Имам Шағрауи және радикалды түсінікке ие мұсылман жігіт (оқиға)
Имам Шағрауи және радикалды түсінікке ие мұсылман жігіт (оқиға)

ХХ ғасырдың білікті дін ғалымдарының бірі, дін қайраткері Имам Мутәуәлли әш-Шағрауий (1911-1998 ж. рахимаһулла) өзінің басынан өткен бір оқиғасын былай деп баяндаған екен:  

Мен радикалды түсінікке ие бір жігітпен пікірлесіп, әңгіме құрған едім. Мен одан:

- Мұсылман мемлекеттерінің бірінде орналасқан түнгі ойын-сауық клубтарын жарып жіберу халал ма, харам ба? – деп сұрадым.

- Әрине халал. Ондағыларды өлтіруге рұқсат, - деп жауап берді жігіт.

- Егер оларды Аллаға қарсы келіп, күнә істеп жатқан сәттерінде өлтірсең, олар о дүниеде қайда барады? – деп тағы сұрадым. Ол:

-  Әрине, тозақ отына, - деді.

- Шайтан оларды қайда алып кеткісі келеді? – дедім тағы. Ол болса:

- Әрине, шайтан оларды тозаққа алып кеткісі келеді, - деді. Сонда мен:

- Олай болса, сендердің де шайтанмен мақсаттарың бір екен ғой, яғни, (ортақ мақсаттарың) адамдарды тозақ отына кіргізу, – дедім де, оған Алла елшісінің мына хадисін айтып бердім:

Бірде бір яһуди дініндегі адамның өлген денесін алып кетіп бара жатады. Оны көрген Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол сәтте жылай бастапты. Қасындағы сахабалары: «Уа, Расулаллаһ! Сені жылатқан не нәрсе?» деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм оларға: «Маған ұстатпай, тозақ отына кеткен жан жылатты», - деп жауап береді. – Енді сендер мен Пайғамбардың арасындағы айырмашылыққа қарашы! – дедім әлгі жігітке. – Алла елшісі адамдарды тура жолға бастап, оларды тозақ отынан құтқарайын деп жанталасты. Ал сендер болса... Сендер бір сайдасыңдар, сүйікті Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәләмм басқа бір сайда!» - дедім.

Араб тілінен аударған: А. Қасым 

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
5 жыл бұрын 6399
0 пікір
Блог туралы
0
1466338 349 725 19451 296