لِإِيلَافِ قُرَيْشٍ ﴿١﴾ إِيلَافِهِمْ رِحْلَةَ الشِّتَاءِ وَالصَّيْفِ ﴿٢﴾ فَلْيَعْبُدُوا رَبَّ هَـٰذَا الْبَيْتِ ﴿٣﴾ الَّذِي أَطْعَمَهُم مِّن جُوعٍ وَآمَنَهُم مِّنْ خَوْفٍ ﴿٤
- Құрайштың ынтымағы үшін
- Қыстағы, жаздағы сапарларында қатерсіз болғандары үшін.
- Осы үйдің (қағба) Раббысына құлшылық етсін.
- Ол – оларды аштықтан сон, тойдырды және қауіп-қатерден сақтады.
Кіріспе:
«Құрайыш» - ән-Надр ибн Кинәна (النَّضْرِ بْنِ كِنَانَةَ) ұрпағынан құралған араб тайпаларының бірі. Алғашқыда Надр ұлдары өз араларында бөлініп, әр ата өз бетінше өмір кешті. Кейінірек Құсай ибн Киләб (480 ж.өл.) есімді адам бытыраңқы Надр ұлдарының басын қосып, өз алдына үлкен тайпаға айналдырады.
Сол кезеңде Мекке қаласының билігі «Хузәъа (خزاعة )» руының қолында-тын. Құсай Мекке басшысы Халил ибн Хәбшияның қызын айттырып, өзіне жар етіп алады. Уақыт өте келе Құрайыш тайпасы күшейіп, қайын атасы (Халил) қайтыс болғаннан кейін Құсай Мекке билігін өз қолына алады.
«Құрайыш» сөзі – араб тіліндегі «قِرْشٌ - Қирш» сөзінің кішірейтпелі атауы. «Қирш» деп арабтарда акуланы айтады. Деректерде, тайпаның үлкен атасы Надрдың лақап аты «Құрайыш» болған деседі. Оның олай аталуының себебін кейбір аңыздарда былайша түсіндіреді: Надр мінген кемеге «Қирш» деп аталатын үлкен су балығы кездеседі. Кемедегілер үрейленіп, байбалам орын алады. Сонда Надр өзінің найзасын лақтырып, әлгі су хайуанын өлтіреді. Басын кесіп, өзімен бірген Меккеге алып барған екен. Содан халық оны «Құрайыш» деп атап кеткен деседі.
Тәпсір:
Кейбір тәпсіршілердің айтқанына сүйенсек, бұл сүре мазмұны жағынан «фил» сүресінің жалғасы. Алла тағала піл иелерін күл-талқан еткеннен кейін Мекке өңірінде қауіпсіздік орнап, ондағы халық еш қаперсіз, тыныш өмір сүруін жалғастырды. Әйтсе де, осы жақсылыққа шүкіршілік етудің орнына, Мекке мүшріктері пұтқа табынып, Алланың жалғыздығын мойындамады. Мұхаммед пайғамбардың ізіне түсіп, оның жайған ізгі хабарына тосқауыл болуға тырысты.
(1) Құрайыштың ынтымағы үшін.
(2) Қыстағы, жаздағы сапарларында қатерсіз болғандары үшін.
Ислам келмей тұрып, шамамен жарты ғасыр бұрын піл иелерінің басқыншылығынан Алла тағала Меккелілерді құтқарған еді. Қағбаны қирату ниетімен келген Әбраханың қуатты әскерлерін тым-тырақай етіп, жайратып салды. Осыдан кейін Мекке тұрғындары Құдайдың назары түскен халық ретінде өзгелердің сый-құрметіне бөленіп, бейбітшіліктері артты. Қыс мезгілінде Йеменнен, жаз мезгілінде Шам жақтан еш қауіпсіз тауар тасымалдап, саудамен айналысты.
(3) (Сондықтан да) Осы үйдің (қағба) Раббысына құлшылық етсін.
Ешбір пайдасы немесе зияны жоқ жасанды құдайларға табынғанша, аталмыш нығметтерге бөлеген жалғыз, серігі жоқ, құдіреті күшті бір Аллаға неге мінәжат етпеске?! Осыншама жақсылықты нәсіп еткен Алланың елшісін ақиқат деп біліп, Ислам дінінің халық арасына жайылуына тосқауыл жасаудың орнына, демеу көрсетсе етті.
4.Ол – оларды аштықтан сон, тойдырды және қауіп-қатерден сақтады.
Осы аяттың астарында: "Бұрындары аш-жалаңаш күн кешкен болсаңдар, қазір жағдайларың түзеліп, еш қаннен-қаперсіз өмір кешудесіңдер. Осы күндеріңді нығмет біліп, Аллаға шүкір етіңдер. Қарсы келмеңдер. Сендерден бұрын да қауымдар өткен. Оларды да осылай нығметке бөлегенбіз. Бірақ біздің берген нығметтерімізге шүкір етпей қарсы келді. Түрлі пұттарға табынып, Жаратушының серігі жоқтығын мойындамады. Пайғамбарларды өтіріксінді. Сол себепті азапқа душар болды" - делінген.
Ой түйін:
Аталмыш сүреден мына екі нәрсені ұғынуға болады:
Біріншіден, «бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» - демекші, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатының артуы үшін, ең алдымен қоғамда тыныштық, қауіпсіздік орнауы тиіс. Өйткені, бейберекетсіздік жайлаған ортаны дамиды деп айту мүмкін емес.
Екіншіден, қоғамдағы ынтымақ пен бейбітшіліктің қадірін біліп, одан ажырап қалмау жағын қарастыру керек. Оның бірден бір жолы - адамдардың рухани байлығын арттырып, ішкі жан дүниесінің азғындауына жол берілмеуі тиіс.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!