А.Қасым: "Суретшілерге доңайбат көрсетуді тұрпайылық дер едім" (сұхбат)

_N8A4692 (1)

Ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен хадистердің көпшілігінде жанды нәрселердің суретін салуды ұнатпағаны, тіпті кейде оған қатаң тыйым салғандығы айтылады. Осыған сүйенген дін жолында жүрген кей азаматтар, сурет салуды кәсіп еткен суретшілерді қорқытып, отбасыларына телефон шалып (балаңды немесе күйеуіңді тый, әйтпесе  ақыретте тозақтың отына күйеді деп), ескерту жасайтыны белең ала бастады. Ақ пен қараның ара жігінашу, әділін айту — мұсылманға тән қылық.  Осы орайда, асыл дінімізге дақ түсірмеу мақсатында, өзге де жаман қылықтарды өрістетіп алмау үшін, исламтанушы, “www.islam.kz” сайтының діни редакторы Абдусамат Қасымовқа суретке қатысты бірнеше сауал тастаған болатынбыз.

— Абдусамат Тұрғынұлы, бүгінде сурет өнері дамып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Исламда сурет салу шынымен харам ба?
— Жалпы алғанда, ғалымдар сурет атауын[1] төртке бөліп қарастырады: Бірінші — жансыз заттардың суреті және оларды бейнелеу. Гүл, ағаш, аспан, жер немесе автокөлік, ұшақ, үй іспетті жансыз заттардың суретін салуға, оларды іліп қоюға рұқсат [2]. Өйткені сахаба Ибн Аббас жанды заттың суретін салмау жайында хадисті риуаят еткеннен кейін: «Сурет салар болсаң, мына ағаш сияқты жансыз заттарды бейнеле» [3], — деген. Осы тұрғыдан алғанда, жансыз дүниелерді салу, оларды іліп қою, тұтыну шариғатқа теріс емес. Ғалымдардың тоқтамы — осы [4].
Екінші — жанды заттардың суреттерін көрпе, жастық, аяқтың астында жататын төсеніштерге не ыдыс-аяқ сияқты тұрмыстық заттарға қолдану жайында [5]. Бұған да рұқсат. Бір күні Жәбірейіл періште Пайғамбарымыздан үйіне кіруге рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз: «Кіріңіз!» — дегенде, періште: «Үйіңде суреті бар перде тұрғанда қалай кіремін? Сен былай жаса, перденің суретін кесіп алып, жастықты тыста немесе жерге төсеніш қыл», — деді. [6] Яғни суретті іліп қоймай, тек осындай төсеніш ретінде қолдануға болатынын меңзеп тұр.Бұл мәселе жайында Ханафи мәзһабының әйгілі ғалымы Ибн Абидиннің (р.а.) мынадай тұжырымы бар: «Пайғамбарымыздың суретке тыйым салудағы мақсаты — суреттің дәрежесін көтеріп, қадірлемеу және пұтқа табынушыларға ұқсамау… Төсеніш секілді қадірсіз етіп көрсететін жерлердегі суреттер періштелердің үйге кіруіне кедергі келтірмейді» [7].
Үшінші — суретті үйге ілу. Жалпы алғанда, жанды нәрсенің суретін қадірлеп, үйге іліп қоюды Ханафи мәзһабының ғалымдары мәкрүһ десе [8], Шафиғи мәзһабы ғалымы Имам Нәуәуи харам деп үкім берген. Ал сахаба Әбу Бәкірдің (р.а.) немересі, ғұлама Қасым бин Мұхаммедтің бұл мәселедегі ұстанымы мынадай: «Тек матаға тоқылған суреттерге рұқсат. Оны іліп қою күнә емес. Бірақ одан өзге ағаштан ойып, темірден құйып жасаған жанды заттың мүсіні мен қабырға сияқты тегіс нәрселерге бейнеленген жанды нәрсенің суреттері — мәкрүһ. Өйткені хадисте матадағы суреттерге ғана рұқсат еткен», — дейді. Тіпті, бұрынғы ғалымдардың арасында: «Тек ойып жасалған скульптура (мүсін) — харам. Одан өзге суреттерге рұқсат» [9], — дейтіндер де болды.
Біздің ойымызша, үйге сурет ілуді харам деудің орнына мәкруһ дегеніміз дұрысырақ. Себебі осыған байланысты келтірілген хадистерге үңілсек, Пайғамбарымыз үйде суреттің болуын харам демей, тек ұнатпағаны байқалады.
Бұған дәлел ретінде Айша анамыз былай дейді: «Бізде құстың бейнесі салынған бір перде бар еді. Ол үйге кірген кісінің дәл қарсы алдында тұратын. Бір күні Пайғамбарымыз маған: «Мынаны ауыстырып қойшы. Мен кірген сайын оны көрем, (көрген сайын) дүние есіме түседі», — деген еді. Және біздің суреттермен өрнектелген «бүрмелі барқыт» [10] киіміміз бар-ды. Біз оны кеспей, киіп жүрдік» [11]. Бұл жерде Пайғамбарымыз суреті бар пердені дүниені еске түсіретіндігі үшін ғана ұнатпағанын аңғаруға болады. Себебі ол кезде суреті бар перделер қымбат көрініп, байлықтың нышаны секілді болған. Жаны қарапайымдылықты сүйетін Пайғамбарымызға бұл ұнамайтын.

Төртінші — жанды заттардың суретін салу. Оған да сөз орайында тоқталармын.

— Дегенмен, сурет жайында қатаң түрде ескерту жасаған хадистер де кездеседі ғой. Бұған не айтар едіңіз?

— Бұған байланысты Ханафи мәзһабының ғалымы Бадруддин әл-Айни «Сахих Бұхари» кітабына жазған түсіндірмесінде жоғарыдағы хадистерді назарға ала отырып, мынадай тұжырымды алға тартады: «Исламның әуелгі кезеңінде пұтқа табынушылық өз күшін әлі жоя қоймаған еді. Пайғамбарымыз барлық сурет атауынан, тіпті маталарға бейнеленген суреттерден де тыйды. Кейіннен «таухид» сенімі тамырын терең бойлаған соң, маталардағы суреттерге рұқсат берді. Маталардағы суреттерді қадірсіз жерлерде қолдануға рұқсат етті» [12].

— Ал енді әңгімені сурет салушылар жайына бұрсақ. Жанды заттардың суретін салудың шариғаттағы үкімі қандай?

— Кейбір хадистерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанды заттардың бейнесін салуға қатаң тыйым салғаны рас. Алла тағала суретшілерді қиямет күні қатты азаптап жатып: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші», — дейді» [13], — десе, тағы бір хадисте: «Қиямет күні азапты ең көп тартатындар — суретшілер»[14], — деп ескерткен. Сондай-ақ, «Адамдардың ең қатты азап шегетіндері — Алланың жаратушы (сипатымен) бәсекелесетіндер [15]», — деген тағы бір хадисі бар. Аталмыш хадистерге үңілген ғалымдардың кейбірі: «Жанды заттың суретін салу — харам», — деген үкім шығарған [16]. Ғалым Ибн Абидин: «Жандының суретін салуға мүлдем болмайды. Өйткені ол Алланың жаратушы сипатымен тайталасу болып табылады», — дейді [17]. Алайда Мәлики мәзһабы ғалымдарының пайымдауынша: «Бұл мәселеде харам болған әрекет — темір, мыс, ағаш, тас сияқты ұзақ сақталатын материалдарды ойып, жанды заттың мүсінін жасау. Ал қағаз, қабырға немесе мата сияқты тегіс заттың бетіне сурет салу — харам емес, тек мәкрүһ. Сондай-ақ, қамыр, қарбыз тектес ұзаққа сақталмайтын заттардан жасалған мүсіндердің де үкімі осындай» [18].

phyDdb2qmEj78n0yr36O7i3WY59QaY
— Демек, бұл пікірге сүйенсек, қағаз бетіне немесе қабырғаларға т.б. сурет салуды кәсіп ететіндер жоғарыда айтылған хадистегі тыйымның аясына кірмей ме?

—  «Хадистің көздегені — пұтқа табынушылықтың белгілерін жою және өз шеберліктерін Жаратушымен қатар көретіндердің теріс пиғылын сынау. Ал мұндай теріс пиғылдан ада суретшілер харамның аясына кірмеуі тиіс» дейтін ғалымдар да жоқ емес.

— Сурет салу мәселесі төңірегінде жоғарыда ғалымдардың тұжырымын айтып өттіңіз. Оның бірінде сурет салуды мүлдем харам десе, екіншісінде кейбір талаптар шеңберінде рұқсат деп отыр. Сурет салуды не халал, не харам деп нақты пәтуа беруге бола ма? Біздің қоғамда қайсы пәтуаны алған жақсы?

— Жоғарыда Ханафи ғалымдарының бірі, XIV-XV ғасырларда өмір сүрген хадисші әрі фиқһшы Бадруддин әл-Айнидің (миләди 1361-1451ж.ж.) тұжырымын келтіріп өттік. Ғалымның сөзінен мынадай ой түйеміз: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қатаң түрде сурет салудан тыйған хадистерін алғашқы кезеңдерге, яғни Политеизм сенімінің (көп құдайшылық) қоғамда әлі толық жойыла қоймаған кезіне жатқызу керек секілді. (Әрине, бұл сөзіміздің дұрыс немесе бұрыс екендігін осы мәселеге қатысты айтылған хадистерді хронологиялық кезеңдеріне бөліп, сараптай келе нақты айтуға болады). Ал біздің қоғамымыз монетеизм (бір құдайшылық) өркендеп тұрған шақта. Әрі халқымыздың басым көпшілігі мұсылман. Сол себепті сурет салудың нәтижесінде мұсылманшылығымызға қандай да бір зардаптың келетінін айту қиын. Сондықтан қазіргі таңда жанды заттың суретін салуды харам емес, халал деген байламға келуге болатындай. Тек мынадай талаптарды қатаң ескерген жөн:
1. Халық қасиет тұтатын діни тұлғалардың және ел-жұрт асыра ұлықтап кеткен діни емес тұлғалардың бейнесі салынбауы керек.
2. Сурет салған адамның көкейінде «Алланың жаратушы сипатымен бәсекелесу» деген зәредей де ниет болмауы тиіс.
3. Әдепсіздікті, бұзақылықты насихаттайтын суреттерді бейнелеуден аулақ болуы керек.
Осы орайда, Мәлики мәзхабындағы ғұламалар «қағаз, қабырға немесе мата сияқты тегіс заттың бетіне сурет салу — харам емес, тек мәкрүһ» деп пәтуа бергендігін де естен шығармауымыз қажет.

f3oIcBUr9iJFExn91BlZR0WEPU65Ln

— Яғни сурет өнері дамыған мына заманда сурет салуды харам емес дейтін Ислам ғұламаларының пәтуасын негізге алғанымыз дұрыс дейсіз ғой?

— Дәл солай. Өзіңіз айтпақшы, қазіргі таңда сурет өнері шарықтап тұр. Сурет арқылы көптеген діни мультфильмдер жарыққа шығуда. 3D үлгісінде намаз оқуды үйрететін видеолар туындауда. Бұлардың бәрі суретшінің туындысы. Сурет салуды харам десек, осындай жақсы дүниелердің бәрін үзілді-кесілді тоқтату керек болады.

— Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Осы орайда сурет салып, көрме өткізетін суретшілердің үйіне қоңырау шалып, «балаң тозақта отқа түседі» деп қорқыту, олардың ұялы телефондарына SMS жіберіп сурет салудан бас тартуға шақыру сияқты доңайбаттарға қандай уәж айтасыз?

— Ондайды бір сөзбен "тұрпайылық" дер едім. Әрбір мұсылман сурет салуды харам деп есептеп, оны өзі салмауына құқылы. Бірақ өзгелерді ол нәрсеге мәжбүрлеуге, яки зорлап қабыл еттіруге, қоқан-лоқы көрсетуге құқы жоқ. Ондай әрекет Исламның үйреткен тәліміне де теріс. Біздің дініміз көп жерде пікір еркіндігіне жол береді. Әркім өз позициясын насихат айтып, жай сөзбен түсіндіруі мүмкін. Бірақ дініміз сол пікірін өзгеге күштеп қабыл еттіруді құптамайды. Құранда ашықтан-ашық: «Дінде зорлық жоқ», — делінген. “Ғашия” сүресінде Жаратушымыз былай деп бұйырады:
«Насихат айт. Шынында сен тек насихатшы ғанасың. Сен оларды зорлаушы емессің».
Сондықтан, СМС жіберіп немесе телефон шалып, қоқан-лоқы көрсетіп, суретшілерге үрей туғызу — мұсылманшылыққа жат әрекет.

— Абдусамат мырза, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Еліміз тыныш, дініміз аман болсын!

Сұхбаттасқан Нағашыбай Қабылбек

kazakhstanzaman.kz

1. Қазақ тілінің әмбебап сөздігі «сурет» сөзінің мағыналары.
2. Имам Нәуәуи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас – 2104 хадис түсініктемесі;
3. Сахих Бухари, Китабуль Буйуғ – 2112 хадис.
4. Әл Маусуғатуль Фиқһия – 12/98 бет. Кувейт.
5. Али Мухаммәд әл Қари, Мирқатуль Мәфәтих, Китабуль либәс – 4489 хадис түсініктемесі.
6. Нәсәи – 5365;
7. Раддуль Мухтар – 2/416, 419 бет; Хашиятут Тахтауи әл Ханафи – 360 бет;
8. Ибн Һумәм, Фатхуль Қадир – 1/427-428 бет; әл-Айни, Умдатуль Қари , Китабус сала – 4/97 бет; Әл Айни, Биная – 2/460 бет.
9. Имам Нәуәуи, Шархуль Муслим, Китабуль Либас – 2104 хадис түсініктемесінде;
10. Әл-Муғжамуль Уәсыт, «әл-қатыфа» сөзінің мағынасы.
11. Нәсәи сунені, Китабуз Зинати – 5353 хадис.
12. Ғумдатуль Қари Шарху Сахихиль Бухари – 22/74 бет.
13. Бухари мен Муслим риуаят еткен.
14. Муслим риуаят еткен
15. Бухари және Муслим.
16. Али Сабуни, Тәфсиру Аятиль Ахкам – 2/408 бет.
17. Раддуль Мухтар – 2/420 бет.; Хашиятут Тахтауи әл Ханафи – 361 бет
18. Әл Маусуғатуль Фиқһия – 12/101 бет. Кувейт

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 5101
2 комментария
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296