Қазақ жастары бір-бірін осылайша қалжыңдап құттықтайтын көрінеді. Әр әзілдің астарында шындық болатынын ескерсек, біздің қоғамда бұл «мерекеге» де бір бүйірі бұрып тұратындардың табылғаны ғой. Әлем-жәлем боянып алып, жын-шайтанның кейпіне енген есерсоқтардың бұл мейрамның түп-төркіні қайда жатқаны қызықтырмайды. Айналасындағылардың «аттанына» қосылып кете баратындар бұл күні түнгі клубтар мен би алаңдарындағы түрлі қызықтар күтіп тұратынын ғана біледі.
Сонымен, 31-қазан күні қаласақ та, қаламасақ та қазақ күнтізбесінде бейресми мереке болып өз орнын алып үлгерді. Ауылдық жерлердегілердің әзірге бұл жайында білері аз болғанымен, қалалықтар хэллоуинді кәдімгідей атап өтеді. Қайта тірілген өлілер кейпіне еніп, түрлі киім киінгендер бұл күні Батыс елдеріндегідей үй-үйді аралап, тәттілер сұрамаса да, сорақылық жөнінен қалысар емес.
Аз ғана уақытта бұл мерекені тойлаушылардың қатары көбейе түскені алаңдатады. Осыдан екі жыл бұрын жоғары жақтан бұған тыйым салу керек деген үн естілгенімен, ештеңе өзгермеді де. Соған қарағанда, бұл мерекенің қайдан келгені мен қандай зияны барын бажайлап қарағандар аз-ау, сірә.
Хэллоуин сөзінің мағынасы «мереке қарсаңындағы күн» дегенге саяды. Олай дейтін себебі, ІХ ғасырда ІІІ Папа Григорий барлық әулиелер күнін тойлауды 13 мамырдан 1 қарашаға ауыстырады. Сол кездерде бұл күнді жыл бойына өз мейрамдары болмаған әулиелерге бағыштаған. Мереке қарсаңындағы күн (31 қазан) ескі ағылшын тілінде «All Hallows Even» немесе «All Hallows Eve» («Барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейінірек атаулар «Hallowe’en» немесе «Halloween», яғни Хэллоуин деп өзгертілген. Яғни, бұл күн қайта тірілетін әулиелерді қарсы алуға дайындық күні.
Қазіргі сипаттағы Хэллоуин тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Еуропадан АҚШ-қа көшкен иммигранттар осы мейрамды алып келгеннен кейін, тек өткен ғасырдың 1920 жылы Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қалаларында алғаш рет ресми тойланды. Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. 1950 жылдардан бастап Хэллоуин коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле бастады. Костюмдер, әшекейлер, ашықхаттар және басқа да заттар өте жоғары сұраныстарға ие болды. АҚШ пен Канадада тойланып келген жаңаша сипаттағы Хэллоуин бүгінде Еуропа мен басқа да құрлықтарға қанат жая бастады.
«Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» демекші, елден-елденге жайылған бұл мейрам бізге жеткенше сан түрлі ырымдар мен сорақылықтарды жинай келіп, талғамсыз қоғамымызға тез-ақ сіңіп кетті. Мысалы, бассыз шабарман аңызынан қалып кеткен от жанған асқабақты бұл күндері біздің көшелерден де көре аласыз. Болмаса қараңғы көшеден тап берген түрлі құбыжықтарға тәттілер бермесеңіз, оңайлықпен құтыла алмайсыз. Қызық көріп қызынған жастардың «бұның бәрі дінімізге қайшы әрекет емес пе» ойланбауы қынжылтады. Әбу Дәуідтің «Кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады» деген хадисін еске алсақ, пұтқа табынушылар мен жын-шайтандарды тірілту қамымен қансорпа болған қиялилардың бұл әрекетін дұрыс дейтін біреу табылар ма?! Сонау ықылым заманнан бері қызына қырық үйден тыйым салып, ұлына ұлағат ұқтырған қазақ елі бұндай мерекені бір-ақ сөзбен "жынойнақ" деп атаған. Десе дегендей, келбеті мен кескінін жындар мен шайтандарға ұқсатқандардың жынойнағынан ұлтымызға зиянынан басқа пайдасы бар ма?
Қазіргі кезде мектеп бағдарламасына мықтап енген ағылшын тілі оқулықтарының ішінде осы хэллоуин мерекесі жайлы жан-жақты жазылып, қысқа-қысқа шығармалар (топик) арқылы насихатталуы ешкімнің назарын аудармағаны ма? Кезінде атақты «Әулие Валентин» күнін жұрт болып жабыла тойлап, тіпті оқу ордаларына арнайы хат жәшігін қойып шабылғанымыз бар еді. Зорға дегенде, билік тарапынан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні бекітіліп, жастарымызды жат мейрамнан жирендіру кеш басталған болатын. Атам қазақтың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылына дер кезінде құлақ түріп, хэллоуинге қарсы шара қолданбасақ, түптің түбінде бармақ тістеріміз сөзсіз.
Айдос ИМАНТАЙ
http://www.muslim.kz/