Бақыттылық формуласы немесе нәпсіміздің шынайы бет-бейнесі
Бақыттылық формуласы немесе нәпсіміздің шынайы бет-бейнесі

 

Білгейсің, Алланы танудың кілті – өзіңді тану.  Бұл жайында Алла тағала былай дейді: «Біз олардың сыртқы әрі ішкі дүниелерінде, оның ақиқат екеніне көздері жеткенге дейін, белгілерімізді көрсетіп отырамыз» («Фуссилат» сүресі, 53-аят). Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім өзін таныса, Раббысын таниды», – дейді. Өзіңе, өзіңнен жақын еш нәрсе жоқ. Егер, өзіңді танымасаң, Раббыңды қалай танымақсың?! Мен өзімді білемін дейтін болсаң, біліп қой, шындығында сен, қол, аяқ, бас, денеден тұратын сыртқы пішініңді ғана танисың. Ішкі дүниеңде не болып жатқанынан мүлдем хабарың жоқ. Егер ашулансаң кектеніп тұрасың, ашықсаң тамақты, шөлдегеніңде, шөл басар сусын іздей бастайсың т.б. Міне, осы жағдайларыңмен хайуандардан айырмашылығың шамалы. («Айырмашылығы қандай?» – деп сұрасаң) өзіңді шынайы түрде таны, сонда сен, кім екеніңе, бұл жерге қай жақтан келгеніңе, не үшін жаратылғандығыңа жауап аласың және бақыт пен бақытсыздықтың жолын білген боласың.

Өзіңді қалай танисың?

Өзіңді танығың келсе, білгенің жөн, сен екі нәрседен құралғансың: 1. Сыртқы пішінің; 2. Рухың мен жаның. Бұл жерде жанды «қалб-жүрек» деп те атайды. Алайда, «жүрек» дегенде қызыл еттен құралған ағзамен шатастырмау керек. Өйткені, шынайы жүрек тек көкірек көзімен көрінеді. Кәдімгі көзбен көре алмаймыз. Оны мына дүниеден емес, тылсым дүниеден ізде. Ал, қызыл еттен құралған ағза  аталмыш «қалбтың» мекен еткен орны ғана.

Жүрек денедегі барлық ағзалардың патшасы, ағзалар болса, әскері. Оның мақсаты – Алла тағаланы тану және Оның жәмалына куә болу. Барлық шариғи міндеттемелер, осы жүрекке жөнелтілген. Сауап, күнә осы жүрек арқылы жазылады. Бақыт пен қайғы осы «жүректе» туындайды …

Адам денесі – жүректің шаһары. Бұл шаһарда жүректің түрлі әскерлері бар. Құранда; «Сенің Раббыңның әскерлерін, Одан басқасы білмейді» деген. (Мүддасир сүресі, 31-аят)Жүректің әскерлері екі топқа бөлінеді; 1. Көзге көрінер әскерлер. 2. Көкірек көзімен көрінетін әскерлер. Жүрек – патша болса, әскерлері оның қызметшілері, әрі көмекшісі. Көзге көрінер әскерлерге келер болсақ, олар: қол, аяқ, көз, құлақ, тіл, асқазан сияқты денеміздің ішкі және сыртқы ағзалары. Бұлардың барлығы дерлік жүрекке бағынышты, мысалы, көзге аш десе, көзі ашылады, аяққа жүгір десе жүгіреді, тілге сөйле десе сөйлейді деген сияқты. Жүрек өзінің әскерлеріне мұқтаж. Себебі, ол ахирет амалы үшін жаратылған, сол амалдар арқылы бақытын іздейді. Ал, оны бақытты ететін нәрсе – Алланы тану болып табылады. Осы жолға шығу үшін көлік пен азыққа мұқтаж. Яғни, көлігі – дене, азығы – ғылым, игі істер осы ғылымды тудырады. (Бұл жердегі ғылым – даналық-хикмет)

Жүрек, Аллаға жету жолында денені көлік қылды. Демек, денені азықтандырып, оны қорғаштауға мәжбүр. Денені азықтандыру үшін, «құштарлық» керек. Ал, денені қорғаштауы үшін, екі әскерді керек етеді: Біріншісі, ашу-ыза, яғни, осы арқылы, туындаған қауіпті ұзақтатып, дұшпандардан кек алады; екіншісі, қол мен аяқ, осы екеуі, ашу мен ызаға тәуелді.

…Аталмыш әскерлердің  баршасы жүрекке бағынады, оның берген бұйрықтарын екі етпейді. Десе де, ашу-ыза және құштарлық пен құмарлық жүрекке толықтай бағынып, мойын иіп, жүрекке көздеген мақсатына жету жолында жақсы көмекші екенін көрсетсе де, кейде оған (жүрекке) қарсы шығып та жататыны бар. Бұның, насырға шабатыны соншалықты, жүректі тұтқындап, керісінше өздеріне құл етуі мүмкін. Бұл деген сөз, жүректің өлгені, бақыттылық жолынан тайғаны. Алайда, ол екеуіне қарсы қалқан ететін басқа үш әскері тағы бар. Олар – ғылым, даналық және ойлану.  Жүрек егер осы үш әскерін ашу мен құштарлыққа қарсы қолданбаса, зиян шегеді. Адамдардың көбінің жағдайы осы, өйткені, көбі ақылын, құштарлықтарына құл еткен. Бұл жағдайды төмендегі мысалмен түсіндіріп көрелік:

«Адамның денесі бір қалаға ұқсайды. Қол-аяқ және басқа ағзалары – қаланың кәсіпкерлері. Құштарлык (шахуат) – қаржы министрі. Ашу-ыза – ішкі қауіпсіздік министрі. Жүрек – сол қаланың патшасы, ақыл болса  патшаның уәзірі, кеңесшісі. Патша қала іші тыныштығын сақтау үшін, қызмет иелерін түгелдей бақылап, басқарып отыруы шарт. Өйткені, қаржы министрі  (құштарлық) өте қу, барлық жерге мұрнын сұғады, ол ұяттан жұрдай және арсыз. Ал, ішкі қауіпсіздік министріне келер болсақ (ашу) ол – өте қатігез, төбелес құмар, айналасын қырып-жойғысы келеді де тұрады. Патша егер бұларды қадағалауына алмай, өз қалауларына жіберсе, қала құлдырап, быт-шыты шығары анық. Сондықтан да, уәзірімен кеңесіп, екі министрді  уәзірдің, яғни, ақылдың, бақылауына тапсыруы керек. Осылай жасаған жағдай да ғана, мемлекеттің тыныштығы бұзылмай, қала көркейеді.» Осылайша, жүрек те, ақылмен кеңесе отырып, құштарлық пен ашу-ызаны, оның қадағалауына беруі керек. Міне, сонда ғана, адамның ішкі жан-дүниесі орнығады, Ұлы Жаратушысына жөнеліп, бақытқа қол жеткізеді. Ал егер де, ашу мен құштарлыққа, ақылды бағындырса, ішкі дүниесі құрдымға кетеді. Ахыретте жүрегі жамандардың қатарынан орын тебеді. Яғни, біздің іс-әрекетіміз, ішкі жан-дүниеміздің көрінісі болып табылады. Себебі, жүрек және оның әскерлерінің өздеріне тән сипаттары барлығын жоғарыда айтып кеттік, егер жүрек әлсіздік білдіріп, шаһуатты не ашуды өзіне үстем етсе, соған қарай, адамның іс-әрекетінде өзгерістер пайда болып, әдептілік құндылықтары ақсай бастайды. Демек, адам баласындағы жаман қасиеттері мен жақсы қасиеттері ішкі жан-дүниесіндегі жүрек және оның әскерлерінен туындайды екен. Адамның қасиеттерін төрт бөлікке бөліп қарастырсақ болады:

  1. Шайтани сипатқа: Айлакерлік, қулық, алдау-арбау сияқты қасиеттер жатады.
  2. Хайуани сипатқа: Ішіп-жеу, ұйықтау, жыныстық қатынас т.б. құмарлық касиеттері жатады.
  3. Жыртқыш аң сипатына: Ұрып-соғу, қырып-жою, кекшілдік секілді зорлық-зомбылыққа қатысты қасиеттерді жатқызамыз.
  4. Періштелік (мәләки) сипатына: Мейірімділік, ғылымға талпыныс, игі сүйерлік т.б. осы сияқты ізгі қасиеттер кіреді.

Қорыта келе айтарымыз, адам баласында, аталмыш төрт сипаттың қайсысы үстем келген болса, соған қарай әдебінде, іс-әрекетінде, айналасындағы жолдас-жораларына деген мәмілесінде арнайы сипаттар көрініс табады. Мысалы, Хайуани сипаты басым пенде, дүние құмар, нәпсіге берілген, азаннан кешке дейін ойлайтыны қарны мен шаһуаты. Соны тойдыру жолында барлық нәрсеге дайын. Сондай-ақ, шайтани сипаты басым әлдекім қу, өтірікші, пайдакүнем, сенімсіз болады. Ал, іштегі барлық сипаттарды бақылауына алып, жүрегі мен ақылын үстем тұтқан адам, ақылды, ізгі сүйер, дана, тақуа жан болмақ. Сондықтан да, әр бір жан өзінің ішкі жан-дүниесіне үңіліп, мәләки сипаттарын дамытуға тырысқаны жөн. Себебі, адам рухының негізі – пәктік, періштелік сипаты болып табылады. Кейін келе, басым көпшілігі пәктігін кірлетіп, мәләки қасиетін әлсіретіп жатады.

Имам Ғазалидің (р.а.)
«Бақыттылық формуласы (Кимиа Ас-саада)»
атты еңбегінен алынды

Дайындаған: Абдусамат Қасым

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 жыл бұрын 6366
2 пікір
  • Жақсы дүние екен. Бірақ, бір ескертпем болып тұр. Ол қасиет жөнінде. Осы сөзді орынды-орынсыз қолдану жиілеп кетті. Қасиет-киелі, қастерлі деген мағынаны береді меніңше. Оны апарып шайтани қасиеттеріне, хайуани қасиеттеріне, жыртқыш аң қасиетіне деп қосақтау меніңше обал. Мұндай қасиетті сөзді жаман мақсатқа қор етуге болмайды. "Адамның қасиеттерін төрт бөлікке бөліп қарастырсақ" дегенде жақсы ой туады баста. Іле басқа мағанадағы ойлар айтылады. Осылайша малғұн шайтанда "қасиетке ие болып" шыға келеді. Меніңше, тым болмаса шайтанға тән нәрселер, шайтани қылықтар, немесе жамандыққа қарсы атулар көп қой қазақта, соларды пайдаланса дұрыс болар ма еді?
    9 жыл бұрын
    • Дұрыс айтасыз, "қасиет" дегеннің орнына "сипат" деген абзал болады. Ескертпеңізге рахмет. Өзгертіп қоямын.
      9 жыл бұрын
Блог туралы
0
1466338 349 725 19451 296