Амангелді Айталы: Дінді қорғау - ұлтты қорғау. Намаз оқитын жастарды қудалауды тоқтату керек
Амангелді Айталы: Дінді қорғау - ұлтты қорғау. Намаз оқитын жастарды қудалауды тоқтату керек
Амангелді Айталы Ақтөбедегі діни жағдайдың ушығу себебін мемлекет хатшысының алдына жайып салды. Қоғам қайраткерінің айтуынша, діни сауаты жоқ әкімдік қызметкерлері тек "дікеңдеумен" жүйкені жұқартып, құқық қорғау қызметкерлері қудалаумен жағдайды тек асқындырып жатыр.

 

Мешітке баратын жастарды жұмысқа қабылдамай, алалау бар.

«Атеистік қоғамда дін жағдайы өте күрделі. Біздің елімізде жасанды діншіл болып көріну бар. Ысырапшылдық, киім, көп әйел алу, өркөкіректік, дінге деген салқындық әлі бар. Мемлекеттік қызметшілер мен мұғалімдер намаз оқитын жастарға күдікпен қарайды. Мешітке баратын жастарды жұмысқа қабылдамай, алалау бар. Экстремизмге жақын деп отбасы мүшелеріне күдікпен қарау бар. Дін төңірегіндегі жағдай оңды болмай отыр», - деді қоғам қайраткері.

Амангелді Айталы мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға шынайы жағдайды баяндай отырып, облыс әкімінен қадағалауды сұрады.

Мемлекеттік мекемелерде мәдениет жоқ
«Жастар құқық қорғау органдарының жұмысына риза емес. Пагон тағатын адамдар намаз оқитын жастарды  қудалап, шамадан тыс күдіктеніп, үйіне келіп айыптайды! Қазір уақыт өзгерді, бірақ, көненің психологиясы кете қоятын емес. Осыны құқық қорғау органдары ескерсе екен. Біз елбасының институционалдық бағытын жүзеге асыру бойынша нақты қадам жоспарын бастадық. Онда бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлердің мәдениеті тұр. Ол дін мәселесіне де қатысты. Мемлекеттік мекемелерде мәдениет жоқ», - деді Амангелді Айталы.

Теріс ағыммен жаппай күресті бастаған мемқызметкерлер "дікеңдеуден" әрі аспай жатыр.

Мешітке барып "дікеңдемей" «құрметті имам» деп құрмет көрсет.
«Бердібек Машбекұлы, біздің әкімдіктегі қызметкерлердің діни сауаты төмен. Бұлар "дікеңдеуді" біледі, бақылауды біледі. Бірақ, мәдениеті жоқ. Оларда елдің арасындағы ризашылық кемде кем. Мектептің директорын әкімшілікке шақырып «Сенің балаң неге мешітке барады» деп жағадан алады. Осындайдан кейін буыны қатпаған жастар неге теріс ағымға түспесін, түседі! Сондықтан, менде бір ұсыныс бар. Ол тек менің ұсынысым емес. Басқару органдарында, әкімшілік,  құқық қорғау органы болсын дін тұрғысынан сауатты болуы керек. Мешітке барып "дікеңдемей" «құрметті имам» деп құрмет көрсет. Біз кейде адамдарды осы мінезімізбен ушықтырып алмаймыз ба деп қорқамын. Теріс ағымға мылтықпен,  полициямен күрес жүргізе алмаймыз. Идеяны идеямен жеңу керек. Азаматтық қоғам күшімен күресеміз. Ағымдарға қазақ дәстүрін насихаттаумен жеңеміз», - деді қоғам қайраткері.
Дінді қорғау - ұлтты қорғау.

Өңірдегі діни жағдайдың ушығуына жүргізіліп жатқан тексерістердің де әсері барын айтқан Амангелді Айталы төзіммен, сабырлықпен жұмыс жасаудың жетпей тұрғанын айтты.

«Дінді қорғау - ұлтты қорғау. Дінге сенімсіздік туғызу - ұлт болашағына сенімсіздік туғызу.  Қалың қазақ арасында шүкіршілік ететіндер көп. Келісімнің тұрақты болып отыруы соның арқасы. Оларға күдік туғызбау керек. Қудаламау керек», - деді ол.

 

Источник: Nur.kz
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 лет назад 6151
4 комментария
  • МА ША АЛЛА АЛЛА бұл кісіне рахымына мейріміне бөлесін және ахыретте дәрежесін көтерсін.
    9 лет назад
  • Мешіттерде екі тілде уағыз айтылса қалай болады екен. Көбіне орыстілділер интернетпен басқа жақтан ақпарат алады. Жұма намаздарда айтылатын дəрісті түк түсінбейтіндер бар.
    Ауылда ұлдарға мешітке барма деп ұрсатын апайлар арақ ішіп қыдырғандарға ұрыспайды деп естігенде таңғалдым . Ол мұғалімдерге де жоғарыдан тапсырма беретіндер бар екен-ау.
    9 лет назад
  • Екі тілде айтылу үшін мамандар да ,уақыт та жетіспейтін шығар. Жұма уағызы парақшалармен таратылады екен.Соны екі тілге де аударып шығаруға болатын сияқты. Қазақша түсінбейтіндер орысшасын оқып отырады. Үлкен қалаларда , басқа ұлттар көп шоғырланған аудандарда.
    9 лет назад
  • Кең жазира далама, бостандыққа шығып ынталы жүрегі жан әлемінің шынайы бақытын тапқан, басқа әлемге ашылған адам болмысын бұрынғы қапаста ұстаймын деу бос әуре. Алланың ұлық жолын мойындамау енді үлкен қасірет болмақ. Мұндай жан әлемінің жан Иесіне ашылуы үлкен бақыт емес пе?


    9 лет назад
О блоге
0
1466338 349 725 19451 296