ҮШ ЖҮЗГЕ ПІР БОЛҒАН АЙҚОЖА ИШАН
ҮШ ЖҮЗГЕ ПІР БОЛҒАН АЙҚОЖА ИШАН

ИШАНДАР

Ишандар және олардың қазақ даласындағы ықпалы туралы айтқанда, ең алдымен бұлардың діни іліміне назар аудару керек. Олар ел өмірінде әлеу­меттік топты құра отырып мұсылман дінінің имандылық-тәрбиелілік қасиет­теріне үгіттеді. Мешіт салдырып, мед­реселер ашты. Сөйтіп қазақ даласында осындай қызметімен есте қалды.

Ишандар туралы В.В.Бартольд өз зерттеуінде, “олар суфизм жетекшілері, Түркістан өңі­рінде бұл атау “шеих, пір, ұс­таз (яғни оқытушылар)” және ізбасарлар “мүрид” ма­ғынасында қол­данылған” де­ген анықтама берді. Одан әрі ғалым “ишан” – Орта Азия­дағы су­физм жетекшілеріне бері­летін атақ екенін, ол мұра­герлік ретінде әкесінен бала­сына өтіп отыратынын ай­тады. Ал басқа зерттеуші­лердің бірі оларды Құранның басты мәнінен хабардар молдалар деп, екіншілері философиялық-дүние­та­нымдық көзқараспен бай­ланыстырып, соның деңгей­індегі жандар ретінде баян­дайды. Расында да өмір тұрмысын пайымдау ишан­дар үшін ең қажетті жағдай болып табылады. Ал үшін­шілері, олардың геналогия­лық шығу тегін қожадан, сондағы белгілі бір қасиетті әулиеден, ақсүйектерден таратып көрсетеді.
“Ишан” парсы тілінен аударғанда “олар”, “олардың қайырымдылығы”, “шапағаты” деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл оларға құрметпен, ізетпен айтылатын сөз. “Ишан” Орта Азия елдері терминінде “ишон”, “эшон”, “эшен” деп аталып, ол қасиетті және құрметті дін иелеріне берілген титул болды.
И.И.Гейердің пікірінше, қазақ даласындағы рулар “ишан” және “қожа” топтарын өздерінше пірге балап, оларды бір-біріне ұқсас деп қабылдады. Себебі ірі ишандар қожа тобынан шыққан. Оңтүстік қазақтарының арасында, олардың пірі – қожа болды. Мұндай жәйт қазақ даласының барлық аума­ғында көрініс алды. Бұл пікірді ауыл ақсақалдарының сөзінен байқауға болады. Олардың айтуынша, бір рулы елде 1-2 үй қожа болса, оларды “пір” санап, құрметпен қараған. Сондай-ақ Арқадағы ел Қожахан қожаны, Алтай өңіріндегілер Керей ишанды, Шың­ғыстау жұрты Әуез қожаны өздерінің піріміз деп атаған. Демек, араб миссионерлері немесе Мұхаммед пайғамбар ұрпақтары әрбір өңірлердегі қазақ руларымен тығыз араласып, олардың “пірлеріне” айналған. Әрбір қазақ пірге қол беріп, оларды өздерінің рухани көсемдері деп білген.
Қожалар ерекше дін иелерінің және бүкіл дін қызметкерлерінің басы-қасында болған. Атап айтқанда, қожа-кәлән – дінбасыларының қызметін бақылап отыратын ең жоғарғы діни лауазымды иеленуші “ұлы қожа” атанғандар. Ал ишан-сүдірлер – бас ишандардың бірі, ишан-накиб – сопылық бауырластық­тың басшысы болды. Бұл аталған қызметтердің барлығында да Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) қызы Фатима мен Әзіреті Әліден өрбіген ұрпақтар деп уағыз­далатын қожалар отырған.
Қазақ даласындағы ишандардың қызметі мешіт салып, медресе ашудан басқа мынадай түрде көрініс тауып жатты. Ауылға келуші олар өздерін толғандыратын мәселелер мен дін туралы айтып, “қасиетті дем беріп” (нефес), пенделердің күнәларынан арылуға сендіріп, жандарын тазартады. Үй өмірінің тыныш, дастарқанның берекелі, үй адамдарының саулығын тілеп “бата” (фатиха) береді. Ишан келген кезде ауыл адамдарының өз қалауларымен тарту ететін сыйлықта­ры­мен бірге мал сойылып, ең жақсы құр­метке ие болған. Орта Азия тарихындағы ишандар менмендік, атақ, байлық үшін емес, бұқара халық ішінде ықпалы күшті болғандықтан, олардың ізбасарлары да құрметке ие болып отырды.
Сондай-ақ, баласы ауру болғандар ишанның алдына барды. Ата-ана қызы қатты ауырған кезде, оның өмірін сақтау үшін кей жағдайда оны дін иесіне “нәзір” етті. Яғни қызы ауруынан айыққаннан кейін, оны емдеген ишанға беретіндігін уәде етіп, сөзінде тұрды.
Әскери жағдайлар кезінде де ишандар үлкен сыйлықтар алды, себебі әрбір жорық алдында мүридтер өздерінің ишандарынан жолы болу үшін, найза мен оққа қарсы бойтұмар, бата алып, дін иесінен өзінің аман-саулығы үшін жалбарынуын өтінетін. Ол үшін мүридтерінен отбасына тірі оралған соң уәделескен “нәзір” сыйлығын алып, әрқашанда тілек, ықыласқа ие болған.
Қазақ даласында сопылық бауырлас­тықтың ірі өкілдерінің бірі Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірті Сүлеймен Ба­қырғани сияқты ірі тұлғалар мұсылман­дықтың негізгі қағидаларын насихаттаған болса, ишандық дәстүрдің, қызметтің Қазақстан аумағы бойынша кең өріс алып, етек жаюы ХVІІІ-ХІХ ғасырларда басталады. Алайда, Ресей ықпалына түсуге дейін ишандар елді 2-3 жылда бір рет өздерінің ізбасарларымен аралайтын. Бірақ бұл жаңа Ресей отарлауы кезінде біраз уақыт бойы іске аспады. Есесіне қазақтардың өздері оларға келіп тұрды. Ол кезеңде Оңтүстік Қазақстан өңірінде Орта Азия ишандары қызметі кең түрде өріс алды. Сыр бойы ишандары, Шу өңірінде Түркістан қожалары белгілі болды. Олардың қазақ даласындағы жүргізген насихаттарын Г.А.Арандаренко былай сипаттайды: “Ишандар өздерінің мойын­дат­қызулары арқылы “тәкәппар” қазақ­тарды да баурап, оларға қол беру арқылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) және Алланың бірлігіне шақырып, мұны өзде­рінің жетекшілік сенімдерімен куә­лан­дырып алды”. Сөйтіп, қазақ даласындағы ишан­дардың бірқатары бізге архив деректері бойынша осылай белгілі болды.
Соның ең көрнекті өкілі – Айқожа ишан. Бұл қасиетті жан 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Есейген соң Ташкент, Бұхара шаһарла­рына барып, медреселік білім алады. Бұдан кейін Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызатын Ислам Шайхқа барып, оның қолында төрт жылдай Кұлболды, Марал Қосым ишандармен бірге оқып, жоғары білім алады. Содан Құлболды Тереңөзекке, Марал Қармақшыға, Косым Қазалыға, Айқожа Жаңақорғанға ишан болып оралады.
Айқожа ишан Темірұлының зеректігі және білімдарлығымен қоса оның бойында адам сезе бермейтін бір тылсым күштің барлығын ұстазы Ислам Шайх оның оқып жүрген кезінде-ақ білген. Бірде ол шә­кірттерін сынамаққа өзінің алдына шақыр­тады. Басқалар ұстаз алдына кідірмей кіріп барғанда, Айқожа табалдырықтан аттамай есіктің алдында тұрып қалады. Дінбасы мұның себебін сұрағанда ол: “Мына табалдырықтың астындағы қасиетті затты басып өте алмай тұрмын. Соны алды­руыңызды өтінемін”, дейді. Сөйтсе, Ислам Шайх шәкірттерін сынау үшін кіреберіске сездірмей Құран кітабын жасырып қойған екен. Сонда ұстаз да, өзге шәкірттер де Айқожаның көріпкелдігіне таң қалады.
Айқожа ишан Жаңақорған өңірінде халықты сауаттандырумен, діни иман­дылық тәрбиесін берумен айналысқан. Ол кісі Қарасопыда мектеп, медресе ашып ағартушылық қызметін халыққа дарыт­қан. Бірақ кейін өзінің замандасы Көкен батырдың айтқан сөзіне налып, Қарасопыдан Ақтасқа 30-40 үйін алып көшеді. Сонда өзінің қателігін білген Көкен батыр Сарықамыста көшті қуып жетеді де кешірім сұрайды. Бірақ, көк көзді, ақсары өңді Айқожа ишан кешірім бере тұрып: “Жолға шыққан көштің кері қайтуы әбестік”, – деп жүріп кетеді. Ақтасқа келіп жеткенде ерген жұртқа: “Құдай қаласа, ендігі қоны­сымыз осы жер бо­лады”, – дейді. Сонда олар: “Елсіз, сусыз жерді қалай мекен етеміз?” – депті. Мұны ес­тіген Айқожа ишан қасиетті асасын жерге шан­шығанда, сол тұстан шы­мырлап мөлдір су шыға бастайды. Ол әлі күнге дейін “Айқожа ишан бұлағы” деп аталады.
Айқожа ишан 1857 жылы Бесарық стансасы тұсындағы Сарықамыс деген жерде дүние салады. Мәйітін Ақтас әулиенің қасына әкеліп жерлейді. Айқожа ишанның 11 баласы болған. Қазіргі кезде олардан тараған 400-ден аса отбасы бар. Бабаның басындағы күмбезді кесенені, “Айқожа” мешітін, оның үлкен баласы Ибаділланың басшы­лығымен Ақтас жеріне салған. Ме­шіттің шебері Халид деген кісі Бұхарадан алдырылады да кірпішін құюды жер­гілікті халық өз күшімен атқарған. Кейін, 1884 жылы бұл мешітті Айқожаның немересі Ата мағзұм қайта жаңғыртып қалпына келтірген. Ақтас­тағы Айқожа ишан мешіті Сыр өңіріндегі ірі тарихи ескерткіштердің бірі.
Сыр өңірі бойында Айқожа ишаннан басқа да елге белгілі болған тұлғалар аз емес. Қасиет иесінің дәстүрін балалары Ибадулла мағзұм, Жұмаділла мағзұм, Ибрайым шайх, Мамрайым шайх, Исмаил қожа, Ысқақ қожа, Ремет қожа, Пірше қожа, немерелері Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Үсейін, мағзұмдар, Бұрхан, Мәді, Махмұд, Инаят мағзұмдар жалғастырған. Айқожа ишанның 11 баласы да Сыр өңірі бойындағы алшын, жаппас, коңырат, найман руларының “пірі” болған. Бірақ бұлардың ішінде дін уағыздаушы, дін иелері деген атпен 1937-1938 жылдары түрмеге жабылып, атылып кеткендері де болған. Олардың арасында Сейдахмет мағзұм, оның ұлы Бұрхан мағзұм, Сәруар ишан, Әззам ишан және тағы басқалар бар. Бұлар ұсталып, түрмеге отырғызылғанның өзінде намаз оқыған. Сонда “түрменің есігінің құлпы ашылып қала беретінін” көнекөз қариялар айтып отыратын.
Сондай-ақ басқа да қазақ руларына пір болған ишандар қатарында Көшім ишан, Мүкім ата, Керей ишан сияқты тұлғалардың да орны бөлек. Көшім ишан мүридтері – дулаттар. Оның ха­накасы Талас және Шаян өзендерінің бойында болған. Мүкім ата мен оның мүридтері Шолаққорған маңындағы Қарнақ, Созақ тұрғындары. Керей ишан ХVІІІ ғасырда Алтайдағы Орта жүздің абақ керейлері арасында ислам дінін уағыздап, қожа, молдалар үгіт насихат­тарын жүргізген.
Тағы бір дерек мынадай. ХІХ ғасырда осы Алтай елін мұсылман дініне на­сихаттау үшін әрекеттер жасалып, Бұхарадан келген Шаһмансұр деген кісі керей елімен танысады. Кетерінде өзінің жиырма жастағы ұлы Мұхаммед Мо­мын­ды олардың ішіне тастап кетеді. Мұ­хаммед Момын абақ керей елін 40 жылға жуық үгіттеп, мұсылман дінінің ұлылық қасиеттерін танытып, халықты сендіру арқылы дінге бас игізеді. Алтай қа­зақтарына арнап алғаш мешіт салдырып, медресе ашқан және елдің белді адамдарын бастап Меккеге тәу етуге қажылыққа бастап барған бұл кісі ел арасында мұсылмандық қызметтері үшін ишан атанады. Көзі тірісінде “хазірет ата” аталған Мұхаммед Момынды Алтай елі құрметтеп, пір тұтқан. Жергілікті халық оны Керей ишан деп атап кеткен.

Зылиха ИБАДУЛЛАЕВА, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Түркістан.
Айқожа ишанның портретін салған профессор, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жұмақын Қайранбаев.

Дереккөз: www.facebook.com

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
2 жыл бұрын 1492
0 пікір
Блог туралы
0
290873 344 710 17922 293