Исламда ағаш егу...
Исламда ағаш егу...

Деймін да!

Бағана бір посттан, бір елдің халқы еккен ағаштарды жұлып жатыр екен. Сонымен постта олардың ондай әрекетке баруларының бір себебі: "ағаш өсіру Исламның талабына сай болмағандықтан..." дегендей тұжырым білдіріліпті.⠀

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) мұсылмандарды ағаш егуге ынталандырып, шақырған бірнеше хадистері бар. Мәселен Ол (с.а. у.) бір хадисінде былай деген:⠀

"Әлдебір мұсылман егер ағаш көшетін отырғызса, немесе егін ексе, кейін оның жемісінен адам жесе де, құс шұқыса да, мал жесе де, ол үшін садақа болып жазылып тұрады".
(Нәсәидің хадистер жинағынан).⠀

Басқа бір асыл сөзінде Алла Расулы былай дейді:⠀

"Егер қиямет қайым басталып кетіп, әлдебіреулеріңнің қолында құрма ағашының көшеті тұрса, оны ексін".⠀

Яғни, аталмыш хадисте ақырзаман болып, айнала астаң-кестең болып жатса да, қолыңда көшет тұрса, оны егіп үлгер деп тұр Алла елшісі.

Пайғамбарымыздың өзі де көзі тірісінде ағаштандыру ісіне белсене қатысқан кезі болған. Мəселен, тарих кітаптарының бірінде Алла елшісінің қатысуымен бір мезгілде бес жүз құрма көшеті отырғызылғандығы айтылады. Одан бөлек, бұрын орман болып, кейіннен қурап қалған "Зурайб" алқабына ағаш отырғызылып, қайта орман халіне айналдырғандығы да тарихта бар.
Сондай-ақ, жау жеріне жорыққа аттанар болса, әскерлерге бірінші айтар өсиеттерінің бірі: "Өсіп тұрған ағаштарға тимеңдер" деу болатын...

Осыдан келіп Ислам дінінде ағаш егу - сауапты іс саналады. Еккен ағашының көлеңкесінде бір адам саяласа, ол үшін ол садақа боп жазылады. Ертең қайтыс болып кетсе де, еккен ағашы қурап кеткенше, оның сауабы қабірде жатқан оған келіп тұрады.

Енді Исламның ағаш егуге деген осыншама маңыз беруінен кейін, әлдебіреулердің ісіне қарасты: "Оның себебінің бірі ағаш егу Исламның талабына сәйкес келмегендіктен...", - деп, қалай айтуға болады? 

#деймінда

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
4 года назад 6134
0 комментариев
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296