Біреудің түсінде Пайғамбар "СУМАХ" деген нәрсені індетке қарсы ішуді айтыпты...
Біреудің түсінде Пайғамбар "СУМАХ" деген нәрсені індетке қарсы ішуді айтыпты...

 

"Сумах" деген не?"

Тағы бір мұсылманның "ТҮСІНДЕ" вирусқа қатысты "АЯН" беріліпті. Бұл жолғы аянда Пайғамбар "СУМАХ" деген затты ішсін деп кеңес еткен-мыс. Осыған орай, "Сумах" деген не нәрсе? - деп сұралып жатыр. 

Сумах деген не екенін білмеймін. Бірақ бір білерім асыл дініміз "БІЛМЕСЕҢДЕР, БІЛІМ ИЕЛЕРІНЕН СҰРАҢДАР!" деп анық бұйырады. (Құран-16:43). Яғни, дініміз білікті мамандарға жүгінуді ашық бұйырған. Сол себепті, коронавирусқа қарсы тұру үшін дәрігерлер не дейді, сол бойынша амал етілуі керек. Ал, енді, Ислам сенімінде "ТҮС" пен "ИЛҺӘМ" (илһәм - шабыт, аянның бір түрі) ол нақтылықты білдірмейді, ол екеуі - ешқашан "дәлел" болған емес. Түс немесе илһәм көбінесе иесінің өзіне ғана қатысты болып келеді.

Сол себепті, түсінде "Сумах" деген (немесе т.б.) әлдебір нәрсені ішу керек деген аян көрген болса, ол нәрсе ең бірінші медициналық зерттеулерден өтуі керек. Тәжірибе жасалып, анық-қанығы анықталуы тиіс. Аян тұрмақ, ашық хадисте айтылған "ем үшін түйе зәрін ішу" мәселесін Әбу Ханифа қабыл етпеген. "Егер, білікті дәрігерлер тарапынан расында зәрдің ем екендігі дәлелденсе және өзге альтернатива табылмаса ғана ішуге болады" деген Ол (р.а.). Байқасаңыз, ашық хадисте айтылған ем-дом мәселесінің өзі талқыға салынған. Зерттеусіз қабыл етілмеген. Олай болса, бір мұсылманның түсінде көрген аянға қалайша біз соқыр сенімділікпен сене салуымыз керек?! 

Дүние жүзі мыңдаған індетті бастан өткерді. Қазіргі медицинаның вируспен күресу мәселесінде тәжірибесі де, біліктілігі де жеткілікті деп ойлаймын. Пайғамбарымыз айтқан: "Әр дерттің дауасы бар. Тек, кәрілік пен өлімге ем жоқ" деген. Құда қаласа, корона індетіне де дауа табылары анық. Мүмкін табылып та қойған шығар. Корона індеті ең алғаш 1965 жылы белең алған. Оның 30 түрі бар ұқсайды. Яғни, бұл вирус "вирусологтарға" бөтен емес.
Сондықтан да, "КӨППЕН КӨРГЕН - ҰЛЫ ТОЙ" деп атам қазақ айтқандай, дүрлікпей, сабырлық танытып, дәрігерлер мен биліктегілердің кеңестеріне құлақ асалық.

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
5 лет назад 13708
0 комментариев
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296