Білімсіз пәтуә айту - Алла мен пайғамбардың атынан жалған сөйлегенмен тең!

Хадисте "Алла адамдардан ғұламаларды алу арқылы білімді алып қояды" делінген. Əрі қарай - Ғалымдар қалмағаннан соң халық білімсіз надандарды өздеріне көшбасшы етіп, олардан үкімдер сұрайды. Олар пəтуə беріп, өздерін де, өзгелерді де адастырады" делінеді хадисте. "Сахих Бухариде" келтірілген. 

Байқаймын кейде діни білімі таяз мұсылман қандастар пəтуə бергіш. "Мынау болады, анау болмайды" деп. "Болмасан да ұқсап бақ" дегеннің керін келтіріп жатады. Ниетін бір Алла біледі, оған араласпаймын. Бірақ, ол кісілер мынаны білгендері жөн: діни бір нəрсеге үкім айтқан кісі Алла жəне Оның пайғамбарының атынан айтып тұр деген сөз. Оның жауапкершілігі өте ауыр. Қате, əрі негізсіз айтқан болсақ, Алла жəне Оның пайғамбарына жала жапқан боламыз. Ал, енді Құранда Аллаға жала жапқандарды қатаң сыңға алған. Білімсіз сөз сөйлеу, үкім айту, білімсіз харам-халал нəрселерде болады не болмайды деу харам əрекет. Интерде мəлімет көп. Оны жаттап айта салу əркімнің қолынан келеді. Бірақ оның өзін ұғынып айту - білімді керек етеді. Ғалымдар бір нəрсені айтарда жүз ойланып, жүз толғанып, бірнеше рет кітаптарға үңіліп, айтатын нəрсесін ұғынып барып айтады. Өйткені олар Алладан қорқады. Құранда: "Алладан ең көп қорқатындар ғұламалар" деген. 
Сахабалар арасында хадисті көп жаттаған Əбу Һурайра еді. Бірақ ол үкім айтпайтын. Үкім айтып, пəтуа беретін белгілі сахабалар болды. Ибн Аббас, Əзіреті Омар, Əли, Айша анамыз т.б. Ал, өзгелері ол нəрсеге жүрексінбейтін. Тіпті қате айтып қоямын деп хадис риуаят етпеген сахабалар болды. Ойлап қараңызшы, пайғамбардан тəлім алған, тақуа, иманы яқин дəрежедегі сахаба пəтуə айтып, үкім білдіру былай тұрсын, естіген хадисін жеткізуден тартынатын. Өйткені, қате айтып қоюдан қорқатын. Себебі мүтəуəтір хадисте " кім менің атымнан əдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін" деген. 
Сахабаларда болмаған батырлық бізде қайдан пайда болды? Жегеніміз харам, көргеніміз харам, естігеніміздің көбі харам, ақылымыздан гөрі нəпсіміз патша мына біз - пайғамбарды көрген, періштені көрген, мұғжизаларға күə, имани яқин дəрежесіндегі сахабадан артық болғанымыз ба? 
Мен қызғаныштан айтып отырғаным жоқ. Білімді кісілерге қайта қуанамын. Бірақ, дінмен танысқаны кеше ғана, алайда өзін ғұлама ұқсатып, мынау болады, мынау болмайды деп үкім кесіп отырғандарға ашуым келеді. Олардың халін - мұзда тұрып, билегісі келген адамның халіне ұқсатам. Өзі де таяды, өзгелерді де тайдырады. Сол себепті, мұсылман кісі не нəрсені жақсы жасай алатын болса, сол нəрсемен айналысқаны дұрыс. Діни мəселедегі сұрақ-жауапты білімділерге қалдырғаны жөн. Дінді ойыншыққа айналдырмау керек. Сіз түгілі, біздердің шəкірт болуға жарамайтын қазіргі белді ғұламалардың өзі: "біздің біліміміз таяз, жалғыз өзіме ауыр, кеңес құрайық, кеңесе отырып шешейік" деп əлемде көптеген ғылыми кеңестер құрылған. Олар сіз секілді айта салса да білімі сай, алайда, дін мəселесі өте нəзік дүние. Бір жерінен кем етсеңіз, басқа жеріне залалын тигізесіз. Сондықтан да, қошамет үшін не рейтінг үшін яки тіркелушілерді жинайын деу - сонша жауапкершілік астында қалуға тұрмайтын дүниелер. Дінге келгенде "болмасаң да ұқсап бақ" деген қағида жүрмейді...#деймінда #бүгінгісөз

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
6 жыл бұрын 7723
0 пікір
Блог туралы
0
1466338 349 725 19451 296