ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ. ЕСI АУЫСҚАНДАР (ӘҢГІМЕ)
ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ. ЕСI АУЫСҚАНДАР (ӘҢГІМЕ)

 

Үлкен қақпаның түбiнде жаяулар кiрiп-шығатын тар есiк бар. Не үшiн екен, осы есiктен кiрген сайын Едiлдi бiр оқшау сезiм билеп алады. Қалай атауға болады? Бейне әлдебiр шекарадан аттаған сияқты ма, немесе бiр елден заң-закүнi бөлек, басқа бiр елге өтiп бара жатқандай ма, әйтеуiр соған ұқсас бiрдеңе. Осы ауруханаға дәрiгер болып келгенiне, мiне, ширек ғасырдан асты ғой. Жаңағы төтенше сезiмнен бұл бiр рет те арылған емес.

Әдетте жүйке аурулары емханасын былайғы жұрт жалпақ тiлмен “жындыхана” деп атайды. Мемлекет iшiндегi мемлекет сияқты, төңiрегiн түйе бойы қорғанмен қоршаған, осынау түр-сипаты бөлек емдеу орны, неге екенi белгiсiз, қаланың қақ ортасына орналасыпты. Абай даңғылы мен Наурызбай батыр көшесi. Сiрә, бiр кезде бұл ара қаланың ортасы болмаса керек. Қазiргi Абай даңғылы онда қала көшелерiне су жiберетiн бас арық болған деседi. Айтпақшы, жындыханаға таяу, Наурызбай батыр көшесiнде, бiр кезде КГБ-ның кеңсесi болған. Кiмнiң есi дұрыс, кiмнiң есi дұрыс емес екенiн айыратын сол мекеме мына емдеу орнын өздерiне жақын жерден әдейi ашқан деген сөз бар. Бертiнде естiр құлаққа ыңғайсыз емхананы қала сыртына шығару жайында талай мәрте сөз болды. Бiрақ есi дұрыстар өздерiне қаржы жеткiзе алмай жүргенде, есi ауысқандарды қайтсiн, бұл мекеменi көшiру әзiрше ешбiр жоспарға енбей-ақ келедi.

Едiл мединститутты жаңа бiтiрген жастау кезiнде “жындыханада жұмыс iстеймiн” деуге бiртүрлi арланушы едi. Қазiр әбден етi өлiп, үйренiп кеттi. Оның үстiне, қызмет орны орталықта, үйiне бiр табан жақын, ерiнбесе, жаяу қатынауға да болады. Тек үйрене алмай жүргенi есiктен кiрердегi жаңағы бiр сезiм. Сонан соң ауыр тиетiнi – биiк қорған, темiр қақпа, шойын есiк, терезе сыртын торлаған бiлектей бел темiрлер…

Мiне, ол бүгiн де есiктен кiрiп келе жатып, күндегi үйреншiктi сезiмдi тағы да бастан кешiрдi. Бұл бейне қаланың қақ ортасындағы Ватиканға бет алған Рим Папасы секiлдi. Мемлекет iшiндегi мемлекет, қоғам iшiндегi қоғам. Бiрiнде – денi саулар, екiншiсiнде – есi ауысқандар. Кейде осылардың сауы қайсы, ауруы қайсы, ажырата алмай қаласың… Бүгiн де сол баяғы көрiнiстер. Мұнда негiзiнен еркектер жұмыс iстейдi. Еркек болғанда, бiр кiсiге шамасы еркiн келетiн атпал азаматтар. Немесе еркекке бергiсiз әйелдер. Алыса кетсе, анау-мынау жiгiтiңдi алып ұратын адуындар. Психтар мiнез көрсетсе болғаны, дереу қолын қайырып, ұзын жеңдi кенеп көйлекпен матап тастайтын хас шеберлер.

Мiне, дәлiзде емдеу бөлiмiнiң меңгерушiсi Антонина Петровна жолығып қалды. Осылар қай кезде келiп үлгередi? Омыраулы келген, ауыр салмақты алып әйел еденнiң ескi тақтайын сықырлата басып келедi екен.

– Сәламатсыз ба, Едiл Ермекбаевич. Бүгiн қалай демалдыңыз? – деген өтiп бара жатып.

– Шүкiр. Жаман емес… Бүгiн сiз де құлпырып кетiпсiз.

Едiлдiң бас дәрiгердiң орынбасары деген өзiне шақ лауазымы бар. Оған қолы жеткенi де соңғы бес-алты жылдың төңiрегi. Кезiнде бас дәрiгерлiктен де дәмесi болған. Сөйтсе, ондай орынға бұл сияқтыларды алмайды екен. Оған Едiлден гөрi пысықтау, жоғарғы жақпен байланысы бар, саясатпен төрт аяғы бiрдей тағаланған, белсендi адам керек көрiнедi. Ауруханаға кiмдi алып, кiмдi  алмау, адамдардың қайсысының есi дұрыс, қайсысының есi ауысқан, мұны ажырату – жатқан бiр саясат. Соңғы жылдары аурухана көлемi кеңейдi. Бұрын алкогольден емдеу бөлiмi бар-тұғын. Кейiн есiрткiге қарсы наркология бөлiмi ашылды. Мұнда алқаштарды “Алик” деп, наркомандарды “Нарик” деп атайды. Қазiр, несiн айтасың, Алик қайсы, Нарик қайсы, кәдуiлгi жынды қайсы – ажыратудың өзi қиындап барады.

Бас дәрiгер таяуда демалысқа кеткен. Едiл кабинетiне кiрiп, әртүрлi қағаздарға қол қойып, бiраз бөгелдi. Әдет бойынша, күнiне бiр бөлiмнiң есебiн тыңдайтын. Бүгiн Антонина Петровнаның кезегi екен. Обалы кәнеки, бұл әйел өз қызметiне ұқыпты-ақ. Кеңседе өзiне де, өзгеге де маза бермейтiн бiр iскер адамдар болады ғой. Антонина Петровна – солардың сортынан. Қағаздағы шаруаларды реттеп тастаған соң, Едiл қасына “нөкерлерiн” ертiп, сол бөлiмге “обход” жасады. Таяуда босаған екi-үш төсекке жаңа науқастар түскен екен, солардың “ауру тарихына” көз жүгiрттi. Аурухана көлемiнде бәлендей алып бара жатқан айрықша “ЧП” жоқ, баяу жылжып өтiп жатқан қалыпты тiршiлiк. Қазiр жаз ортасы ғой. Қыс пен жазда мұндағы жындылар байсал тартады. Жүйке ауруларының айрықша қозатын кезi – күз бен көктем. Қазақ оны “құс қанаты” дейдi. Құспен бiрге “жындыларың” неге көтерiлетiнiн ғылым әлi анықтаған жоқ.

Едiл iшкi емдеу шараларын бiр ыңғайлап тастаған соң, күндегi әдетiнше аулаға шықты. Қазiр жаз мезгiлi, науқастар ертеңгi астарын iшiп, укол, дәрiлерiн қабылдап, дәрiгердiң қарауынан өткен, көбiнше аулада жүредi. Оларды палатадан гөрi осылай бостандықта жүргенде бақылаған пайдалы. Науқастардың өзгеше қырынан, өз мiнезiмен көрiнетiн тұсы – осындай еркiндiкте жүретiн серуен кезi. Оқта-текте нормадан шығып кететiнi болмаса, бұлардың көп қылықтары кәдiмгi сау адам секiлдi. Әне, беседкаға жайғасқан төрт-бесеуi  қарта ойнап отыр. Шахмат пен дойбыны ермек қылатындары да бар. Едiл мұндағы науқастарды түгелге жуық таниды. Кезегiмен емделiп, жылдам шығып жататын екiншi корпустағы “аликтер” мен “нариктер” болмаса, қалған көпшiлiгi – осында айлап, жылдап жататындар. Бiрталайының өз лақап аттары бар.

Әне, анау бiр теректiң түбiнде “чемпионның” тұрғаны байқалады. Шын аты – Бәкеш. Қолында боксердiң тозығы жеткен былғары қолғабы бар. Теректiң бұтағына әлдебiр терi тұлыпты асып қойып, түйгiштеп жататыны болушы едi. Бүгiн басқа позада тұр екен. Жай емес, “қорғаныста” тұр. Боксердiң қарсыласын аңдып тұрған сәтi. Екi қолын маңдайына түйiстiрiп, аяғын алшайта басып, сәл еңкейген күйi қатып қалған. Бәкеш кезiнде әжептәуiр спортшы болған деседi. Бокстан I разряды бар. Рингте миы шайқалған ба, әлде басқадай себебi бар ма, бишара отызға толмай қор болыпты. Қазiр оның жаздық олимпиадаға “дайындалып” жатқан кезi. Едiл дәл қасынан өттi, бiрақ Бәкеш “позасын” бұзған жоқ.

Ана бiр жылдары бұл ауруханада “ұлы адамдар” тiптi көп болатын. Шетiнен “Наполеон”, “Суворов”, “Жуков” болып жүргендерi. Қазiр солар азайды. “Қолбасылардың” көбi – соғысқа қатысқан майдангерлер едi, сiрә, жаңағы “Наполеондар” мен “Суворовтар” жастары жетiп, әр жылдары бұл тiрлiкпен қоштасты-ау деймiн.

Бiрақ аурухана “ұлылардан” қазiр де құр емес. Заманына қарай, олардың орнын “президенттер”, “чемпиондар”, “гроссмейстерлер” басты. Мiне, шахмат тақтасын қолтығына қысып, қарсы алдынан “Роберт Фишер” шыға келдi. “Ұлы шахматшы”. Басқаны мойындамайды, пiр тұтатыны – Фишер ғана. Оның жүрiстерiн жатқа бiледi. Ұлты – әлде немiс, әлде еврей. Шахматтан осындағыларды бет қаратпай ұтатын көрiнедi. Едiлдiң қасынан өте берiп:

– Дәрiгер мырза, менiмен бiр партия шахмат ойнауға қалайсыз? – дедi бұған бiртүрлi қиястана, шалықтай қарап. Бұларға дұрыс жауап қайтармасаң тағы пәле.

– Тағы бiрде ойнармыз. Бүгiн уақыт жоқ, – дедi Едiл жүре жауап берiп.

– Бiлем, қорқасыз ғой, ә? Жеңiлiп қалам деп қорқасыз! – дедi “Фишер” бет-аузы жайыла, ыржалақтай күлiп.

Құдай жынды қылмасын. Осылар зерiктiрмейдi, әйтеуiр. Адамның ойына келмейтiн небiр қызықты ойлап табады ғой. Едiл бас корпусты айналып, терiскей бетке  өте бергенi сол едi, құлағына саңқылдаған әлдебiр үн естiлдi. Бiркелкi төселген дауыс. Мiнберге шыққан шешендей суырыла соғып тұр. Едiл бiрден таныды: сөйлеп тұрған – “президент” екен. Е, бәсе, басқа кiм болушы едi?! Көлеңкеге он шақты жындыны иiрiп қойып, сөз сөйлеп тұрған кәдiмгi Айшуақ. Ленинге елiктеп, оң қолын оңды-солды сермеп сөйлейдi. Сол қолтығында – әбден ақжемi шыққан көнетоз папка. Оның iшi толған газет қиындылары, интернеттен көшiрiлген неше алуан цифрлар мен деректер… Ал өзi, обалы нешiк, қара сөзге ұрып тұр. Кезiнде республикада комсомол көсемдерiнiң бiрi болған деседi. Сөз сөйлеуге сол кезде машыққан. Ал ендi “президент” аталатын себебi, ана жылы президент сайлауы кезiнде, Айшуақ баламалы түрде өз кандидатурасын  ұсынған екен, оны әлдебiр себеппен тiркемей қойыпты, сiрә, денсаулығынан бiр кiлтипан тапса керек. Бiрақ ол оған қарамай, “сайлау науқанын” өзiнше жүргiзе берген. Бүгiнгi билiкке қарсы әр      алуан сөздер айтқан ба… Есi дұрыс адам сөйте ме? Содан қоғам қауiпсiздiгi мекемесi Айшуақтың есi ауыса бастағанын дер кезiнде бiлген де, осында әкелiп тыққан. Қазiр де оның түп иесi – сол мекеме. Анда-санда келiп, жағдайын бiлiп тұрады. Ем-домы, жатын орны ақылы, ай сайын ақша аударып отырады.

Едiл теректiң далдасында тұрып, Айшуақтың сөзiне бiр сәт құлақ түрдi. Жындыға не дауа, оның қазiргi айтып тұрғаны да – естiр құлаққа түрпiдей тиетiн сұмдық нәрселер. Егер мына сөздердi басқа бiр жерде Айшуақтан өзге бiреу айтса, қолма-қол апарып, қамап тастар едi. Амал не, жындыға сот жоқ. Жындыханада бәрiн айта беруге болады. Дүниедегi ең демократияшыл орын осы. Бұл – шын қоғам емес қой, есi ауысқандар мекенi. Қалыпты адамдар тұратын үлкен қаладағы кiшкентай арал. Бұл жерден не ақыл сұрайсың? Ал қақпадан ары аттап шықсаң: нұрлы әлем, жарқын болашақ. Елу елдiң қатарына қосыламыз деп, күресiп жатқан жұрт.

Жындымысың деген ғой, мына Айшуақ өмiрдiң өңiн айналдырып, басқаша айтып тұр. “Бiз ауру емеспiз. Ауруға шалдыққан нағыз дерттi қоғам – сыртта, көшеде, – дейдi ол. – Қазақстан – жемқорлар жайлаған ел… Қазақ жерiнiң бар байлығы – тақта отырғандар мен солармен жемтiктес шетелдiк алпауыттардың қолында, – деп қолындағы қағаздан неше алуан деректер келтiредi. – Сендердiң “билеушi партия” деп жүргендерiң – партия емес, жiлiктiң майлы басын ұстап, жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың одағы. Бұлардың бiр-бiрiне шаң жуытпай қызғыштай қоритыны содан. Баяғы кеңес өкiметi мен КПСС сияқты… Егер бiз ұлтқа есе-теңдiк әперемiз, қоғамды қайта жаңғыртамыз десек, алдымен осы қылмыстық топты билiктен тайдыруымыз керек…”

Ал саған керек болса! Жындыңыз қалай-қалай тастайды аяқты?! Есi ауысқан адам қайдағыны айтады екен ғой. Бiр жақсысы, тыңдап тұрғандар да түгел жынды ғой. Естiгенiн қолма-қол ұмытып қалады. Мәссаған, жындыларың сатыр-сұтыр шапалақ соғып жатыр… Дегенмен, Айшуақты бұлай сарнатып қоймау керек. Дәрiнi молырақ жiберiп, бiр уақ ұйықтатып тастаған дұрыс шығар.

Дәрiгер сол оймен iшке қарай бет алған. Сонау бiр оңаша орындықта жас жiгiт кiтап оқып отыр. Қасына таяғанда таныды, анада сынақтан өтпей қалған Сабыржан ғой. Сол күнгi әңгiме есiне түсiп, Едiл ерiксiз күлдi. Ауруханаға жарым жыл сайын жоғарғы жақтан комиссия келiп, мұнда көптен ем қабылдап жатқандардың сауыққаны, ел қатарына қосылғаны бар ма деп, соларды сүзгiден өткiзетiнi бар. Сырқаттардың бәрiн емес, әрине, дәрiгерлердiң таңдап-талғап, “осы қалай” деп ұсынғандарын. Комиссия құрамында министрлiктiң өкiлдерi, қалалық басқарманың адамдары, мединститут мамандары болады. Қоғамға басы артық, зиянды элементтер өтiп кетпесiн деп, қауiпсiздiк департаментiнен де кiсiлер қатысады. Солар тiзiм бойынша науқастарды бiр-бiрден шақырып, әртүрлi сұрақтар қояды. Бейне емтихан алып отырған мұғалiмдер секiлдi. Сұраққа сау адамша дұрыс жауап бергендер комиссияның ұйғаруымен бостандыққа шығып жатады. Сұраққа дұрыс жауап бере алмай, оп-оңай жерден сүрiнiп, келесi кезекке қалатындар да аз емес.

Биыл мамыр айындағы комиссияға осы Сабыржан да жiберiлген. Былай қарасаң – сап-сау, тәртiбi де жақсы, қашан көрсең, иiлiп сәлем берiп тұрады. Қанша айтқанмен, сауаты бар жiгiт қой, өзi университеттiң үшiншi курсынан келiптi. Әлде тұқымдарында жын буған бақсы бар ма екен, бұл да қарап жүрiп шатасқан.

Бастапқы сұрақтарға Сабыржан байыппен жап-жақсы жауап бердi. Мұндайда, көбiнше, тұрмыстағы ұсақ-түйектер сұралады ғой.

 – Атың кiм?

–  Сабыржан.

– Фамилияң?

– Алдоңғаров.

– Дұрыс-ақ. Ал Сабыржан, сенi қазiр босатып жiберсек, бiрiншi кезекте не iстер едiң? – дедi мединституттан келген профессор. Өзi – жүйке ауруларының iрi маманы. Комиссия төрағасы да сол кiсi болатын.

– Пойызға билет алам да, бiрден ауылға қайтам, – дедi Сабыржан.

– Дұр-ес, өте дұрыс, – дедi профессор разы болып. – мынауың сау адамның сөзi ғой… Ал ауылға барған соң не iстейсiң?

– Ауылда қалыңдығым бар. Соған барамын…

– Мiне, тамаша! Жiгiт адам алдымен қалыңдыққа бармай қайда барады? – дедi министрлiктен келген өкiл. Бiрақ сұрақты бұрынғыша профессор қойып отыр.

– Сонан соң не iстейсiң?

– Ауыл сыртында алма бағы бар. Қалыңдығымды сол баққа ертiп барамын.

– Дұрыс-ақ, нағыз сау адамның сөзi… Иә, сонан соң не iстейсiңдер?

– Екеумiз сүйiсемiз…

– Дұрыс-ақ Логикасы темiрдей… Сонан кейiн не iстейсiңдер?

– Екеумiз көк шалғынның үстiне жантаямыз.

– Тамаша! Нормальный адамның сөзi! – дедi қалалық басқарманың адамы.

– Сөздi бөлмеңiзшi… Иә, содан кейiн не iстейсiңдер?

– Қалыңдығымның iшкиiмiн жайлап сыпырып аламын…

– Ту-ту, бәйге атындай аңқылдап тұр ғой мына жiгiт! – дедi министрлiк өкiлi шат-шадыман болып. – Әке-ау, сап-сау адамды бүгiнге дейiн қалай ұстап келгенсiңдер?

– Сонан кейiн не iстейсiңдер?

– Ар жағы түсiнiктi емес пе, несiне қазбалай бересiз? – дедi жаңағы өкiл шыдамсызданып. Бiрақ профессордың мiзбағар түрi жоқ:

– Сұраққа жауап берсiн, – дедi райынан қайтпай. – Иә, сонан кейiн не iстейсiң?

Осы араға келгенде әңгiме бүлiндi. Сабыржан комиссия мүшелерi күткен сөздi айтпай, дөйдалаға лағып кеттi.

– Сонан кейiн бе? Қалыңдығымның турсиында рәзiңке бау бар. Соны суырып аламын да, торғай ататын рогатка жасаймын…

Қап! – дедi министрлiк өкiлi санын соғып. – тәп-тәуiр келе жатып, мына иттiң бүлдiргенiн қарашы!

Сөйтiп, жас жiгiт оп-оңай сұрақтан өтпей-ақ қалғаны. Сөйтсе, жынды атану үшiн бәлендей көп дүние керек емес екен ғой. Ол үшiн қалыңдықтың рәзiңке бауынан торғай ататын рогатка жасап алсаң болғаны. Сабыржан есi дұрыс адамға айналу үшiн, ол қателiгiн қашан түзейдi, оны бiр Құдайдың өзi бiлсiн.

Осылайша, айналасы биiк дуалмен қоршалған емдеу орны өзiнiң үйреншiктi тiрлiгiн өткiзiп жатқан-ды. Өзiнiң “президентi”, өзiнiң “чемпионы”, өзiнiң “гроссмейстерi”, өзiнiң ереже-заңы бар, бұл да бiр мемлекет сияқты. Рим қаласындағы “Ватикан”. Абай даңғылынан өтетiн машиналар сарыны мұнда тек жаңғырығып қана жетедi. Сыртқы дүниемен қатынас өте сирек. Қоғамға оқта-текте сауыққан адамдарды ұзатып салып, ол жаққа симаған науқастарды қабылдап отырады.

Мiне, бүгiн де босаған төсекке тағы бiр науқас келдi. Босаған орынға емес, сол үшiн бiр төсектi әдейi босатты. Таңертең қауiпсiздiк департаментiнен телефон шалып, аса қауiптi бiр науқасқа машина жiберудi сұраған. Түске таман “жедел жәрдем” машинасымен екi санитар барып, әлгi науқасты алып та келдi. Ондай “қауiптi” ештеңесi байқалмайды. Тыныштандыру үшiн уколды аямай салып, жеңi бiр құлаш кенеп көйлекпен шаңдып, байлап тастапты. Әйтеуiр, бойында жаны бар, қалың ұйқы құшағында, әлi есi кiрмей жатыр.

Едiл оны палатаға енгiзiп, шешiндiргенде бiр-ақ көрдi: жасы отыздың iшiн ендi аралаған, ұзын бойлы, апайтөс, келiскен қазақ жiгiтi. Бетiнде, қолында жара бар. Ту сыртына, жауырыны мен белдемесiне де көгерген таңба түсiптi. Кешелi-бүгiн бiр мықты төбелестен шыққаны мен мұндалап көрiнiп тұр.

– Сiздер бұл науқасты бiзге жаңылыс әкелген жоқсыздар ма? Мұны басқа клиникаға апарып, алдымен соққының зардабын емдеу керек емес пе? – дедi Едiл науқасты осында келген қауiпсiздiк қызметкерiне қарап.

– Ештеңе етпейдi, жай, төбелестiң iзi ғой. Бiлесiз бе, бұл бiр өзi үш бiрдей кiсiнi өлiмшi етiп, мертiктiрiп кетiптi, – дедi анау сыбырға жақын бәсең үнмен.

– Адам сабап, тәртiп бұзса, полицияға тапсырмайсыз ба?

– Олар бiледi. Мұны ұстаған – сол полицияның өзi ғой. Құжаттарын солар толтырған, – дедi әлгi жiгiт мiзбақпай.

– Онда мұны түрмеге жаппай, бiзге неге жiберiп отыр? – дедi Едiл ештемеге түсiнбей.

– Сiзбен оңаша сөйлесуге бола ма? – дедi қауiпсiздiк сақшысы бұған мәнiстi көз тастап.

– Жүрiңiз! – Едiл оны өз кабинетiне ертiп келдi.

– Мәселе былай, – дедi қай жерде де өздерiн еркiн сезiнетiн КНБ қызметкерi. – Бұл жiгiт Есiк қаласына жақын бiр ауылда ағайынды үш шешендi жалғыз өзi жайратыпты. Ағасының қолын сындырып, ең кiшiсiнiң басын жарған. Ал ортаншысын, – дедi езуiне болар-болмас күлкi жүгiрiп, – ортаншысын малша пiшiп жiберген…

– Не дейдi? “Пiшкенi” қалай?

– Осы сөздiң тура мағынасында… Жыныс мүшесiн уыстап ұстаған да, бiр-ақ тартып, қоржын бауын үзiп жiберген. Анау есiнен танып қалған екен. Дәрiгердiң көмегiмен есiн зорға жиды.

– Қызық екен… Шешендерге бұл сонша неге өшiгiп жүр?

– Бұл шешен деген де тыныш жүрмейтiн халық қой, жаңағы ортаншысы мынаның он үш жасар қызын зорлапты.

– Онда сауап болған екен, өзiне де сол керек? – дедi Едiл өзiн ұстай алмай. – Бiрақ мұныңыз – тап-таза сот орындарының iсi ғой. Бұған бiздiң қандай қатысымыз бар?

“Сiз әлi де ештеңе түсiнген жоқсыз ба” дегендей қауiпсiздiк өкiлi мұның бетiне аңырая қарады.

– Мұндай оқиғаны дабыра қылуға болмайды. Себебi, халық көтерiлiп, ұлтаралық жанжал шығып кетуi мүмкiн,– дедi естiлер-естiлмес, сыбырлай тiл қатып. – Ал бiз болсақ, “ұлттар достығы” жөнiнен дүниеге үлгi шашып отырған елмiз. Дiн еркiндiгi мен ұлттардың татулығы ғой – қазiр бiздiң бетке ұстап отырғанымыз. Сол үшiн бiздiң басшыларға халықаралық сыйлық берiлетiн көрiнедi. Қалай едi, әлгi… Швеция академиясы беретiн сыйлық ше?

– Нобель сыйлығын айтасыз ба?

– Иә, солай-ау деймiн… Сол сыйлық қалтаға түскенше, бiздiң елде ұлтаралық жанжал түгiлi, тырс еткен дыбыс шықпауы керек. Ал Есiктегi оқиға жай есi ауысқан адамдардың iсi болып танылуға тиiс. Ендi түсiнiктi ме?

– Түсiнiктi, – дедi Едiл мұңая күрсiнiп. – Өзiне жабылған үш адамды бiрдей жайратып салуына қарағанда, аса қарулы жiгiт болды-ау, шамасы?

– Самбодан спорт мастерi ғой. Жоғары бiлiмдi мұғалiм. Мектепте спорттан сабақ бередi екен.

“Есiл азаматтың қор болған жерiн қарашы” дегендi тез ойлап өттi iштей егiлген Едiл.

– Ал сонда бiз не iстеуiмiз керек?

– Ештеңе де iстемейсiз. Сiз бұл адамды жүйке ауруына шалдығып, есi ауысқан науқас ретiнде, кемiнде бiрер жыл ұстап отырсаңыз болғаны. Қандай дәрiлер берудi сiзге үйрететiн мен емес. Жазылып та кетпесiн, өлiп те қалмасын.

– Ал мұның iздейтiн үй-iшi, ағайын-туыстары жоқ па?

– Бар. Туыстары мұны iз жасырып, қашып жүр деп ойлайды. Қылмыскердi ұстаған соң, бiз сондай жалған ақпарат таратқанбыз.

– Ал шешендер ше? Олар арызданбады ма?

– Арызданды. Оларға ақшалай өтемақы берiлдi… Оның үстiне, олардың да арты таза емес. Бәлиғатқа толмаған жас қызды зорлау – өте ауыр қылмыс қой.

– Мыналарыңыз сұмдық қой! – дедi түсi бұзылып кеткен Едiл. – Осы өтiрiктерiңiз ашылмайды деп ойлайсыздар ма? Науқастарға адал болу жөнiнде Гиппократқа берген антымыз бар едi, оны қалай аяққа басамыз?

– Не iстеймiз, мемлекет мүддесi… Осының бәрi де үлкен мақсаттар үшiн – деп анау көңiлдене күлдi, – Қаржы жағынан қам жемеңiз. Жамбас ақы мен емдеу пұлы ай сайын төленiп тұрады.

– Ол ендi нарық талабы ғой. Бiз онсыз да ақылы емдеуге көшiп жатырмыз. Қалтаға күш түссе, бәлкiм, жындылар азаятын шығар.

– Айтпақшы, әлгi “президенттерiңiз” не күйде? – дедi жоғарыдан келген өкiл Айшуақты еске алып. – Ол да бiздiң есепте ғой. Ақшасы келiп тұра ма?

–  Ол кiсiлерiңiз де жүрiп жатыр. Күнi бойы сөйлеуден бiр жалықпайды. Оның “сайлау алды платформасы” әлi аяқталған жоқ.

– Е, мейлi, жындылардың құлағын аяйсыз ба. Сөйлей берсiн. Осында оны сол үшiн әкелген жоқпыз ба?! – Соны айтып, ол қоштаса бастады.

Едiл “науқас” жiгiтпен ол есiн жиған соң, ертеңiнде танысты. Аты – Қазыбек екен. Ақыл-есi түзу, қалыпты адам. Жай қалыпты ғана емес, өз елi, өз жерi үшiн күйiнетiн саналы, жiгерлi жiгiт. Едiл кеше қауiпсiздiк өкiлiнiң аузынан Қазыбектiң төтенше қылығын естiп, сырттай сүйiнгенi бар-ды. Өзiмен сөйлесе келе тез танысып, шүйiркелесiп кеттi. Қазыбек өзiнiң мұнда не үшiн келгенiн жақсы бiлiп отыр.

– Бiрден сотқа тапсырмай, менi мұнда аяғандықтан әкелген жоқ. Бәрi – шешендердiң қамы. Шешендердi соттамаудың ең тиiмдi жолы осы болды, – деген бiр сөзiнде.

Құпиялықты сақтау үшiн, Қазыбекке жеке палата берiлген-дi. Бұл екеуiнiң ертеңдi-кеш оңаша сөйлесуiне өте тиiмдi болды.

– Соры арылмаған, не деген бақытсыз халықпыз! – дейдi Қазыбек күйiнiп.  – Тәуелсiздiктен кейiн, бүйтiп келiмсектердiң табанына түсемiз деп кiм ойлаған. Сенесiз бе, ауылдағы жүз елу түтiн қазақты ағайынды үш шешен бағындырып тұрды ғой. Ресейден қашып келген бұзақылар бiзге келсе – әулие… Ауыл әкiмi, полиция, бәрi соларды қорғаштайды. Ақша – соларда, өңi түзу әйел – солардiкi. Ақыры, асқына келiп, жас қыздарға ауыз салды ғой…

– Қайтемiз, “ұлттар достығы”, – дедi Едiл күмiлжiп. – Ал өзiң iстеген iсiңе өкiнбейсiң бе?

– Өкiнер жайым жоқ. Мен оларға ешбiр сот кеспейтiн жаза кестiм ғой. Баламның кегiн алдым. Сот алдында да осыны айтар едiм, соған жете алмай қор болып отырған жоқпын ба?!

Едiл Қазыбектi өз қарауына алған. Оған тиесiлi ем-домды да өзi белгiлеп отырды. Жоғарыдан арнайы жiберiлген, артында   “қоңырауы” бар науқасқа басқа дәрiгерлер сұғынған жоқ. Ақыры, Едiл екеуi мынаған келiстi.

– Есiңде болсын, сен сау адам емес, “есi ауысқан” адамсың, – дедi ол Қазыбекке. – Сол рөлiңдi мүлтiксiз орында. Мына дәрiлердi iшкен бол, бiрақ iшпе. Ел көзiне түспе, ешкiммен сөйлеспе. Осында үндемей жүретiн “меңiреулер” бар, солардың қатарына қосыл да, жаныңды сақтап, “жынды” болып жүре бер.

Қазыбек дәрiгердiң айтқанын бұлжытпай орындап, осындағы көп науқастың бiрi боп жүрiп жатты. “Есi ауысқан” деген атағы бар. Оған арланатын түк те жоқ, мынандай заманда, көп жағдайда, жындының құқы сау адамнан гөрi жоғары. Ең бастысы, жындыға сот жүрмейдi, жындылар сау адамды инаяттап боқтауына, сабап кетуiне болады. Ол тiптi кiсi өлтiрсе де жауапқа тартылмайды. Қазыбек ешкiмде жоқ осы құқын пайдаланып, емханада жүре тұруына да болар едi. Бiрақ өнебойы өтiрiк айтуға ары жiбермедi. Бiр басының амандығы үшiн, мынадай тар қапаста қалай бұғып жатпақ? Арада ай өткенде, ол Едiлге мынадай өтiнiш айтты.

– Есiкте үйiм бар. Үйiмде сүйiп қосылған әйелiм, үйелмелi-сүйелмелi үш балам бар. Екi ұл, бiр қыз. Солар менен хабар таппай, не өлi, не тiрi екенiмдi бiлмей, құсаланып жүрген шығар. Азаматсыз ғой, осыларға бiр хабар берiңiзшi! – деп қолына тiлдей қағаз ұстатты.

“Мен бармын, тiрiмiн. Өте сенiмдi жерде жатырмын. Жағдайым жақсы. Менi әзiрше iздемеңдер. Қазыбек” дептi. Сыртында – әйелi қызмет iстейтiн мектептiң мекен-жайы.

Едiл бұл өтiнiштi амал жоқ, орындады. Алматыдан  Есiкке дейiн бiр сағаттық жол екен. Мектептi де, Қазыбектiң әйелi Орынкүлдi де оңай тапты. Сұлуша келген аққұба келiншек мұның бетiне әлдебiр үмiтпен жапақтап қарай берген:

– Егер сiз сыр берiп, жыламайтын болсаңыз, туыстарға, тiптi балаларға да айтпайтын болсаңыз, сiзге бiр жақсылық хабар әкелдiм, – деген былайырақ шыққан соң.

– Алла-ай, Қазыбектен келген жоқсыз ба? Аман ба,  әйтеуiр? – дедi әйел қолды-аяққа тұрмай.

– Сабыр-сабыр, келiнжан… Алдымен мына хатты оқыңыз, – деп тiлдей қағазды қолына қыстырды.

– Алла-ай, бар екен ғой, мынау – соның жазуы, – дедi келiншек қағазға лезде көз жүгiртiп. – Тәубе-тәубе, ризамын Құдайға. Арысым әлi тiрi екен ғой… Ал сiз қашан көресiз оны? Сәлем айтыңыз. Бiз тегiс аманбыз.

“Алда, байғұс-ай, күйеуiн шын сүйедi екен-ау!” дедi Едiл былай шыға берiп. Көрген-бiлгенiн Қазыбекке айнытпай айтып келдi.

Арада тағы бiр апта өткенде, Қазыбек үш бет қағазға жазылған көлемдi хат ұсынды. Осындағы бейтарап газеттердiң бiрiне жазыпты. Жазуы әдемi екен,  маржандай. Едiл тез көз жүгiртiп оқып шықты. Қазыбек бастан кешкен оқиғаларды баяндап келiптi де: “Мен жынды емеспiн, есiм дұрыс, денiм сау. Қолмен iстегенiмдi мойынмен көтеруге әзiрмiн. Бұлайша зорлықпен жынды атанып, атсыз-аяқсыз қапасқа қамалғанша, әдiл соттың үкiмiн естiгенiм мың артық” дептi.

Дәрiгер хатты оқып болды-ау деген шамада, Қазыбек мұның бетiне жымия бiр қарады да:

– Әдеке, не iстейсiз, әлгi “бiр теңге берiп жырлатып, мың теңге берiп қойғыза алмапты” дегеннiң керi келдi. “Сұрап алған сырқаттың емi табылмас” деген де сөз бар. Сый қылсаң, сыпыра қыл. “Ер мойнында қыл арқан шiрiмес” деген сөз бар. Сiзбен бiз кейiн бiр-ақ есептесермiз. Соңғы өтiнiшiм: осы хатты газет редакциясына апарып берiңiз! – дедi.

Едiл бiраз ойланып отырды:

– Хатты апару қиын болмас. Бiрақ өзiң әбден ойландың ба? – дедi оның бетiне қарап. – Соңынан өкiнiп қалып жүрмейсiң бе?

– Жоқ, Әдеке, өкiнiш болмайды. Он ойланып, жүз толғанған нәрсе ғой. Туғаннан өтiрiкке қаным қас едi. Жалған “жынды” болып, қалай бұғып жатам. Ертең бала-шағамның бетiне қалай қараймын. Бiреулерге жалған абырой, сыйлық керек екен деп, азаматтық ар-намысымды қалай аяққа басамын?!

Бұл өтiнiштi орындау Едiлге де оңай соққан жоқ. Таразының екi басы қалтылдап, зорға тұр. Бiр басында – бейбiт өмiр, жақсы қызмет, карьера, екiншi басында – ұлт мүддесi, ер намысы, шырылдаған шындық… Қайтпек керек? “Егер қайрауы келiссе, ең жасық деген жiгiт те бiр мәрте ерлiк iстейдi” деушi едi. Сiрә, Едiлдiң де сондай бiр қадам жасайтын кезi келген шығар.

Ол ертеңiнде-ақ Қазыбектiң хатын өзi үзбей оқып жүретiн бейтарап газетке апарып бердi. Редакциядағы жiгiттер хатты ұнатып, зор ықыласпен қабылдаған. Бiрақ бiр аптаға дейiн хабар-ошар болмады. Сөйтсе, газет редакциясы оқиға өткен орынға тiлшi жiберген көрiнедi. Куәларды сөйлетiп, Қазы­бектiң үй-iшiн суретке түсiрiптi. Осылайша, Қазыбектiң хатын тың деректермен толықтырып, сенсациялық материалды тұтас бiр бетке жариялады-ау!

Едiл таңертең қызметке келе жатып, дүңгiршектен әлгi газеттiң бiрнеше нөмiрiн бiр-ақ сатып алды. Кеңсеге келгенше тағаты жетпей, жол жиегiндегi бiр орындыққа отырып қалып, мақаланы бастан-аяқ оқып шықты. Осыған өзiнiң де қатысы бардай, хаттың әр сөзi көңiлiне бiртүрлi жылы тиедi. Әдiлетке ара түсiп, көмiлiп жатқан шындықты көпке әйгiлеп айтқан қандай рақат! Тұла бойын бiр тәттi сезiм билеп алған. Едiлдiң көптен берi қоршау сыртындағы үлкен өмiрге араласқаны осы едi. Алдымен қоғамдағы дерттi сауықтырмай тұрып, қоршаудың iшiне ем қонбайтынын ол ендi айқын сезiне бастаған…

Қабдеш Жұмаділов

ult.kz/ порталы

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
5 жыл бұрын 4566
0 пікір
Блог туралы
0
928836 349 725 19450 296