Халықтың пайдасына қаулы шығарғаны үшін билікке жақпай қалып, зынданға тасталған ғалым
Халықтың пайдасына қаулы шығарғаны үшін билікке жақпай қалып, зынданға тасталған ғалым

Ханафи құқық мектебінің жарық жұлдызы – Әбу Бәкір Мұхаммад ибн Әбу Сәһл Ахмад әс-Сәрәхси. Ислам тарихында көбіне «Имам әс-Сәрахси» атауымен танымал бұл ғұлама Миләди жыл санауы бойынша 1009 жылы (хижри 400 ж), қазіргі Түрікмен еліндегі Ахал өлкесінің (Ahal welaýaty), Иранмен шекаралас Серахс қалашығынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан, бұрын өркениет орталықтарының бірі саналатын, ал бүгінде тек үйіндісі қалған сол кезеңдегі Серахс кентінде дүниеге келген.  Оның ақылдылығы мен білімінің тереңдігіне әрі зеректігіне сай  ұстазы оған «Шәмсүль ә’иммә», яғни, «ғұламалардың күн шуағы» деген лақап ат қояды. 

Имам Сәрахси Қараханидтер дәуірінде, Хакан Әмір Хасан хан кезінде өмір сүрді. Сол тұстағы Қарахан мемлекетінде сыртқы қауіп-қатермен қоса, іштегі кикілжіңдер де аз емес-тін. Әсіресе, үкімет пен халықты аузына қаратқан ғұламалардың арасында келіспеушілік көптеп кездесетін. Халықты есеңгіретіп жіберген үкіметтің салығы күннен-күнге артуына байланысты діндар ғалымдар үкіметтен бұл бейберекетсіздікті доғаруды талап етеді. Сол ғалымдардың бірі Имам Сәрахси еді. Ол салық жөнінде қарапайым халықтың пайдасына шешілетін тура пәтуа (заң) шығарады. Оның бұл әрекеті жергілікті билік иелеріне ұнамағандықтан, «мемлекетке халықты қарсы қойды» деген желеумен 1073 жыл (хижри 466 ж) Өзкент қаласындағы зындандардың біріне тасталады. Он төрт жылдай осы зынданда тұтқында жатқан ғалымды оқу-жазудан мүлдем тыйып тастайды. Бірақ бостандықтағы шәкірттері зынданның айналасына жиналып ғұламадан дәріс алуды доғармады.

Ғұламаның зынданда өткізген он төрт жылы ішінде ханафи мәзһабындағы фиқһ кітаптарының қайнар-бастауларының бірі болып есептелетін 30 томдық «әл-Мәбсут» атты бағалы туындыны жарыққа шығарады. Оқу-жазуды тыйып тастағандықтан ғалым аталмыш туындыны өзі жатқа айтып, сырттағы шәкірттеріне қағаз бетіне көшіртіп отырған. Аталмыш еңбекте, ханафи ғалымдарының пәтуаларымен қатар, өзге мәзһаб ғұламалардың да тұжырымдамалары дәлелдерімен келтірілген. Әсіресе, бұл еңбектің бір ерекшелігі – дәлел және одан шыққан үкімнің арақатынасын логикалық тұрғыда түсіндіріп, астарындағы мән-мағынасын ашуға тырысуында. Бұл кітап бүгінгі күнге дейін негізгі еңбек ретінде оқылып келеді. Осындай алпауыт еңбекті қатесіз жатқа айтып жаздырған ғұламаға қайран қалмау мүмкін емес.

Имам Сәрахси арадан он төрт жыл өткеннен кейін 1087 жылы ақталып, қамаудан босатылады. Одан шыққаннан кейін Имам Сәрахси Мәрғинан атты жерге аттанады. Сол елді-мекенде милади жыл санауы бойынша 1090 жылға дейін өмір сүріп, 81 жасында қайтыс болады. Алла оған разы болсын!

("Отыз томды ойға сақтаған Имам Сәрахси" атты жазбадан).

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
5 жыл бұрын 3812
0 пікір
Блог туралы
0
1466338 349 725 19451 296