Б.Момышұлының Жамбыл ақынмен кездесуі...

"...Сол күні кешке Жамбыл (Жабаев) қарттың үйіне бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сəлем бердік... Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сəбитке (Мұқанов) қарай мойнын бұрды да:

- Мына қызынды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! - деді.

 Сəбит оған қарық болып күліп жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.

- Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы, - деді.

Мен ойланбастан жауап бердім.

- Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен - оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жəке, - дедім. 

Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады.

- Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, - деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай, Балуан Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе, Сәбит: «Ау, тәте»деп жауап береді.

Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ қайрандай* болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу, шабуылға шығатын кавалеристей екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да:

- Әумин, - деп алақанын жайды. Малдас құрып отырған Жөкең мойнын бұрды да:

- Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші ме еді батаны? - деді.

- Ойбай, тәте, өзіңіз жасаңыз, - деді Сәбит.

Жамбыл алақанын жайды да:
- Батырдың жолы болсын!
  Самсаған қолы болсын! 
  Түсі де суық екен, 
  Ісі де долы болсын, Аллаәкпар! - деп бетін сипады..."

Б.Момышұлы. [Ақиқат пен аңыз].

*Ақ қайран - тұщы су балығы (язь)  

 

Б.Момышұлының Жамбыл ақынмен жолығуы
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
2 жыл бұрын 1932
0 пікір
Блог туралы
0
589207 353 723 19403 295