бір жерде оқып едім, болады деп содан өз басым қазақшасын оқығанмын . Бірақ білетін ағалар айтсын.
      9 лет назад
    • Дұғаның қазақшасын оқуыңызға болады, тіпті әркім өз тілінде истихара дұғасын оқығаны жақсы, өйткені ол жерде өзіне керек тілекті айтатын жері бар, сондықтан дұғаның қазақша мағынасын айтқан абзал.
      9 лет назад
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296