Қарунның ақыры
Қарунның ақыры

 

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Қарун есімді адамды, Мұса пайғамбардың ағасы Һарун пайғамбармен шатастырмау керек. Һарун пайғамбар Мұсаның (ғ.с.) туысы әрі оның жәрдемшісі. Алланың дінін халыққа үйрету жолында Һарун пайғамбар, Мұса пайғамбардың жанынан айырылмады.

Ал Қарун Мұса пайғамбардың уақытында өмір сүрген Исраил қауымынан шыққан өте бай адамның есімі. Қарун бастапқыда Мұсаның (ғ.с.) пайғамбарлығына сенетін адамша көрініп жүреді. Бірақ Алладан зекет беру әмірі келген уақытта бұйрыққа бойсұнудан бас тартып, Мұса пайғамбарға қарсы шықты. Перғауынмен астыртын достық құрды.

Өзін құдай санаған перғауынмен жасырын ауыз жаласып отырған Қарунның байлығы күннен күнге арта түсті. Байлығының көптігі соншалықты, қоймасының кілттерін ең күшті деген адамдардың өздері әзер көтеріп жүретін болған (Қасас сүресі, 76-аят).

Қарунның мұншама байлыққа қол жеткізуінің басты себебі - өзінің ақылдылығы мен білгірлігі, жігерлілігі деп білді. Сондықтан да, тым қатты тәкәппарланып, жер мен көкке сыймай, менмендігі тұла бойын шырмап алды.  Жүрегі еш жібімейтін қатыгез, жауызға айналды.  

Сол заманда Мұса пайғамбардың басты екі жауы бар-тын: Перғауын және шайтани пікірімен танымал Хаман. «Өзінен шыққан жау жаман» демекші, олармен қоса өз тайпасынан шыққан мұнафиқ Қарунның дұшпандығы жанына батты.

Тәпсірлерде келтірілген мәліметтерге қарағанда, Алладан зекет беру бұйрығы түскенде,  Мұса пайғамбар Исраил ұлдарының ішіндегі бай-қуатты кісілерден зекет жинауға кіріседі. Бұл нәрсе дүниеқоңыз Қарунға ұнамады. Сондықтан ол өзге байларды да зекет бермеуге үгіттеді. Бұнымен қоймай Мұса пайғамбарды халық алдында қаралауды көздеді. Осы мақсатта ол жаман жүрісті бір әйелге ақша беріп, Мұса пайғамбарға «зинашы» деген айып тағуды ойластырды. Дәстүрлі мейрамдардың бірінде Мұса пайғамбар әдеттегінше халық алдына шығып насихатын айтып жатады. Сөз арасында зина жасаудың харам екендігі жайында да тоқталып өтеді. Осы сәтте Қарун тұрып:

- Айтып тұрған үкімің саған да қатысты ма? – деп сұрайды. Сонда Мұса (ғ.с.):

- Әрине, маған да қатысты – деп жауап береді.

- Ендеше, неге өзің зина жасайсың? Зинашы екеніңе айғағым да бар – деп алдын-ала келісіп алған әйелді куәгер ретінде көлденең тартады. Бірақ әлгі әйелдің сол мезетте жүрегіне Аллаға деген қорқыныш ұялап, жалған куәлік етуден бас тартады. Осылайша Мұса пайғамбардың ақтығы тағы да дәлелденіп, Қарунның сұмпай пиғылы жүзеге аспай қалады.

Осындай әрекеттерін көріп, біліп жүрген халықтың ішіндегі кейбір ақылды, әділ жандар оның қателігін бетіне басып былай деді:

«Сен даңдайсыма, шынында Құдай асқақтағанды жақтырмайды. Алланың өзіңе берген байлығын ақірет күнінің жақсылығына пайдалан, әрине, дүние қамын да ұмытпа. Саған Алла жақсылық жасағаны сияқты, сен де (басқаларға) жақсылық жаса. Жер бетінде бүлік шығарма. Анығында Алла бұзықшылық жасаушыларды жақын тұтпайды» (Қасас, 76,77-аяттар).

Әйтсе де, айтылған насихатқа Қарун құлақ аспады. Байлық, дүние-мүлік бәрі Құдай тарапынан пендеге сынақ ретінде берілетіндігін, ертеңгі күні Жасағанның алдында есепке тартылатынын мойындағысы келмеді. Керісінше оған насихат айтқандарға қарсы шығып:

«Мен бұл байлыққа бойымдағы айрықша білімім арқылы жеттім», - деп менменсіді (Қасас -78 аят). «Өз күшіммен тапқан байлығымда басқаның еншісі жоқ» деді ол.

Тарихта Қаруннан бұрын да күшті, бай-қуатты қауымдар өмір сүргені белгілі. Олар да өздеріне берілген байлықты көтере алмай, паңданды. Жаратушыға қарсы шығып, соңында Оның азабына тап болды. Жиған-терген байлықтары, адамдар арасындағы абыройлары Алланың жазасынан аман алып қала алмады. Алайда Қарун ол нәрсені ғибрат тұтпады.

Дүние-мүлкінің көптігімен мақтанып, Қарун өз қандастарының алдына бар зейнетімен, салтанатты түрде шығатын еді. Осылайша адамдардың қызығушылығын оятатын. Олардың арасында ақірет нығметінен гөрі, дүние шаттығын артық көретін кейбір адамдар Қарунның дүние-мүлкіне қызығып:

«Шіркін, Қарунның байлығындай дүние бізге де берілсе ғой. Шынында да ол, зор ырыс иесі» - деп армандады (Қасас, 79-аят).

Дегенмен, парасатты, Мұсаның (ғ.с.) тәлімін көкейге түйген, ақылды тақуа жандар да жоқ емес еді. Олар әлгіндей қиял қуған адамдарға кейіп мынадай ескерту жасайды:

 «Сендерге нендей өкініш! Иман келтірген, ізгілік жасаған адамдарға Алла қайтаратын сауап одан артық. Оған тек сабырлы адамдар ғана қол жеткізеді» (Қасас, 80-аят).

Қызығып, өткінші дүниеге назар аударасыңдар. Сендер өлесіңдер. Байлық - өткінші. Бүгін - бар, ертең -  жоқ. Ал Алланың құзырындағы пейіш және ондағы нығметтер - мәңгі. Ол нығметке арсыз адамдардың асып-тасуына қызығушылар емес, құдайға сеніп, ізгілік жасап жүргендер қол жеткізеді. Неге сонша өткіншіге қызығып, тамсанасыңдар. Ақіреттегі мәңгі байлыққа ұмтылмайсыңдар ма!

Ең соңында мақтаншақ Қарун Алланың қаһарына ұшырайды. Жер қақ айрылып, бар дүние-мүлкімен қоса Қарунды жер жұтады. Кеше ғана «мұндай қазынаға өзімнің мықтылығым, ерекше ақылдылығым себепті қол жеткіздім» деп асқақтап, Мұса пайғамбарға жауыздық қылып, Алланың дініне тосқауыл болғысы келген Қарун бір пәсте түп тамырымен жойылды.

 «Ақыры оны да, үйін де жерге жұтқыздық. Алладан өзге оған жәрдем етер бір топ болмады, әрі оған көмек етілмеді». (Қасас сүресі, 81-аят).

Оның бұл күйі ел-елге тарайды. Көп адам Алланың құдіретін мойындап, ойланады. Кеше ғана Қарунның байлығына құмартып, оның жағдайына тамсанған жұрт тәубеге келеді. Құран Кәрімде бұл жағдай былай баян етілген:

«Кеше ғана Қарундай болуды көксегендер енді: "Сірә, Алла өзі қалаған адамының ғана ризығын көбейтіп, қалаған адамының ризығын азайтады екен. Егер Алла, бізге рақым етпегенде, әрине бізді де жерге жұтқызар еді. Міне, көрдіңдер ме? Кәпірлер жазадан құтылмайды» (Қасас сүресі, 82-аят).

Қорытынды:

Осы дүниеде Алланың қаһарына ұшыраған  қауымдар турасында баян еткен Құран аяттары аз емес. Аяттарға қарасақ, сол қауымдардың көпшілігі бай әрі қуатты болғандарын байқаймыз. Әрине бай болу, күшті-қуатты болу күнә емес. Бірақ содан туындайтын тәкәппарлық, менменсіну, дүниеқоңыздық, шүкірсіздік, өзгелерді бағынышты етіп, өзін Жаратушымен қатар қою - ауыр күнә. Адамды орға түсірер - рухани індет. Осының бәрі бір қате тұжырымнан туындайды. Ол: «Қолымдағы байлық, күш-қуат, барлығы өзімнің білгірлігімнің, мықтылығымның арқасында пайда болды. Оны Алла бермеді, оған өз күшіммен жеттім» - деген тұжырым. Міне, әңгімеміздің басты кейіпкері Қарунды да азапқа дұшар еткен сол тұжырымы еді.

Сүлеймен пайғамбарды еске түсірейікші. Сүлеймен пайғамбарға (ғ.с.) өзгеге берілмеген ғылым, даналық берілген еді. Алла жан-жануарды оның қызметіне беріп, жындарды бағындырып қойды. Адамның ақылына сыймайтын байлыққа, күш-құдіретке иелік етті. Осыған қарамастан Сүлеймен пайғамбар Аллаға шүкірін азайтпады. Тәкәппарлыққа бой алдырмады. Керісінше Аллаға мінәжатын арттыра түсті:

«Рас Дәуітпен Сүлейменге (Ғ.С.) ғылым бердік. "Барлық мақтау, бізді иман еткен құлдарының көбінен артық жаратқан Аллаға ғана тән!" – деді олар. Әй адамдар! Бізге құс тілін білу өнері берілді. Сондай-ақ бізге әр нәрсе берілді. Рас бұл, әлбетте ашық бір артықшылық» (Нәмл сүресі, 15-16 аяттар).

Тағы бір дұғасында Аллаға:

«О Құдайым!  - деді ол: – Сенің өзіме берген, ата-анама берген игілігіңе шүкіршілік етуім үшін, өзің риза болатын ізгі істерді орындауыма қол жеткізуге лайық ет. Рақым етіп, мені жаны ізгі адамдар қатарына қос!» - деп жалбарынды (Нәміл, 19-аят).

Балқис атты әйел патшайымның оқиғасы көпшілігімізге мәлім. Балқис пайтшайымның отыратын тағы көзді ашып-жұмғанша алдында тұрғанын көрген Сүлеймен пайғамбар, мұндай құдіретті Алладан деп біліп былай дейді:

«Бұл да болса – Құдайдың зор кеңшілігі шығар. Шүкірлік етер ме екен, әлде шүкірлігі жоқ па екен, соны білейін дегені ғой. Кімде-кім шүкірлік етсе, оны өз пайдасы үшін етеді, шүкірлік етпесе, Алла оның шүкірлігіне мұқтаж емес. Ол бай әрі жомарт». (Нәміл – 40 аят).

Ендеше, мұсылман кісі қолда бар байлықты Алланың кеңшілігі ретінде қабылдап, сынақ деп біледі. Қандай да болмасын бір жетістікке жеткен болса, менменсіп, тәкәппарланбастан Аллаға шүкір етеді. Алла Тағала шүкірімізді арттырсын, әмин! 

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
10 лет назад 5632
0 комментариев
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296