Матуриди мен сәләфизм арасында нендей айырмашылықтар бар?
Матуриди мен сәләфизм арасында нендей айырмашылықтар бар?

 

1-Сұрақ: Әссәләмуғалейкум! Осы біздер өзімізді «Мәтуриди ақидасындамыз» дейміз? Ал, өздерін «салафпыз» деп жүргендер қай ақидада? 
2-Сұрақ: Мәтуриди мен сәләфизмнің айырмашылығы неде?

 

Уағалейкум әссәләм! Құрметті сауал қоюшы, «Әһли сүннет уәл жамағат» жолында екі ақида мектебі бар. Олар: Әшғари ақида мектебі және Мәтуриди ақида мектебі. Бұл екі мектеп арасында кейбір болмашы айырмашылықтар байқалғанымен, жалпылама алғанда ақидадағы ұстанған бағыттары бір.

Ал, «сәләфизм» бағыты түптеп келгенде, сонау XIV-ғасырларда өмір сүрген Ибн Тәймияның (1263-1328 ж.) айтып кеткен сенім негіздерінен бастау алады. XVIII-ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб есімді адам (1703-1792 ж.) Ибн Тәймияның ақидаға қатысты жасаған тұжырымдамаларының негізінде қалыптастырған пікірлерін ел арасына жайып, «уаһһабия» атты діни ағымның пайда болуына ықпал етті. Уаһһабия ағымы бәріне белгілі болғандай, кейіннен «сәләфия» деген атауға ауысты.

«Сәләфизм» басқаша айтқанда, «уахабизм» бағытын ұстанушылар аталмыш қос ақида мектебін «адасушы, бидғатшы» деп есептеп, «Әһли сүннет уәл жамағат» қатарынан шығарып тастады. Олардың пайымдауынша, «Әһли сүннетке» тек, Ибн Тәймияның алға тартқан сенім негіздерін ғана кіргізуге болады екен[1].

Осылайша, сәләфизм бағыты кейбір сенім негіздері мен қағидаттарда аталмыш қос ақида мектебіне  кереғар жолды ұстанды. Әсіресе, «тәнзих», яғни, «Алла мен өзге жаратылыстар арасында аз да болса, ұқсастыққа жол бермеу» мәселесінде Мәтуриди мен Әшғари ақида мектептері аса ыждағаттылық танытып, өте мұқияттылық пен ұқыптылық көрсетсе, сәләфизм бағытындағылар қарапайым тілмен айтқанда, селқостық танытқан. Олардағы бұл селқостықты тудырған бірнеше факторлар бар. Бүгінгі жазбамда ол факторларға тоқталғаннан гөрі, жалқы мәселелердегі кейбір айырмашылықтарды қысқаша ұсынғанды жөн көріп отырмын.

 

СӘЛӘФИЗМ МЕН МӘТУРИДИ МӘЗХАБЫ АРАСЫНДАҒЫ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАР  

Сәләфизм бағыты мен Мәтуриди ақида мектебінің арасындағы ақидаға қатысты айырмашылықтардың кейбірі төмендегідей: 

1. Алла Тағалаға мекен беру

Мәтуриди мәзхабында: Аллаға ешқандай мекен, ешбір тұс, қандай да болмасын тарап берілмейді. Бұлардың бәрі жаратылыстарға тән құбылыстар. Ондай құбылысты Жаратушыға жапсарластыру – Құдайды жаратылғандарға ұқсатқан болып табылады. Ал, Алла Тағала Құранда: «Оған ешнәрсе ұқсамайды», - дейді[2][3][4][5].

Сәләфизм ағымында: Алла Тағала - аспанда. Алла Тағаланың өзіне сай тарапы бар. Ол - барлық жаратылыстың үстінде, жоғарыда. Сәләфиттердің осы заманғы көсемі Ибн Бәз былай дейді:

 فهو سبحانه وتعالى فوق العرش في جهة العلو فوق جميع الخلق 

«Алла Тағала арштың үстінде, жоғарғы тұста. Барлық жаратылыстардың үстінде...»[6].

Ибн Бәз тағы бір сөзінде былай дейді:

«Алла Тағаланың (орналасқан) тарапын тек өзі ғана біледі. Өйткені, жаратылыстардың оны білуге саналары жетпейді... Оған тиесілі тарапты адамдар білмейді. Тек, Алла Тағала ғана біледі...»[7]

2. Құран Кәрім жайында

Мәтуриди мәзхабында: Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі. Ол – жаратылмаған. Бірақ, қағаз бетіне жазылған әріптер, арапша дыбысталуы, сиясы, қағазы т.б. көзге көрініп, қолға ұсталатын материалдары – жаратылған. Алла тағаланың сөйлеуі – дыбыстардан, әріптерден құралмайды[8]. 

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:

Құран – Алланың сөзі және (ол) жаратылмаған. Ол - Алланың уахиы, (Мұхаммедке ғ.с.) түсірген (кітабы)... Ол  (Алланың сөзі) – қағазға (әріптер арқылы) жазылған, тілдерде (әріптермен дыбысталып) оқылған, көкейде сақтаулы, бірақ оларға енбеген  غَيْرُ حَالّ فِيهَا. Сия, қағаз, жазу адамның істері болғандықтан, олардың бәрі жаратылған...»[9]

Сәләфизм ағымында: Құран Кәрім – Алланың сөзі. Алла тарапынан түскен және мағыналарымен қоса әріптері де жаратылмаған. Кім Құранды жаратылған деп есептесе, кәпір болғаны. Әріптері жағынан да, мағынасы жағынан да Алланың сөзі ретінде саналады. Алла сол арқылы сөйледі. Жебірейіл періште оны естіп, Мұхаммед пайғамбарға жеткізді. Құран әріптерімен және мағыналарымен қоса, «Лаухул Махфузда» бар[10].

(АбдулЪазиз ибн Абдулла ибн Бәз)

 

3. Алланың кәләм сипаты

Мәтуриди мәзхабында: Алланың кәләм-сөйлеуші сипаты - өзінен ажырамас, әзәли, мәңгі сипаты болып табылады. Алланың сөйлеуі әріптерден және дыбыстардан құралмаған. Сондай-ақ, бөлшектеніп, бөлімдерге бөлінбейді[11]. Өйткені, әріптер мен дыбыстар жаратылған. Алла тағалаға кейіннен жаратылатын құбылыстар тән емес.

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың кәләм-сөйлеуші сипаты бары рас. Бірақ, Оның сөйлеуі өзінің ұлықтығына сай әріптен және дыбыстан тұрады.

 4. «Истиуә» мәселесі

Мәтуриди мәзхабы: Имам Мәтуриди былай дейді:

 «...Аяттағы «истиуә» сөзінің астарында Алла тағала нені көздеп тұрған болса, біз соған иман етеміз. Тура осы секілді, «Алланың (қияметте) көрінуі»  және т.б. соған ұқсас тақырыптарда айтылған Иләһи сөздерге  (мағына беретін кезде) Алланы жаратылыстарға ұқсатудан (тәшбиһтен) аулақ болуымыз керек.  Және (ондай аяттарды түсіндіргенде) «оның мағынасы мынадай» деп кесіп айтпастан, астарында Алла нені көздеп, мақсат етіп тұрған болса, соған иман етуіміз тиіс»[12]

Сәләфизм ағымында: Ибн Бәз былай дейді:

«Истиуә» - Алла Тағаланың өзінің ұлықтығына сай Арштың жоғарғы жағына биіктеуі (әл-Ъулу) және көтерілуі (иртифаъ) деген мағынада келтірілген. Бұның «Қалай екендігін?» тек өзі ғана біледі»[13].

5. Құран мен хадистерде кездесетін мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздер

Мәтуриди мәзхабында: "Мүтәшәбих" аяттарға қатысты Имам Мәтуриди былай деп кетеді:

«...«Алланың көрінуі» т.б. соған ұқсас мәселелерге қатысты Құранда келген аяттарды түсінетін кезде, «тәшбих» жасамау (жаратылыстарға ұқсатпау) ләзім. Және оның мағынасы мынадай деп кесіп айтпастан, ондағы Алла тағала нені мақсат еткен болса, соған иман ету керек»[14]

Сәләфизм ағымында: Сәләфтар Құран аяттары мен хадистерде кездесетін «қол», «аяқ», «көз», «балтыр», «саусақтар» т.б. мүтәшәбих (ауыспалы мағынасы бар) сөздерді сөзбе-сөз қабылдап, тікелей мағынада түсіндіреді.

Мысалы, Ибн Бәздан шәкірттерінің бірі Алла Тағаланың "саусағына" қатысты айтылған хадис жайында:«Хадистегі айтылған "саусақ" сандық тұрғыда ма? Яғни, Саусақтары бесеу ме?» - деп сұрайды. Сонда Ибн Бәз:«Иә, неге десеңіз, "саусақтары" барлық жаратылысты қапсыра ұстап тұр», - дей келе, Алла тағаланың да адамдардікіне ұқсас «бес саусағының» бар екендігін айтқан.   

"Мәсәилу әл-Имами Ибн Бәз"

 

6. Намаз оқымаған адамның үкімі

Мәтуриди мәзхабында: Өзін Алланың құлы, Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеті деп санап, мұсылмандығын жасырмай жүрген адам, намаз, ораза, зекет сияқты дін бұйрықтарын орындамағаны үшін, Алланың алдында жауапқа тартылатыны анық, алайда олар кәпір емес[15].  

Ханафи мәзхабында, намазды тастап қойған мұсылман тұтқындалып, қайта намазды бастағанға дейін қамауға алынады. 

Сәләфизм ағымында: Сәләфилер намаз оқымаған адамды кәпір деп есептейді. Намазды тастап қойған адам, діннен шығып, кәпір болады. Әйелімен арасындағы некесі бұзылады. Оның сойған малы адал емес. Өлсе, мұсылманның қабіріне көмілмейді[16].

 

7. Пайғамбарлық және мұғжиза

Мәтуриди мәзхабында: Пайғамбардың пайғамбарлығы оның көрсеткен мұғжизасымен дәлелденеді.

Сәләфизм ағымында: Пайғамбардың пайғамбарлығы мұғжизамен дәлелденуі шарт емес.

 

8. Алла Тағаланың ақіретте көрінуі

Мәтуриди мәзхабында: Жәннәт жұртшылығына Алла Тағаланың көрінетіндігі шындық. Бірақ, кескін-кейіпсіз (билә кәйфия), еш нәрсеге ұқсамайтын күйі және бағытсыз көрінеді (яғни, оң жақта, сол жақта, үстінде, астында деген сияқты бағытта емес)[17].

Сәләфизм ағымында: Алла Тағаланың жәннәттағыларға көрінері хақ. Бірақ, белгілі бағытта көрінеді. Дәлірек айтқанда, Алла тағаланы жоғарғы жақта көреміз. Хадистерде «көрінеді» делінген. Ал, көрінетін зат белгілі тұста болуы тиіс[18].

 

 9. Иман - жүрекпен растау

Мәтуриди мәзхабында: Иман дегеніміз - тілмен айтып, жүрекпен нану (растау, құптау, яғни «тасдиқ»)[19]. 

Сәләфизм ағымында: Сөздік тұрғыда «иман» - басқа, «тастиқ-растау» - басқа. «Иман ету» сөзі көбіне ғайыпқа қатысты мәселелерде қолданылады. Сондай-ақ, иман - жүрекпен сеніп, тілмен айту және дін бұйрықтарын орындау. Амалдар - иманмен бір бүтін.

 

10. Иманның артуы және кемуі

Мәтуриди мәзхабында: Иман - артпайды және кемімейді. Дәлірек айтқанда, иман - сан жағынан (кәммият) артпайды және кемімейді. Бірақ, сапа жағынан (кәйфият) артады және кемиді.

Амал - иманнан бөлек. Иман - тасдиқ және иқрардан, яғни, жүрекпен растап, тілмен айтудан тұрады. «Растау ісі» өз алдына алып қарағанда, артуды немесе кемуді қабыл етпейді.   

Сәләфизм ағымында: Иман - басқа, тастиқ (растау) - басқа. Сондықтан да, иман артады және кемиді[20].

 

11. «Ин’шаАлла мұсылманмын» деп айту

Мәтуриди мәзхабында: Кісі мүмін-мұсылман екендігін нақты, ешқандай шартты рай түріндегі немесе «истисна» түріндегі сөздерді қолданбастан білдіруі тиіс (Истисна - бірақ, алайда т.б. сияқты бөлектеп тұратын сөздер). Сондықтан, «ин’шаАлла» (мұсылманмын) деп айтпауы керек (өйткені, бұл - мұсылман екендігіне сенімді емес адамның сөзі)... Ұлы-Азиз Алла: «Біз Аллаға иман еттік деп айтыңдар!...», - дей келе мүмін екенін нақты білдіруді ұнатқан...[21]  

Сәләфизм ағымында: Иман – жүрекпен сену, тілмен айту және амал ету. «Ин’шаАлла мұсылманмын»деп айтудың ешбір әбестігі жоқ.  Иман – дін бұйрықтарын екі етпей орындауды керек етеді. Ендігі жерде, ешкім «дін бұйрықтарын толық орындап жүрмін» деп кесіп айта алмасы анық.  Өйткені, бұны нақты білмейді. Сол себепті де «Ин’шаАлла мүмін-мұсылманмын» деп айтады[22]. 

 

12. Ауыр күнә істеуші

Мәтуриди мәзхабында: Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Әйтсе де, жасаған күнәсін күнә емес деп есептеп, халалға шығарса, кәпір болады»[23]

Сәләфизм ағымында: Ауыр күнә жасаған мүмінді кәпір демейтіні рас. Ол – күнәһар мұсылман. Бірақ, жасаған күнәсі жүрегіндегі иманына әсерін тигізбейді дегенге қарсы. Өйткені, иман – ол жүрекпен сеніп, тілмен айту және іс-әрекетпен көрсету. Күнә істері себепті, иманы әлсірейді. Дін бұйрықтарын орындаса, иманы күшейеді[24].

ЕСКЕРТУ: 

"Сәләф жолы"  мен "Сәләфизм" ағымы арасындағы айырмашылыққа келесі жазбамызда тоқталатын боламыз.


[1] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 200-бет. 2006 ж.
[2] Имам Әбу Юср Бәздәуи, «Усулуд дин».
[3] Әбу Ханифа, «Фиқһул Әбсәт».
[4] Ақидатут Тахауия.
[5] Шарху китаби Тәһзибил Иътимад фил Иътиқад.
[6] http://www.binbaz.org.sa/
[7] Ибн Бәз, «Шурухул Уәфия».
[8] Фиқһул әкбәр шархы, әл-Мәтуриди; Имам Сабуни, «Бидая».
[9] Имам Ағзам Әбу Ханифа, «әл-Уасия».
[10] http://www.binbaz.org.sa/node/10318
[11] Имам Субуни, «әл-Бидая».
[12] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид: «Бәянул Ъарш».
[13] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 219-бет. 2006 ж.
[14] Имам Матуриди: Китабут Таухид -Бәянул ъарш уәл қаулу бил мәкән- 136 бет. Байрут-Любнән. 
[15] Әбу Ханифа, «Фиқһул әкбәр».
[16] Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 74-бет. 2006 ж.
 مجموع فتاوى و رسائل الشيخ محمد صالح العثيمينhttp://ar.islamway.net/fatwa/14233; http://www.binbaz.org.sa/node/20302
[17] ӘБу Ханифа, «әо-Уәсия»; Имам Мәтуриди, «Китабут таухид».
[18] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима».
[19] әл-Бәбәрти – Шарху Уасыяти Әби Ханифа; Мулла Алиюл Қари – Шархул Фиқһил Акбәр; әл-Ғазнәуи – Шарху ъақидатил Имам Ат-Тахауи; 4.әл-Бәбәрти – Шарху әл-Ъақитатит Тахауия; 5.Тафтазани – Шарху ъақидатун Нәсәфия; 6.ас-Сабуни – әл-Бидая
[20] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима».
[21] Имам Мәтуриди, «Китабут Таухид».
[22] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 428 бет. «Дарул ъасима»; Холид ибн Абдуррахман,«Фәтәуә ғуләмә әл-Бәләдил Харом», 224-бет. 2006 ж.;  
[23] Әбу Ханифа, «Фиқһул әкбар»
[24] Ахмәд ибн ЪаузуЛлаһ, «әл-Мәтуридия», 488-бет. «Дарул ъасима».

Абдусамат Қасым

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 4995
0 комментариев
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296