Айт намазына шықпай тұрып, не істеген дұрыс?
Айт намазына шықпай тұрып, не істеген дұрыс?

Отыз күн Алла разылығы үшін ішіп-жеуден өзін тыйған кісі үшін айт күні - қуанышқа бөленетін күні. Отыз күн бойғы ұстаған оразасынан кейінгі үлкен бір «ауыз ашары» іспетті. Сондықтан да оны - «Ъидуль Фитр», яғни,о «ауыз ашар мейрамы» деп те атаған. Бұл күн айт намазымен басталады. Айт намазын оқу балиғатқа толған ер кісі үшін - уәжіп. Айт намазына шыққан кісіге мына әрекеттерді орындау сауапты:

1. Намазға бармастан бұрын үйінен дәм татып шығу. Бұл жайында сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді:«Пайғамбарымыз айт күні бірнеше құрма жемей (мешітке) шықпайтын»[1]

2. Жуыну. Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты хадис жинағында сахаба Абдулла ибн Омар айт күні айт намазына мешітке шықпай тұрып жуынып-шайынып алатындығы айтылады[2].

3. Хош иіс себініп, әдемі киім киіп шығу. Әзірет Омар базарда сатылып тұрған жібек киісті көріп Пайғамбарымызға: «Уа Алланың Елшісі! Мынаны сатып алсаңыз екен. Айт күндері және сырттан келген қонақтарға әдемі боп шығар едіңіз», - дегенде Ол (с.а.у): «Бұл (жібек) киіс құдайдан үміті жоқтардың киісі» [3], - деп қабыл етпеді. Бұл хадиске үңіліп қарасақ, Пайғамбарымыздың заманында да айт намазына әсем киім кию үрдісі бар болғандығын байқаймыз.

4. Айт намазынан бұрын пітір садақасын беру.Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақасын айт намазына шықпай тұрып беретін болған.

5. Айт намазына бара жатқан жолда іштей тәкбір тәшриқты айту: «Аллаху Акбар, Аллаху Акбар, ля Иляха илля-Ллах,уа-Ллаху Акбар, Аллаху Акбар уа ли-Лляхи-ль-хамд»

6. Мешітке келген кісі айт намазы оқылмай тұрып нәпіл намаз оқымайды[4]Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) айт күні тек екі ракағат айт намазын оқыған. Одан бұрын не одан кейін намаз оқымаған[5]... .

[1] Сахих Бухари, Китабуль ъидайн – 953.
[2] Әл-Муатта, Китабуль ъидайн – 428.
[3] Бухари, Китабуль Жиһад - 2889
[4] Хидая – 1/210-211 бет; Биная – 3/99 бет.
[5] Бухари, Китабуль ъидаин – 964.

Абдусамат Қасым
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
9 жыл бұрын 6286
5 пікір
Блог туралы
0
1466338 349 725 19451 296