Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Өлгеннен кейін қайта тірілу (12-ереже, 1-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Өлгеннен кейін қайта тірілу (12-ереже, 1-бөлім)

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уәсия, ОН ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ
(І-бөлім) 
(Кітаптың өзге бөлімдерін төменде көрсетілген сілтеме бойынша оқи аласыз!)
Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді:
  • «Біздің сеніміміз бойынша, Алла тағала барлық жанды өлгеннен кейін тірілтеді. (Күнәһарларды) жазалап, (тақуаларды) жарылқау үшін және (кімнің ақысы желінген болса, солардың) ақыларын қайтару үшін, мөлшері елу мың жылға татитын күні (барлық жанды) қайта тірілтеді. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Күмәнсіз Алла тағала қабірдегілерді қайта тірілтеді», - деген. (Хаж сүресі, 7-аят.).  

Түсіндірме:

Өлгеннен кейін, қиямет күні қайта тірілу – Исламдағы иман негіздерінің бірі болып табылады. Бұны жоққа шығарып, өтіріксінген адам - кәпір.

Ақыр заманда екі рет сүр үрленеді. «Сүр» деп, араб тілінде кернейді айтамыз[1]. Бірінші сүр үрленгенде дүниенің астаң-кестеңі шығып, тіршілік тоқтайды. Тірі жанның бәрі өледі. Бұл сәтті - «Саъқ-өлім» сәті дейміз. Тек, Алла тағала қалаған жаратылыс қана тірі қалады.

Екінші рет сүр үрленгенде рухтар өз денелеріне кіріп, қайта тірілу сәті болады. Бұл сәтті - «әл-Баъс» дейміз. Құран Кәрімде бұл құбылыс былай баян етілген:

 «Сүр үрленген күні, Алла өзі қалаған жаратылыстардан басқа, жер мен көктегілердің барлығы өледі. Сүр екінші рет үрленгенде, бәрі орындарынан тұрып, (бұйрықты) күтіп тұрады». (Құран Кәрім, Зүмәр сүресі.) [2].
 «Олардың күтетіні - бір дабыл ғана. Ол дабыл олардың дау-дабыра жасап тұрған шағында қағылады да, бәрін жоқ қылады. Сонда олар өзара өсиет те қалдыра алмайды, үйлеріне жете де алмай қалады. Сүр үрленген сәтте-ақ көрлерінен көтеріліп, Құдай жаққа жүгіреді. «Апыра-ай! Ұйықтап жатқан жерімізден бізді кім оятты?» - деседі олар. Рақымды Алланың берген уәдесі осы. Пайғамбарлар рас айтқан. Тек жалғыз ғана дауыспен (немесе сүр үрлеумен) олардың бәрі біздің алдымызға келеді. Ол күнде ешбір адамға қылдай қиянат жасалмайды, тек қылмыстарына орай жаза беріледі». (Құран Кәрім, Йә-син сүресі) [3].

Бухари мен Мүслімде келтірілген хадисте сахаба Әбу Һурайра былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у.) "Екі сүр арасы қырық..." деген». Сонда, айналадағылар Әбу Һурайрадан:

- Уә, Әбу Һурайра! Қырық күн ба? – деп сұрайды.

- Нақты айта алмаймын – деп жауап береді.

- Қырық ай ма?

- Нақты айталмаймын

- Қырық жыл шығар?

- Нақты айталмаймын – дейді де Әбу Һурайра Пайғамбар сөзін әрі қарай былай жалғастырады – Сүр үрленгеннен кейін Алла аспаннан жаңбыр жаудырады. Құдды, өсіп шыққан шөп тәріздес, адамдар да тіріледі (хадистің мәтінінде өсіп шығады делінген). (Өлген) Адамның шірімейтін ағзасы жоқ. Бірақ шірімейтін бір сүйегі бар, ол – құйымшақ. Қиямет күні әрбір жаратылыс сол құйымшақтан құралатын болады»[4]. 

Құрметті оқырман, Алла тағаланың құдіретімен жүз мыңдаған жыл бойы шіріп, жоқ болған дене қайта бәз қалпына оралады. Жаратушының бұйрығымен әрбір рух өзінің денесін тауып кіреді. Мұны «нәшр» дейміз.

Адамдарды қабірінен тұрғызып, жалаң аяқ, жалаңаш, сүндетсіз махшар майданына жинайды.  Мұны «хашр»дейміз.

Хадисте: «Адамдар қиямет күні жалаң аяқ, жалаңаш және сүндетсіз жиналады...», - делінген[5].

Қиямет күні Алланың алдына жиналған уақытымызда,  осы дүниеде әлдекімнің ақысын жеген болсақ, яки, баз біреуге қиянат еткен болсақ оның ақысы бізден алынып, егесіне беріледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған қатысты былай деген:

«Кімде-кім өзінің (дін) бауырының намысына тиіп немесе басқалай ренжітіп, зұлымдық еткен болса, ертеңге қалдырмай кешірім сұрасын. Алтын динары да, күміс дирхамы да болмайтын ол күні (кеш болады). Себебі, (о күні) істеген жақсы амалының сауабынан жасаған зұлымдығының мөлшеріндей алынады (зұлым еткен, ақысын жеген адамына беріледі). (Алда-жалда), істеген жақсы амалы болмай шықса, оның күнәсін алып, мойнына жүктейді»[6].

Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Бәрін жоғалтып, тақырға отырған адамның кім екенін білесіңдер ме? Менің үмметімнің ішіндегі тақырға отырған адам – қиямет күні оқыған намазын, тұтқан оразасын, берген зекетін ала келгенімен, осы дүниеде пәленшеге тіл тигізіп, түгеншеге жала жапса, тағы біреудің дүниесіне қол сұғып, пәленшенің қанын төккен адам. Оның сауабынан алынып анаған беріледі, мынаған беріледі. Мойнындағы өзгенің ақысын толық өтеп бітпей сауабы таусылып қалса, әлгілердің күнәларын өзіне алады. Содан кейін, ол адам тозаққа тасталады (осы дүниеде жасаған құлшылықтарының пайдасы болмай қалады)», - деген.[7]  

- Шетінеген түсіктің жағдай не болмақ? Олар да қайта тіріледі ме?

-Имам Ағзам Әбу Ханифаның айтуынша, рух үрленгеннен кейін, яғни, жан біткеннен кейін шетінеген жағдайда түсіктің дене ағзалары толық құралмаған болса дағы, қайта (ағзалары толық құралған күйі) тіріледі[8].

-Жан-жануар, жәндіктер де тіріледі ме?

-Хадистерге қарасақ, қиямет күні адам және жындармен қоса, жан-жануарлар да тіріледі. Олардың да ақысын өзгеге жегізбей, сол күні алып береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Қиямет күні әркімнің ақысы иесіне сөзсіз қайтарылады. Тіпті мүйізсіз қойдың ақысын, оны сүзген мүйізді қойдан алып береді»[9], - деген.

-Жан-жануарлардың ақылары алынып болғаннан кейін, қайда барады?

-Ғұлама Ибн Жәрир ат-Табари (м.ж. 838-923) өзінің әйгілі Құран тәпсірінде мынадай риуаят келтіреді.  Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен Хадисте Алла елшісі: «(Қиямет күні) Алла тағала өзінің жаратылыстарына, яғни жын, адам және жануарларға  қазылық етеді. Ол мүйізсіздің ақысын, мүйіздіден алып береді. Қашан ешкімнің ешкімде алашағы қалмаған кезде, Алла тағала оларға (жануарларға): «Топырақ боп кетіңдер», - деп бұйырады. Осыны көріп тұрған Кәпір: «Шіркін-ай, мен де топырақ боп кетсем екен», - дейді»[10] - дей келе, жануарлардың ақысы алынып болғаннан соң, оларды топыраққа айналдыратынын айтуда.

- Адамдардан басқа пейішке кіретін жан-жануарлар бар ма?

-Кейбір деректерде жәннатқа кіретін бес жануардың аты аталады (кейбірі он деген). Олар - Асхабул Кәһфтің (үңгір иелерінің) иті[11], Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Исмаилдің (ғ.с.) қошқары, Салих пайғамбардың (ғ.с.) түйесі, Үзейрдің (ғ.с.) есегі және Пайғамбарымызды (с.а.у.) миғражға көтерген Бұрақ есімді жануар[12].

Дегенмен, бұл жайында айтылған сахих (дұрыс) хадис жоқ дейді дін мамандары. Сол себептен аталмыш жануарлардың жәннатқа кіретіндігін нақты кесіп айту қиын. 

-Имам Ағзамның «Ол күннің ұзақтығы елу мың жылға тең» деген сөзінің мәнісі неде? Оны неге айтқан?

-Құран Кәрім, Маъариж сүресінде: «Оған періштелер мен Жебірейіл (Ғ.С.) мөлшері елу мың жылға татитын күні шығады», - делінген. Осы аяттағы «елу мың жылға татитын күн» сөзін тәпсіршілер «қиямет күні» деп түсіндірген.     

Хадис кітаптарында бұл жайында былай деп келеді: «жартысының өзі елу мың жылға татитын күні адамдар әлемдердің Раббысының алдында тұрады» [13].

Сонда сахаба Әбу Саъид әл-Худри: «Уә Расулалла! Ол күннің мөлшері елу мың жылға татиды дейді. Неткен ұзақ күн еді?» - деп таң қалып сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, ол күн - мүмін-мұсылманға өте жеңіл күн болады. Тіпті, осы дүниедегі оқыған бес уақыт намазынан да жеңіл болады», - деп жауап береді[14].   

Демек жоғарыда ғалымның айтпағы: ол күннің елу мың жылға татитындығын мойындаймыз. Себебі, бұл уақыт Құран аяттары мен хадистерде айтылған. 

Қорытынды:

Әһли сүннет сенімі бойынша, Алла тағала қиямет күні барлық жанды тірілтеді. Бұл құбылыс тек рухани тұрғыда ғана емес, жисмани, яғни, шіріп кеткен дене бəз қалпына келіп, әрбір рух өз денесіне қайта кіріп, денеге жан біту арқылы жүзеге асады. «Қалайша шіріп, жоқ болған дене қалпына келеді?» деген сауал туындауы мүмкін. Оған Жаратушымыз өзінің қасиетті кітабында былайша жауап береді: «Өздерінің (о баста ана құрсағында) қалай жаратылғанымен жұмыстары жоқ. «Шіріп кеткен сүйектерді кім тірілте алады?» - деп бізге дәлел айтқысы келеді. Сен айт: «Әу бәста (ана құрсағында) кім жаратқан болса, міне сол (оларды) қайта тірілтеді. Ол бар нәрсені біліп тұрады» - де. Сендер үшін Алла жап-жасыл ағаштан от пайда қылды. Сендер одан от алып жағасыңдар. Көкті, жерді жаратқан Алла оларға ұқсасын (қайта) жарата алмайды ма? Ол, жаратушы, аса білгір. Бірер затты жаратқысы келсе: «Бол» - дейді, бола қалады»[15].   (Жалғасы бар...)

(әл-Уәсия кітабының өзге бөлімдерін мына сілтемеге кіріп оқуға болады: http://islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/#gsc.tab=0 )


[1] Мойнын ұзынша етіп, жезден жасаған үрлемелі музыкалық аспап.
[2] Зүмәр сүресі, 68-аят.
[3] Йә-син сүресі, 49-54 аяттар.
[4] Сахих Бухари, «Китабу тафсирул Құран, сура ъамма ятасаәлун». №4579 хадис. 
[5] Тирмизи сүнәні, «китабу Сиффатил қияма». №2423 хадис.
[6] Бухари - №2449 хадис. Әбу Һурайрадан риуаят етілген.
[7] Муслим - №2581 хадис.
[8] Мула Алиюл Қари, «Шарху Фиқһил Әкбәр». 29-бет.
[9] Ахмед ибн Ханбәл: - №7163; Тирмизи - №2420 хадис.; Муслим: Китабул бирр – Бәбу Тахрими аз-Зулм - №4685 хадис.
[10] Ибн Жәрир әт-Табари: Нәбә сүресі тәпсірі, 40-аят.
[11] Әсхабул Кәһф – Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.у.) бұрын Иса пайғамбардың (ғ.с.) тәлімі негізінде мұсылман болған жас жігіттер. Сенімдері себепті  өздеріне көрсетілген зұлымдықтан қашып, бір үңгірге тығылады. Сол уақытта Алла тағала оларды ұзақ уақытқа ұйқыға жібереді. Олардың оқиғасы Құран Кәрімнің Кәһф сүресінде баян етілген.
[12] Ибн Нужейм: әл- Әшбәх – әл-Фаннус Сәлис минәл Әшбәһ, Қоғидату: әл-Муфрад әл-Музаф илә Маърифатин Лил Ъумум. 
[13] Зайлағи, «Мәжмаъуз зәуәид». Китабул Баъс. №18348 хадис.
[14] Зайлағи, «Мәжмаъуз зәуәид». Китабул Баъс. №18347 хадис.
[15] Ясин сүрес, 78-82 аяттар.

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 5351
0 комментариев
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296