Ассаламуғалейкум! Менің бір қызбен жүріп жүргеніме бір айға жуықтады. Бір-бірімізді шын жақсы көреміз. Сұрағым осы қызбен жүрген дұрыс па? Шариғаттағы үкімі қалай? Ешімхан Батырхан
Ассаламу алайкум! Хитба жайында толық түсіндіріп берсеңіздер! Шариғатта бар нәрсе ме? Шарттары бар ма? Осман
Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Шариғатта қалыңдық айттырып, құда түсуді «Хитба» дейді. Бір қызды айттырмас бұрын жігіт мына төмендегі кеңестерді ескергені жөн:
1. Айттырғысы келген қызды көруі тиіс. Исламда үйленгісі келген жігіт, болашақ жарын алдымен көргені дұрыс. Өйткені, өзара ұнату маңызды. Ұнатқандығын не ұнатпағандығын білудің бастапқы жолы бірін-бірі көру екендігі сөзсіз.
Алланың Елшісі бірнеше хадисінде айттырғысы келген қызды алдымен көруді кеңес етеді. Бірде сахаба әл-Муғира бір әйелді айттырғанын айтқанда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Оны көр! Көру – араларыңды нықтай түседі»[1], – деген.
Дегенмен, айттырғысы келген қызды көрудің шариғатта өзіндік талаптары мен шарттары бар. Олар төмендегідей:
- Үйлену ниетінде болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім бір қызды айттырғысы келсе, оған (мұқият) қарауына рұқсат, егер шынымен де айттыру мақсатында болса. Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес»[2], – дей отырып, қызды тек айттыру мақсатымен көре алатындығын айтуда.
- Қыздың жүзіне, білезікке дейін қолына қарауына рұқсат. Себебі, арада неке болмағандықтан, қыздың қалған жерлері шариғат бойынша жабық болуы шарт.
- Қол ұстасу, құшақтасу сияқты тыйым салынған (неке қиылмайынша) әрекеттерге бармауы керек.
- Оңаша қалатын жерде кездеспеуі тиіс. Кездескенде қыз жалғыз емес, қасында туысының бірі болуы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ер кісі өзіне бөтен әйелмен оңаша қалмасын. Сөзсіз, үшіншісі шайтан болады. Бірақ (қыздың) туысын серік қылса, ол басқа»[3], – деген.
- Өз таңдауына толығымен сенімді болуы үшін бірнеше рет көрісуіне рұқсат.
- Сондай-ақ, айттырғысы келген қызды сырттай бақылауға да рұқсат. Жоғарыда келген хадисте Алланың Елшісі: «...Қыздың (оны көргендігін) білуі шарт емес»[4], – дей отырып, айттырғысы келген қызды сыртынан бақылауға болатындығын айтып отыр. Кей кездерде қызды әуелі сырттай көрудің де пайдалы жағы жоқ емес. Өйткені, жігіт ұнатпаған жағдайда, қыздың көңіліне қаяу түспеуіне септігін тигізеді.
Қазіргі таңда жоғарыдағы талаптарға көбіне назар аудармағандықтан, арты сүйкімсіз әрекетке алып кеп жатады.
2. Өзгенің сөз байласқан қалыңдығын айттыруына болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) Сахих Бухариде келген бір хадисте: «...Ешкім өзінің дін бауырының қалыңдығын айттырмасын. Бірақ, егер байласқан сөзін бұзған болса немесе өзі рұқсат берген болса, ол басқа», – деген. Алайда, хадисте айтылғандай, егер жігітінің өзі рұқсат берген болса яки қыз бен жігіт өзара уәделерін бұзған болса, ол жағдайда әлгі қызға сөз салудың еш әбестігі жоқ. Сонымен қатар, қыз жағынан оңды жауап берілмеген болса да, бұл қызға өзге жігіттің сөз айтуына рұқсат, алдыңғы жігіттің жауапсыз ұсынысы кедергі емес.
3. Ажырасқаннан кейінгі «ъиддәт мерзімін»[5] күтіп отырған қызды мерзімі біткенше айттыруға болмайды. Себебі, әлі ерлі-зайыптылық құқы толығымен жойылмаған әйел кісіге өзгенің сөз салуы – әбестік, әуелгі еріне көрсеткен құрметсіздік. Мұндай, әрекеттер қоғамда ұрыс-керіс тудырып, адамдар арасында дұшпандық пайда болады.
Ал, жесір әйелдің күтетін мезгілі (ъиддәті) – төрт ай он күн. Осы уақыт ішінде оған үйлену ұсынысын ашық түрде, тікелей білдіруіне болмағанымен, ниетін астарлап жеткізуге рұқсат[6].
Ендеше, әрбір отбасы құрғысы келген мұсылман қыз бен жігіт жоғарыда айтылған талаптарды қатаң ескергені жөн. Бұл алғышарттар болашақта отбасы іргесінің берік те мығым болуына септігін тигізері анық[7].
Абдусамат Қасым