Жомарт пен ұрлықшы (ғибрат-хикая)
Жомарт пен ұрлықшы (ғибрат-хикая)

 

"Жақсылықтың қайырымы тек жақсылық емес пе?! Ендеше, екеуің (адам мен жын) раббыларыңның қай нығметін өтіріксінесіңдер?" (Рахман сүресі, 60-61 аяттар).

Ерте заманда бір жомарт кісі өмір сүріпті. Қиналғанға қол ұшын беріп, мұқтаж жанға жəрдемін аямайтын игі сүйер адам екен.

Күндердің бірінде ол үш-төрт күндік ұзақ жолға шығады. Қос атын кезек-кезек мініп келе жатқанда жол-жөнекей бір жаяу адамды кезіктіреді. Аштық пен шөлден қатты қиналып, құр сүлдесі сүйретіліп келе жатқан бейшараны жомарт тамақтандырып, сусын беріп, өзіне жолсерік етіпті. Түнде аялдап, күндіз жүріп, осылайша бірге келе жатады.

Содан кезекті түннің бірінде əдеттегідей тоқтап, бір жерге қонақтайды. Ойында ештеңе жоқ. Жол серігіне қайырлы түн тілеп, терең ұйқыға кетеді.

Таңға жуық бірдеңеден шошып оянып, жан-жағына көз жүгіртсе, байлаулы аттары көрінбейді. Серігі жатқан жерге қараса ол да жоқ. Беліне буған динар-дирхам салынған қалта да жоқ. Тоналғанын бірден сезген ол ойбайды салып, əлгі ұрлықшы жолсерігінің артынан жүгіре жөнеліпті. Жүгіріп бара жатып айғайлап бара жатыр дейді:

- Асымды іштің, оным халал болсын. Суымды іштің, ол да халал болсын. Айдалада өліп қалмасын деп, қасыма алдым, ол жақсылығым да халал. Теңгемді, атымды ұрлап бара жатсың, оныңды да халал еттім, кештім. Бірақ өкініштісі, игі сүйерлік сезімімді өшірдің. Міне осың харам болсын! - деп сүрініп құлапты...  #аяттантуғаной

Дереккөз: t.me/abdusamatkasim 
Сурет: bilim-all.kz

жақсылық, жамандық, ғибрат-хикая
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
4 ай бұрын 832
0 пікір
Блог туралы
0
509545 350 720 19394 295