Пайғамбарымыздың миғраж түні мінген "Пырақ" жануарының түр-сипаты қандай?
Пайғамбарымыздың миғраж түні мінген "Пырақ" жануарының түр-сипаты қандай?

Пырақтың негізгі арапша атауы – Бұрақ. Ол – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ғ.с.) миғраж түні мінген ғажап жануардың аты.  

Сахих Муслимде келген риуаятқа қарағанда Пайғамбарымыз Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің серік етуімен түнде Бурақ (Пырақ) деп аталатын ақ жануарға мініп әуелі Меккеден Палестинада орналасқан Ақса мешітіне келеді. Алланың елшісі Ақса мешітінде екі рәкәғат намаз оқып шықаннан кейін, Жәбрейіл періште (ғ.с.) оны жеті көкке көтеріп алып кетеді[1].

«Бұрақ» сөзі араб тіліндегі: найзағай, жалт-жұлт еткен, зулау мағыналарын білдіретін بَرْقٌ-«Бәрқ» деген сөзден шыққан деседі ғалымдар. Демек «Бұрақ» есімінің мәні: жай оғындай жылдам, әп-сәтте мына жерден, ана жерге жете алатындай тез деген ұғымды білдірсе керек.  Хадисте былай делінген: «Маған Бұрақ есімді аппақ жануар әкелінді. Есектен биік, қашырдан аласа. Тұяғын бір серпігенде көз жетер жерге жетіп алады. Оған міндім де, Құдусқа келдім...»[2].

Біз кездестірген хадистерге қарағанда Пырақтың түр сипаты мынадай:

1. Есектен үлкен, қашырдан кіші;

2. Бір аттағанда көз жететін жерге жететіндей жылдам;

3. Кіршіксіз ақ түсті

4. Тұяқты жануар[3].

5. Арқасы ұзын;[4]

6. Жүгенделіп, ерттелген[5];

7. Көтерілгенде артқы аяғы ұзарып, төмен түскенде алдыңғы аяғы ұзарады[6].

Қандай болғанда да, Пайғамбарымыздың осындай бір жануарға мініп, айлап жүретін ұзақ жерге, бір түнде жетуі Алла тарапынан көрсетілген үлкен мұғжиза, керемет дүниесі.

«Құлын (Мұхаммед Ғ.С. ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Ақсаға апарған Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші»[7].

[1] Сахих Муслим: Китабул Иман - №238 хадис.
[2] Сахих Муслим: Китабул Иман - №238 хадис
[3] Сахих Бухари, Сахих Муслим.
[4] Тирмизи - №3091 хадис.
[5] Сахих ибни Хаббан - №46 хадис.
[6] Әл-Мүстәдрақ - №8897 хадис.
[7] Исра сүресі.

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
2 года назад 919
0 комментариев