Бисмилләһир рахманир рахим.
Шәкірт:
- Адамдар істеген істерін өз еріктерімен істейді ме, жоқ па?
Ұстаз:
- Жалпы алғанда адам баласы кейбір іс-әрекеттерінде ерікті. Табыс тауып, ішім-жемін қамтамасыз ету үшін әрекет етуі, алдына қойған мақсат-мұратына жетуге талпынуы, қажет еткен нәрселерін алуы т.б. осы сияқты ақылымен ойлап, өз қалауымен орындайтын істер - еріктіге жатады.
Еріксіз іс-әрекеттерге, жаурағанда қалтырауы, кенеттен аяғы тайып құлауы т.б. оның қалауынсыз, ықтиярынан тыс туындайтын әрекеттерді атасақ болады.
Діни бұйрықтарды орындау мәселесінде адамға қалау еркіндігі берілген. Мұнда ешкімнің таласы жоқ. Құран Кәрімде: «Адамға жамандықты да, жақсылықты үйретті», - делінсе, тағы бір жерінде: «Біз оған екі жол көрсеттік», - дейді. Аталмыш аяттар еш жорамалды қажет етпейтіндей ашық-анық.
Алла Тағала адам баласына таңдау еркіндігін берді. Соған қатысты міндеттемелер де жүктеді. Барлық адамға ақты қарадан айыратын ақыл, жаман немесе жақсы жолды таңдайтын таңдау еркіндігін және қалаған ісін жүзеге асыра алу үшін күш-қуат берді. Осы сипаттар арқылы адамдар Алланың бұйрықтарын орындап, шариғат жолымен жүру мүмкіндігіне ие. Ал, егер, пенденің бойынан аталмыш сипаттың бірі жойылса, діни бұйрықтарды орындау міндетінен босатылады.
Шәкірт:
- Әр нәрсе тағдырда жазулы дегенді қалай түсінеміз? Қандай да бір жаман әрекетті істеуім «тағдырда» жазулы болса, неге жауапқа тартыламыз?
Ұстаз:
- Шариғатта «қаза» және «қадар» деген түсінік бар. Бұл қос терминді жалпыға түсінікті болу үшін бір сөзбен«тағдыр» деп алсақ болады.
Біріншіден, Алла Тағала әрбір нәрсені алдын ала біледі. Екіншіден, барлық нәрсе Алланың білуіне сай пайда болады. Осы екі сенімді «қаза» және «қадар» дейміз.
Дәлірек айтқанда, «Қаза» – Жаратушының әр нәрсені алдын-ала білуі.
Ал, «қадар» деп –әр нәрсенің уақыты келгенде Алланың алдын ала білуіне сәйкес пайда болуын айтамыз.
Демек, Құдай барлық нәрсені алдын ала білуші. Және барлық нәрсе Алланың алдын-ала білгеніне сай пайда болады. Алланың алдын-ала білгеніндей болмай шықты деу - Оның солай болатынынан хабарсыз еді дегендік болмақ. Бұл – жаратушының білгіштігіне нұқсан келтіреді.
Осы тұрғыда мына нәрсені ұмытпау керек, Алла тағаланың болашақта болатын іс-әрекеттерімізді алдын ала білуі бізді сол істі істеуге мәжбүрлемейді.
Шәкірт:
- Адамның таңдау еркіндігі бар деп отырсыз. Бірақ Құранда: «Шынында, Алла қалағанын адастырады», «Алла кімді адастырса, оны тура жолға ешкім сала алмайды» дейтін аяттар бар. Осы аяттарға қарағанда, адамды тура жолға бастайтын да, оны адастыратын да Алла. Бұл жерде адамның рөлі жоқ секілді.
Ұстаз:
- Алла Тағала қалаған пендесін тура жолға салып, қалағанын адастырады. Олай болмаған болса, Алла Тағаланы құдіреті шексіз деп айта алмас едік. Кейбір нәрселерді орындауға мәжбүр дер едік. Шүбәсіз, Алла Тағала бүкіл әлемнің теңдесіз Иесі. Жер мен көк Оның иелігінде. Ол істеген істерінен жауапқа тартылмайды, керісінше пенделер әр ісіне жауапты.
Дегенмен, жоғарыда айтып өткендей, пендеге ақыл, таңдау еркіндігі және күш-қуат берілді. Әркім осы үш қасиетті әртүрлі жолда қолдануы мүмкін. Кейбірі, ақылымен Құран аяттарын пікірлеп, бойларындағы күш-қуатын бұйрықтарды орындауға жұмсайды. Ал, қалау еркіндігімен ізгі жолды таңдайды. Жамандыққа итермелейтін нәпсі кірден тазаруға талпынып, тура жолдан айырмасын деп Аллаға жалбарынып жүреді. Міне, соларға Алланың нұры жауып, тауфиқ жолында жүретін күштеріне күш қосады. Хидаяттан айрылмайтын ақылдарын арттырады. Таңдаған жолында табандылық нәсіп етеді. Құран Кәрімде осыны баяндаған бірнеше аяттар бар:
- «Алла Хидаят жолындағылардың хидаяттарын арттырады». (Мариям сүресі-77 аят.).
- «Сондай-ақ тура жолда жүргендерге Алла хидаят беріп, оларды тақуаландырады». (Мұхаммед сүресі, 17-аят.).
- «Алла ризалығының соңында жүргендерді Алла кітап арқылы «есендік» жолдарына бастайды». (Маида сүресі, 16-аят.).
- Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары оларды тура жолға салады. (Юнус сүресі, 9-аят.).
Ал, енді кейбір адамдар Жаратушы жайында ақыл жүгірткісі келмейді. Күш-қуатын Алланың бұйрықтарына емес, басқа күнәлі істерге жұмсайды. Қалау еркіндіктерін нәпсі құмарлыққа құл етеді. Олар, о бастан-ақ айтылған насихатқа құлақ аспай, Құдайдың даналығын түсінгісі келмейді. Құран тілімен айтар болсақ:
«Олар: «Біздің жүрегіміз сендердің бізді шақырған нәрселеріңе жабық. Құлақтарымыз бекітулі. Сенімен біздің арамызда перде бар. Сен өзіңдікін істей бер. Біз өзіміздікін істейік»,-деді». (Фуссиләт сүресі, 5-аят.).
Күнә батбағына малынып, арсыздықты таңдады. Нәпсінің жетегіне кетіп, рухани азғындыққа душар болды. Көздері бар, көрмейді. Құлақтары бар естімейтін күйге жетті. Міне, осыдан барып Алла олардың адасуларына адасу қосып, тура жолдан ұзақ етті. Осы жағдай Құранда бірнеше аятта айтылған:
- «Жер бетінде еш себепсіз тәкәппарланып жүргендерді аяттарымнан ұзақтатамын. Олар бізден қандай керемет көрсе де, оған иман етпейді. Тура жолды көріп, біліп тұрса да, ол жолмен жүрмейді. Ал қашан жаман жол көрсе, соны жүретін жол ретінде таңдайды». (Ағраф сүресі, 146-аят.).
- «Онымен тек пасықтарды адастырады». (Бақара сүресі, 27-аят.).
- «Олардың жүректерінде дерт бар. Алла олардың дерттерін арттыра түсті. Өтіріксінгендері үшін оларға ашық азап бар». (Бақара сүресі, 10-аят.).
- «Осылайша Алла ысырапшыл, күмәншіл адамдарды адастырады». (Ғафир сүресі, 35-аят.).
Демек, хидаят жолына түскісі келмей, теріс жолға апарар себептерді таңдап, өзін күнә батпағына батырғаны үшін Алла оларды адастырды. Бірақ, Алланың бұйырғанынан шықпай, дін міндеттемелерін орындап жүрген жанға тура жолға апаратын себептерді жақын етеді. Сіз сұрап отырған аяттың мәні осында жатыр. Аллаһу аъләм!
Шәкірт:
- Адам қайсы жолды таңдаса да Алланың қалауымен болады емес пе?
Ұстаз:
- Адамның қандай да болмасын іс-әрекетінде Алланың қалауы бар екендігі сөзсіз. Бірақ, оның қалауы мәжбүрлікте көрініс таппайды, яғни, «Алланың қалауы» – адамды қандай да бір іске мәжбүрлемейді. Оның қалауы адамның таңдауында көрініс табады, яғни, Алла адамға жақсыны немесе жаманды таңдауына рұқсат етеді. Осы жердегі «Алланың қалауы» дегеннің мағынасы осы деп ойлаймын. Бірақ Алланың қаламаған нәрсесін пенде орындай алмайды.
Мұны мынадай қарапайым мысалмен түсіндірсек қателеспеспіз: Бір кісінің дүниесі ұрланып, оны өзінің қызметшісінен көреді делік. Бірақ нақты айғағы болмағандықтан, күмәнін ашық айтуға беттемей, оны сынамақшы болады. Қолына біраз ақша беріп, пақырларға садақа етіп тарат деп жібереді. Бірақ жібермес бұрын оған насихат айтып, ұрлықтың күнә екендігін ескертеді. Ендігі жерде, қызметшінің алдында екі таңдау тұр: Не иесінің насихатына құлақ асып, ақшаны пақырларға таратып береді. Немесе жартысын жымқырып, өзінің қалтасына салады. Қайсысын таңдаса да, оған итермелейтін иесінің қалауы емес, өзінің таңдауы. Иесі, екі жолдың бірін таңдауға рұқсат етіп отыр. Аллаһу аъләм!
Шәкірт:
- Сізге рахмет. Біраз түсініксіз жайттардың басын ашып бердіңіз. Көкейде жүрген кейбір сауалдарыма жауап тапқан сықылдымын. Рұқсат етсеңіз, соңғы сауалымды қойсам деймін. Шексіз құдірет иесі Алла барлық пендені тура жолға салуға күші жетеді деп сенеміз. Неге Жаратушы теріс жолға жетелейтін себептердің бәрін жойып, адамдарды түгелдей тура жолға салып қоймайды?
Ұстаз:
- Егер, сіз айтқандай істейтін болса, діни бұйрықтардың мәні қалмас еді. Ол кезде, діни бұйрықтарға бойұсыну адам табиғатының ажырамас бөлігіне айналады. Осының нәтижесінде сауап алайын немесе күнәдан қашайын деген түсінік жойылып, бейне бір, қарны ашқанда тамақ жеп, шөлдегенде су ішетін күйге айналатын еді. Алланың адамды жаратудағы мақсаты жойылып, оңсыз да әмірін екі етпейтін періштеден айырмашылығы болмай қалатын еді. Аллаһу аъләм.
Шәкірт:
- Оныңыз рас. Періштелердің Адам атаға сәжде етуінің бір мәні де сонда жатса керек.
Алла сізден риза болсын, ұстаз. Уақыт бөліп, менің сауалдарыма ден қойып жауап бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Уә ахири даъуәнә – әниль хамду лилләһи раббиль ъаләмин.