Ұлық Имам Әбу Ханифаның (Алла оны рахымына бөлесін) заманы - әртүрлі ағымдар мен философиялық мектептердің қайнап жатқан шағы тұғын. Сол күннің өзінде Ислам дінін қор көріп, ондағы діни наным-сенімдерін масқара еткісі келетіндердің қатары аз емес-тін.
Күндердің бірінде Құдайға сенбейтін, ақырет пен қайта тірілуді және пейіш пен тозақті жоққа шығаратын, ақылға сыйымсыз заттарды өтіріксінетін бір топ атеистер Имам Ағзам Әбу Ханифаның дәріс алқасына келеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа оларға қарап:
- Сіздер кімсіздер? – деп сұрайды.
- Біз Аллаға сенбейтін атеистерміз – деп жауап береді олар.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Маған неге келдіңіздер?
Атеистер:
- Қояр сұрағымыз бар. Жұрт сізді білгір деп жүр. Әр нәрсеге жауабыңыз дайын екен. Естіп жатырмыз.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Мархабат. Не сұрағыларыңыз келеді?
Атеист:
- Мұсылмандар өлгеннен кейін қайта тірілу күні, яғни, қиямет қайым бар дейді екен. Рас па?
Әбу Ханифа (р.а.):
- «Баъсу баъдәль мәути хаққун» - Өлгеннен кейін қиямет-қайымда қайта тірілу – хақ.
Атеист:
- Және есеп-қисап күні бар, ол күні - барлық адам өткен өмірінің есебін береді дейсіздер. Солай ма?
Әбу Ханифа (р.а.):
- Солай.
Атеист:
- Есеп-қисаптан кейін кейбір адамдар пейішке, кейбір адамдар тозаққа барады дейсіздер. Солай ғой?
Әбу Ханифа:
- Әлбетте.
Атеист:
- Пейішке барғандар қалаған нәрсені жейді, қалаған нәрсені ішеді, бірақ әжеттерін өтемейді дейсіздер, әжетханаға бармайды дейсіздер. Солай ма?
Әбу Ханифа (р.а.):
- Дәл солай
- Күні бойы жеп-ішкен адам ешқашан әжетханаға бармауы мүмкін бе? Өздері қалаған нәрселерін тоя жеп тұрса, тоя сусындар ішіп жатса, қалайша үлкен дәретке де, кіші дәретке де бармауы мүмкін? Бұл ақылға сыйымсыз нәрсе ғой. Осындай ақылға сыйымсыз дүниелерге қалай сенесіздер? Ешқандай дәлелі жоқ әртүрлі нәрселерге сенесіздер. Бірақ мынауларыңыз мүлдем шеттен шығушылық. Соқыр сенімділіктің де шегі бар шығар! – деп, атеист қарсы шығады.
Сонда Имам Ағзам Әбу Ханифа жымиып:
- Оның ақиқат екенін дәлелдеп берсем, қабыл етесіз бе? – деп сұрайды.
Атеист:
- Оны қалай дәлелдемекшіңіз? Мені о дүниеге апарасыз ба? – деп күледі.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Оны дәлелдеу үшін о дүниеге аттанудың қажеті жоқ. Осы дүниеден-ақ дәлелдеуге болады.
Атеист:
- Ол қалай болмақ?
Әбу Ханифа (р.а.):
- Сіздер дүниеге келмей тұрып, қайда едіңіздер?
Атеист:
- Анамыздың ішінде
Әбу Ханифа (р.а.):
- Ол жерде қанша уақыт болдыңыздар?
Атеист:
- Тоғыз ай.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Хош. Тоғыз ай бойы тірі едіңіздер ме, әлде өлі ме?
Атеист:
- Әрине, тірі едік.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Хош. Сонша уақыт ана жатырында тірі қалу үшін ішіп-жеудің қажеті бар ма, қажеті жоқ па?
Атеист:
- Қажеті бар, әрине. Ол жерде де шақалақ анасы арқылы қоректенеді. Онсыз өліп қалады емес пе, - дейді атеистер.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Демек, сіздер аналарыңыздың ішінде тоғыз ай бойы ішіп-жедіңіздер ғой, солай ма?
Атеист:
- Иә, солай деуге болады.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Олай болса, дәрет сындыру үшін қайда барған едіңіздер?
Ғалымның бұл сауалына не дерін білмей сасып қалған атеистер:
- Шынында да, ана жатырында әжетхана жоқ қой. Оны қалай ойламағанбыз, - дейді бір-бірлеріне.
Әбу Ханифа (р.а.):
- Ееее, көрдіңдер ме?! Бұ дүниенің өзінде құдіреті күшті Алла Тағала әжетке бармайтын жер жаратып қойған болса, о дүниеде де сол сияқты әжетін өтемейтін жер жаратуға құдіреті жетпейді деп ойлайсыздар ма?
Сөзден жеңілген атеистер Имам Ағзамның тапқырлығына бас иіп, тілдерін кәлимаға келтіріп, түгел мұсылман болған екен.
---------------------
Телеграмм каналыма жазылыңыз: t.me/abdusamatkasim