Ханафи мәзһабы бойынша хадис үш түрге бөлінеді: Мүтәуәтір, Мәшһүр және Ахад хадистер.
Мүтәуәтір хадис деп – Пайғамбарымыздан (с.а.у.) бастап, соңғы естуші кісіге дейін жалған дейтіндей дәйекке жол бермейтін көпшілік тарапынан жеткен риуаятты айтамыз. Мысалы, бес уақыт парыз намаздары, зекет беру т.б.
Мәшһүр хадис деп – алғашқы буынғы (сахабалар кезеңі) хадис риуаят етушілердің саны аз болғанымен, кейінгі екінші және үшінші дәуірдекі (табиғин және атбәғут табиғин кезеңінде) риуаят етушілердің саны күрт көбейіп, мүтәуәтір деңгейіне жеткен хадисті айтамыз.
Ахад хадис деп – риуаят етушілердің саны жағынан алдыңғы екі хадис (мүтәуәтір және мәшһүр) деңгейіне жетпеген хадистерді айтамыз[1].
Хадистің осы үшінші түрін қабылдауға қатысты Ханафи мәзхабының өзіндік шарттары бар. Ол шарттар қысқаша төмендегідей:
- Ахад хадистегі үкім Құран аяттары мен мүтәуәтир және мәшһүр хадистерге теріс келмеуі керек.
- Жалпылама Ислам қағидаларына теріс келмеуі тиіс.
- Ахад хадисте қамтылған үкім көпшілікке қатысты дүние болмауы керек. Яғни, егер хадистегі айтылған үкім көпшілікке қатысты болған жағдайда неге бірен-саран сахабадан ғана бізге жетеді? Демек, оның үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыздың сөзі екендігінде күмән бар[2].
- Ахад хадисті риуаят еткен сахаба, өзі айтқан хадистегі үкімге қайшы әрекет етпеген болуы керек. Сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімге теріс әрекет еткендігі анықталса, оның әлгі жеткізген хадисі қабыл етілмейді. Неге десеңіз, аталмыш сахаба өзі риуаят еткен хадистегі үкімді жоятын одан да қуатты дәлел кездестірген болуы мүмкін[3].
Осыған орай, «Рукуғтан тұрғанда қолды көтеру» жайында келген хадистер жоғарыда тізілген талаптардың соңғы екеуіне сай емес десек қателеспеспіз, дәлірек айтқанда, үшінші мен төртінші бөлімде көрсетілген талаптарға (3 пен 4).
Біріншіден, «рукуғта қол көтеру» мәселесі көпшілікке қатысты дүние. Пайғамбарымыз намазды көпшілікпен оқыған. Осы тұрғыдан алғанда, оның бұл қимылын жалғыз-жарым сахаба емес, жүздеген адам жеткізуі керек еді. Қысқаша айтқанда, бұл хадис ахад емес, мүтәуәтир дәрежесінде болуы тиіс еді. Демек, ол әрекеттің үкімі не жойылған, не болмаса, Пайғамбарымыздың кейде жасаған әрекеті болуы мүмкін. Өйткені, Оның (с.а.у) рукуғта қолды көтергендігі жайында келген риуаяттармен қатар[4], ол әрекетті теріске шығаратын деректер де жоқ емес[5].
Екіншіден, «рукуғта қол көтеріледі» деген хадисті риуаят еткен Абдулла ибн Мәсғуд, Абдулла ибн Омар, Али ибн Әби Талиб сынды ғалым сахабалар өздері риуаят еткен хадистеріне, өздері теріс амал еткендігі кітаптарда бар. Мысалы, «Сахих Бухариде» сахаба Абдулла ибн Омардан келген хадисте Пайғамбарымыздың рукуғқа барғанда және одан бас көтергенде қолын иық тұсына көтергендігі айтылғаны рас[6]. Бірақ, кейіннен ол өзі айтқан аталмыш хадиске теріс әрекет еткен. Мүжәһидтің айтуына қарағанда Абдулла ибн Омар намазда тек әуелгі тәкбірде көтеретін. Оның бұл әрекеті әлгі өзі келтірген хадистің үкімінің жойылғандығын көрсетеді[7]. Әбу Дауідте Әзірет Алиден де Алла Елшісінің рукуғда қолды көтергендігі жайлы айтқандығы бар. Әйтсе де, Әзірет Алидің рукуғдан кейін қолын көтермегендігіне қатысты дерек те жоқ емес.
Біз жоғарыда аталмыш мәселе төңірегінде айтылған хадистердің неге алынбағанын қысқаша әрі қарапайым түрде түсіндіруге тырыстық. Дегенмен, біздің айтқандарымызбен ғана шектеледі деп ойламауымыз керек. Осы жазбада келтірілген дәлелдер тек бергі беті ғана дегеніміз дұрыс болар. Ең дұрысын Алла біледі!
Қосымша мәлімет алғыңыз келсе, мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/namaz/hanafi-mazhaby-boiynsha-namaz-rukugqa-barganda-jane-rukugtan-turganda-qoldy-koteru-maselesi-553/#gsc.tab=0