БИДҒАТТЫҢ АҒЫ ДА БАР, ҚАРАСЫ ДА...
БИДҒАТТЫҢ АҒЫ ДА БАР, ҚАРАСЫ ДА...

Аллаға шүкір, қазіргі таңда дінге бет бұрған қандастарымыздың саны күннен, күнге артып келеді. Мешіттеріміздегі жамағат қатары көбейіп, Алладан сауап үміт еткен бауырларымыздың арасында діни сауатын ашып, күнделікті жүріс-тұрыстарының сауабы мен күнәсін айырып алғысы келетіндер де қаншама. Осы тұрғыда біздің сайтымызға көптеген сұрақ келіп жататыны да жасырын емес. Сол сұрақтардың арасында «бидғат» түсінігі жайында білгісі келетіндер өте көп. Өйткені бүгінгі таңда бұл «терминді» арқау етіп,  өзге мұсылман бауырларын бидғатшы деп, мүминдерді бірлікке шақырудың орнына олардың арасында іріткі  салып жүргендер бар. Осы мақаламызда аталмыш термин төңірегінде Ислам ғалымдардың басым көпшілігі қабыл еткен мағынасы бойынша сөз қозғаймыз.

 Бидғат сөзі  – «бәдәъа (بَدَعَ  " а"), бәдъ (بَدْعٌ  )» түбірінен шығып, «ойдан шығару, жаңа нәрсе енгізу[1]»  деген мағыналарға саяды. Бір сөзбен айтқанда, бидғат – бұрын-соңды кездеспеген,  кейінен пайда болған жаңа құбылыс[2].

 Оның діндегі анықтамасына келер болсақ  ертеректе ғалымдарымыз «бидғатты» үш түрлі көзқараспен түсіндіруге тырысқан.

Бірінші көзқарастағы ғалымдар бойынша бидғат екі түрлі:

1.Жағымды бидғат (Бидғатун Хасана).

2.Жағымсыз бидғат (Бидғатун Сәи’ә).

Бұл жайында Ханафи ғалымы Бәдруддин әл-Айни (хижра ж.с 855 ж.ө.) Сахих Бухариға жазған түсіндірме (шарх) кітабында бидғат жайында былай дейді: 

«Бидғат негізінде Алла Елшісінің (с.а.у) көзі тірісінде болмаған, кейінен көрініс тауып, кейінен туындаған нәрселерге айтылады. Бидғат – екі түрлі. Біріншісі, шариғат құптайтын, ұнамды деп есептейтін (мүстәхсән) нәрселердің қатарына жататын «жағымды бидғаттар». Екіншісі, шариғатта жағымсыз деп танылған, оның құптамайтын (мүстәқбах) нәрселер қатарынан есептелетін «жағымсыз бидғаттар»»[3]. 

Имам Шафиғи де бидғатты екіге бөліп қарастырған. Ол (р.а) былай дейді: 

«Кейіннен пайда болған діни үрдістер екі түрлі. Біріншісі, Құранға, Пайғамбарымыздың хадистеріне яки қиясқа немесе ижмаға қайшы келетін бидғат (жаңа құбылыс не әдет). Мұндай бидғат дінге теріс. Екіншісі, аталмыш дәлелдерге теріс келмейтін, жақсылықтан туындаған жаңа әдет. Бұның, дінге терістігі жоқ «жағымды» бидғат»[4].

Ибнуль Әсир (хижра ж.с. 544-606жж.) өзінің «Ән-Ниһая» атты еңбегінде «бидғат» сөзін түсіндіру барысында былай деген: 

«Бидғат екі түрлі: Дұрыс (һүдә) бидғат және адасқан бидғат. Алла және Оның Елшісінің (с.ғ.у) бұйырғанына қайшы келетін болса, ол бидғат құпталмай, тыйым салынады. Ал, егер Алланың және Расулуның (с.ғ.у) жалпылама рұқсат еткен және үнемі насихаттап, итермелеп отыратын нәрселеріне сай келетін болса, ол бидғат сүйкімді, мақтауға лайық болмақ»[5]. 

Аталмыш ғалымдардың берген түсініктемелеріне қарасақ, тікелей дәлелі болмағанымен, Құран мен Хадиске және діннің жалпылама қағидалары мен түсініктеріне теріс келмейтін кейіннен  пайда болған үрдістер, дағдылар, іс-әрекеттерді жағымды бидғат деп атап, оған рұқсат етіледі. Мысалы,  мәуліт тойлау, намаздан кейін Құран оқу, намаздың соңында қол алысу, ілім адамдарына ғылыми атақ беру, ғылыми жаңалықтар ашу, мәзһаб ұстану  сыңды дінде негізі бар жаңа нәрселерді жатқызсақ болады.

Ал, жағымсыз бидғат деп, кейіннен пайда болған, сондай-ақ  Құран аяттары мен хадис және сүннетке теріс келетін, дініміз мақұлдамайтын, хош көрмейтін дағдыларды айтамыз. Мысалы, әйелін бірден үш талақпен талақ ету,  әулие – әмбиялардың мазарын тауаф ету, қабір басына зәулім мазарлар тұрғызу, өлген кісінің артынан жоқтау айту, үйге адыраспан тұтату, ағашты әулие санап, оларға мата байлау сияқты теріс үрдістер мен ырымдарды атасақ,  қателеспеспіз.

Бидғатты, яғни кейіннен туындаған үрдістерді жоғарыдағыдай бөлуіміз ардақты Пайғамбарымыздың мына асыл сөзіне де саятын сияқты. Сахих Муслимде келген бір хадисте Ол (с.ғ.у.) былай дейді:

 ...Кім де кім, Исламда жақсы жолға бастаса, одан кейін сонымен амал еткендерге берілетін сауап еш кемітілместен оған да жазылады. Ал, кім Исламда жаман жолға бастаса, одан кейін сонымен амал еткендерге жазылатын күнә еш кемітілместен оған да жазылады...6

 "مَنْ سَنَّ فِي الإسلام سُنَّةً حَسَنَةً فَعُمِلَ بِها بعْدَهُ كُتِب لَه مثْلُ أَجْر من عَمِلَ بِهَا وَلا يَنْقُصُ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْءٌ، ومَنْ سَنَّ فِي الإسلام سُنَّة سَيِّئَةً فَعُمِلَ بِهَا بَعْدَهُ كُتِبَ عَلَيْهِ مِثْلُ وزر من عَمِلَ بِهَا ولا يَنْقُصُ من أَوْزَارهِمْ شَيْءٌ". رواه مسلم

Екінші көзқарастағы ғалымдар бойынша, бидғаттың жағымдысы болмайды. Олардың айтуынша, шариғат талаптарына қарама-қайшы келетін барлық үрдістер мен дағдылар – бидғат.

Бидғат сөзіне бір жақты мағына бергендің бірі Хафиз ибн Хажар әл-Асқалани. Ол былай дейді:

«Кейіннен пайда болған, бірақ дінде негізі жоқ үрдістерді шариғатта «бидғат» дейді. Ал, шариғатта негізі болса, ол бидғат емес. Бидғат шариғатта жағымсыз, құпталмайтын үрдіс....»

Ибн Ражаб әл-Ханбали атты ғалым да былай дейді:

«Бидғат деп, шариғат құптамайтын және негізі жоқ,  кейіннен пайда болған нәрселерді айтамыз. Ал шариғат құптайтын негізі бар нәрселер бидғат емес...» [7]

Дегенмен, бұл көзқарасты ұстанатын ғалымдар, бірінші топтағы ғалымдардың пікіріне  тек «атау» жүзінде келіспей отыр. Ал,шындығында  екі көзқарастың да айтқысы келетіні бір-ақ нәрсе. Ол: «шариғатта негізі бар үрдістер, дағдыларға дінде рұқсат».

Үшінші көзқарастағы ғалым ретінде Шафиғи мәзһабы ғұламасы Иззуддин Абдуль Азиз ибн Абдуссәләмнің (хижра ж.с. 660 ж.ө.) тұжырымдарын келтірсек болады. Бұл ғалым бидғат жайында мынадай маңызды да салмақты тұжырым алға тартады: 

«Бидғат деп Пайғамбарымыздың кезеңінде болмаған нәрселерді айтамыз. Бидғат мынадай тармақтарға бөлінуі мүмкін: 1.Уәжіп бидғат; 2.Харам бидғат; 3.Сауапты (мәндуб) бидғат; 4.Мәкрүһ (ұнамсыз) бидғат; 5. Сауабы да күнәсі да жоқ бидғат (рұқсат). Туындаған бидғаттың аталмыш тармақтардың қайсысына жататындығын шариғат қағидаларымен таразылаймыз. Егер парыздың негіздеріне кіретін болса парыз, харамның негіздеріне кіретін болса – харам, мәндубтың негіздеріне кіретін болса – мәндүб, мәкрүһтың негіздеріне кіретін болса – мәкрүһ және мубахтың негіздеріне кіретін болса – мубах....»[8].

Осы анықтама бойынша, дінге қатысты кейінен шыққан дүниелерді шариғатқа теріс деп, оны ысырып тастау – қателік. Олардың ішінде де өз орнына қарай дәрежесі бар. Кейде жаңа үрдістің өзі уәжіп немесе сүннет, кейде харам яки мәкрүһ т.б. деген үкім алуы мүмкін. Оны анықтаудың бірден бір жолы – шариғат қағидаларына салып таразылау.

 Қорытындылай келе айтарымыз, жоғарыда келген үш қөзқарастың үшеуінде  де кейінен пайда болған кейбір үрдістердің негізі дінімізде бар болса, оған шариғатта рұқсат етіледі. Ханафи мәзхабы ғалымдарымыздың да қабыл еткен бидғат түсінігі осы. Ал, олардың шариғатқа қаншалықты сай екенін анықтау үшін кейін дініміздің жалпылама қағидаларымен салыстырамыз. Егер, діндегі харам  категориясына кіретін болса, ол дағдыны – харам, сүннет болса – сүннет т.б. [9].

Десек те, қазіргі таңда кейбір мұсылман бауырлар тырнақ астынан кір іздеп, кейбір үрдістерді «бидғат» деп харамға жатқызып жатады. Олардың пайымдауынша, Пайғамбарымыз (с.а.у) көзі тірісінде жасамаған әрекеттердің бәрі – бидғат, яғни харам. Мысалы, намаздан кейін Құран оқу, намаздан кейін көпшілікпен дұға ету, т.б.

Сүйенген дәлелдері мына хадис. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «..Барлық жаңа үрдіс – бидғат. Ал бидғат – адасушылық»[10], -деген. Тағы бір асыл сөзінде: «Кім де кім біздің бұйырмаған істі істеген болса, ол қабыл етілмейді»,–дейді. Осындай мазмұндас хадистерге сүйене отырып анық дәлелі болмаған діни кейбір үрдістер бидғат боп саналып, дінде тыйым салынады дейді. Дегенмен, аталмыш екі хадиске ертеректе беделді ғалымдар мынадай түсініктеме беріп кеткен. Хадистің біріншісіне Ибнуль Әсир: «Бұл хадистегі бидғат ол діннің негіздеріне қайшы келетін, хадистермен ұштаспайтын  бидғаттар..» деп түсініктеме берсе[11],  хадистің екіншісіне Ибн Ражаб әл-Ханбали: «... Хадистің астарында мынау жатыр: Қандай да болмасын бір амалда Пайғамбарымыздың не Алланың бұйрығы жатпаса, ол амал жоққа есеп.  Ал, негізінде бұйрығы жатса, ол қабыл етіледі...», - деген[12].

Шындығында, бір іс жалпылама дініміздің негіздеріне теріс келмейтін болса,  және харамдығын білдіретін өзге дәлел келтірілмесе, ол әрекетті Пайғамбарымыз  істемеген екен деп харам деу дұрыс емес. Өйткені, бір істі «Пайғамбарымыздың жасамауы»  ол іске харам деген үкім бекітуге негіз бола алмайды. Бұл жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ[13]. Пайғамбарымыздан кейін де кейбір діни үрдіс ретінде сахабалар тарапынан бекітілген жайттар болған. Мысалы, жұма намазының әуелгі азаны Әзірет Османның бекітуімен пайда болды, тарауих намазы жамағатпен Әзірет Омардың бекітуімен оқыла бастады. Олардың бекіткен жайттары негізінде дінде бар нәрсе. Сол негізге сүйене отырып, сондай әрекетке барып отыр.

Мінекей, бүгінгі таңда кей бауырларымыздың «бидғат» деп баршаға жар салып жүрген сөздің негізгі ұғымы осындай. Сондықтан да айналамыздағылардың әр әрекетінен әшкере қылық іздеп, бидғатшы деп ғайбаттаудан қашық болған абзал. Ең дұрысын Алла біледі!

Сілтемелер:

[1] Баранов, Арабско-Русский словарь.; المعجم: الرائد.
[2] Әш-Шатыби, әл-Иғтисам, 1/45 бет.
[3] Умдатуль Қари, «Китабут Тарауих», 11/ 125 бет, №116-хадис түсіндірмесі.
[4] Доктор Омар Абдулла, «әл-Инсаф», 116-бет.
[5] Ән-Ниһәяту фи ғарибиль хадис уәл әсәр, «әл-Бә мәғә әд-Дәл», 1/107 бет.
[6] Сахих Муслим, «Китабуль илим», №1017-хадис.
[7] Сағид ибн Насыр әл-Ғамиди, Хақиқатуль Бидға уә ахкәмуһа, 1/264 бет. Рияд.
[8] Қауағидуль Әхкәм, «фаслун филь бидъ».
[9] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар – 2/299 бет.
[10]Әбу Дәуід - №4607 хадис.
[11]Ән-Ниһәяту фи ғарибиль хадис уәл әсәр, «әл-Бә мәғә әд-Дәл», 1/107 бет.
[12]Ибн Ражәп әл-Ханбали, Жәмиғуль Улум уәль Хикәм. Хадисуль Хамис.
[13]Доктор Али Жума, әл-Муташаддидун – 60 бет. Каир. 2012 жыл.; Доктор Омар Абдулла Кәмил, әл-Инсаф – 125 бет.
(14.09.2013 жылы жарық көрген.).
 
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 5042
2 комментария
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296