«Аян» сөзі - араб тіліндегі عِيَان (ъиян) сөзінің қазақша нұсқасы. Оның түбірі - арабшадағы «көз» деген ұғымды білдіретін «ъайн» (عَين) сөзіне барып тіреледі.
«Аянның» (عِيَان) араб тіліндегі сөздік мағынасы: «бір нәрсені ап-айқын және күмән тудырмайтындай анық көру» - дегенға саяды[1].
(Осындағы "Ъиян" сөзінің "аян" болып өзгеруі - қазақтың тілдік ерекшелігіне қатысты болып отыр. Құдды араб тіліндегі "ъид" сөзінің қазақша "Айт" болып өзгергені секілді. Ораза айт, құрбан айт.).
Қазақ дүниетанымында «аян» ұғымы - көбіне болашақта болатын әлдебір жағдайды Алла тарапынан алдын-ала көрсетілуі деп түсінілген. Ол кейде түсінде көрсетілуі мүмкін, кейде өңінде көрсетілуі мүмкін. Мысалы: «түсіме аян кірді» делінсе, онысы түсінде көргені. Ал, маған «аян берілді» десе, өңінде болып отыр.
Осы тұрғыда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үш түрлі түстің болатындығын білдіреді. Олар:
1. Салиқалы түс. Хадисте «ру’я салиха» деп келеді. «Мәнді, мағыналы түс» деген сөз. Басқаша атауы - «Рахмани түс».
2. Шайтанның үркітуі. Оны «Шайтани түс» дейді.
3. Өз-өзіне айтқан нәрселерінің түсінде көрінуі немесе ойлаған нәрсесінің түсіне кіруі. Яғни, "қияли түс".
Аталмыш түстердің «салиқалы түс» (Рахмани түс) түрін қазақшадағы «аян» ұғымына жатқызуға болады. Ондай түс - Алла тарапынан келген аян іспетті, айқын.
Біз соңғы бір-екі ғасырда "аян" сөзін көбінесе тәуіп-бақсылардан естіп келгендіктен «аян көрді» делінгенде, бірден оны сол тәуіпшілікпен байланыстырып жатамыз (тәуіптердікі - жын). Алайда, аян - Алла достары әулие кісілерге де білдіріліп жатады, сондай-ақ, құлшылығы дұрыс, харамға жоламайтын тақуа мұсылмандарға да аян берілуі мүмкін. Яғни, аян берілуді - бір тылсым жағдайдың немесе болашақта орын алатын әлдебір оқиғаның ап-айқын көрсетілуі дейтін болсақ, ол - кез-келген көкірек көзі ашық, жүрегіне Алланың нұры түскен мүмін-мұсылмандарда орын алып тұрады десек қателеспеспіз.
АЯН МЕН УАХИ БІР МЕ?
Аянды «уахимен» шатастырмау керек. Уахи – пайғамбарларға (ғ.с.) тікелей Жебірейіл періште арқылы Алладан жолданған қасиетті жолдау. Ол тек пайғамбарларға ғана тән нәрсе. Ал аян болса, пайғамбарлардан бөлек, әулиелер мен тақуа мұсылман кісілерге де берілуі мүмкін.
Осы орайда, пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның «Хандақ» соғысында[2] көрсеткен кереметі осы аянға мысал. Хандақ соғысында мұсылмандар қорғаныс мақсатында үлкен ор қазады. Ор қазу барысында дәу бір қара тасқа кезіккен сахабалар, оны қанша тырысса да талқандай алмай, дал болды. Мұсылман әскерінің қолын ұстап, әлекке түсірген бұл кедергіні Алла елшісі (с.а.у.) қолына зілбалға (кувалда) алып, үш ұрып талқандайды. Әр ұрған сайын Оған (с.а.у) Кисра, Сирия және Йемен жерлерінің мұсылмандарға өтетіні анық көрсетіледі. Осы оқиғадағы ардақты Пайғамбарымызға көрсетілген дүниені «аян берілу» деп түсінсек болады.
АЯН ЖӘНЕ ИЛҺӘМ
Аян түсінігінен бөлек Исламда «илһәм етілу» түсінігі бар. Илһәм - аянға жақын. Бірақ, илһәмның аяннан бір айырмашылығы - «илһәм» көбінесе жүрекке сезіліп, көкейге білдіріледі. Ол қазақшадағы «ішкі түйсік» (интуиция) немесе «шабыт» ұғымдарына жақын. Илһәм етілген нәрсе көзге көрсетілмейді, жүрекке білдіріледі. Ал аян болса, ап-анық көзге көрсетіледі, сондықтан да, ондай құбылысқа «аян» делінген.
[1] عيان - مصدر عَايَنَ : لَقِيتُهُ عِيَاناً : لَقِيتُهُ مُشَاهَدَةً، أَيْ لَمْ أَشُكَّ فِي رُؤْيَتِي إِيَّاهُ
[2] Хандақ соғысы (الخندق) – Миләди 627 жылы, 31 наурызда мүшрік әскерлері мен Бәни құрайза яһудилері бірігіп, мұсылмандарға қарсы ашқан соғыс. Бұл соғыста жау әскері Медине қаласын 27 күн бойы қоршауда ұстайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) бастаған мұсылмандар дұшпан әскерін қалаға кіргізбес үшін қаланың айналасына үлкен ор қазады. Осыған орай ол соғыс – «Хандақ соғысы» деп аталып кеткен.