Зүлқарнайын деген кім? Александр Македонский ма?
Зүлқарнайын деген кім? Александр Македонский ма?

Құран Кәрімде Кәһф сүресінде Зүлқарнайынға қатысты шағын оқиға айтылғаны болмаса, оның кім екендігі және қай жерде, қай уақыттарда өмір сүргендігі жайында нақты әрі ашық айтылмаған. Бір айтылғаны: жер бетін билейтіндей күшті, көздеген мақсатына жетудің жолын білетін білікті және ақылды кісі болған. Құран сөзімен айтсақ: «Біз оған әр нәрсенің себебін бердік», - делінеді аятта.

Тарихи деректерге үңілер болсақ, астроном, ғалым Әбу Райхан Мұхаммед әл-Бирунидің (973-1048 ж) «әл-Әсәрул бақия анил Құрунил Халия – Өткен ғасырлардың қалдырған іздері» атты еңбегінде Зүлқарнайынның тегі жайында сөз етілген. Ондағы дерек бойынша, Химьяр есімді көне заманда патшалық болған (б.з.д. 110-599 ж.). Олар патшаларына «Зү» сөзін тіркестіріп лақап ат тағатын. Құдды арабтардың  «Әбу» сөзін тіркестіріп айтатыны секілді. (Зү - «Иесі» деген мағынада). Зүлқарнайын да сол,Химьяр елінің патшаларының бірі. Оның шын аты – Әбу Бәкір ибн Ифриқаш. Ол әскерлерімен жер орта теңізіне дейін барған.Тунус, Марокко т.б. жерлерден өткен. Ифриқия қаласын құрған. Осыдан кейін барып, африка материгі түгелдей соның атымен аталып кетті («Ифриқия» деп). Батыс пен шығысқа немесе күннің батысы мен шығысына табаны тигені үшін оның атын «Зүлқарнайн» деп атайтын болған екен[2].    

«Македонскиймен қатысы бар ма?» дегенге келер болсақ, тәпсіршіИбн Кәсирдің айтуы бойынша (1301-13071 ж), оның Македонский болуы мүмкін емес. Александр Македонский - Македония елінің патшасы Филиптің ұлы. Ұлты - грек. Кеңесшісі – атақты Аристотель.Иса пайғамбардан үш жүз жыл бұрын өмір сүрген. Бұнымен қатар, Александр Македонский грек құдайларын ұлықтаған мүшрік еді.

Ал, Зүлқарнайын болса, әл-Азрақи және басқалардың айтуына қарағанда, Ибраһим пайғамбар заманында өмір кешкен адам.Ибраһимге сеніп, соның жолын ұстанған алғашқылардың бірі. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) қағбаны тұрғызғанда, онымен бірге кағбаны тауап етіп, құлшылық еткен тақуа жан. Қасынан Қызыр (ғ.с.) айырылмаған деседі[1].

Зүлқарнайынды Македонскиден басқа, б.з.д. 2237-2200 жылдары өмір сүрген Аккад патшасы Нарам-Суэнмен баламалайтын мамандар да бар. Олардың пайымдауынша, Нарам-Суэн мен Зүлқарнайын арасында ұқсастық табуға болады. Нарам-Суэн де әлемді билеген патша. Оның тасқа қашалып салынған суретінде екі мүйізді дулыға киіп алған бейнесі бар. Сондай-ақ, деректерде Нарам-Суэн монотеизм, яғни, бір құдайшылық сенімін қолдағаны айтылады. Осыған қарағанда Нарам-Суэнді Құранда аты аталған Зүлқарнайынға ұқсатуға болады дейді олар. Нарам-Суэн жаулап алған елді-мекендердегі пұтханаларды қирататын болған екен. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Құранда тілге алынған Зүлқарнайын деген кісі бір Аллаға шақырып, Оның есімін ұлықтап жүрген, игі сүйер, салиқалы, әрі, залымдардың сазайын таттырып, ізгі адамдарды қолдайтын мерт адам болған. Онысын Құранда баян етілген мына бір сөзінен байқаймыз:

«Ол былай деді: «Зұлымдық еткен адамды біз жазаландырамыз. Кейін, Алланың алдына барғанда Алла оны қатты азапқа душар етеді.  Ал, иман етіп, игі іс істеушілерге көркем сыйлық бар. Сондай-ақ, жеңіл іс бұйырамыз..»[3]

Ендеше, оны Александр Македонскиймен шатастырмау керек. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Дерек көз: Саид Құтуб. «Фи зиләлил Құран». Кәһф сүресінің тәпсірі.
[2]  Ибн Кәсир, Кәһф сүресі тәпсірі.
[3] Кәһф сүресі, 77-78 аяттар.

 Абдусамат Қасым

Зүлқарнайын, Александр Македонски ма
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
2 жыл бұрын 1909
1 пікір
  • Өте қажетті мағлұмат екен. Өте жақсы шығыпты. Қалғандары да осы мақаланы тиянақты оқып шықса құба құп болар еді...
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
562617 353 723 19402 295