«АЯН» сөзіне қысқаша талдау
«АЯН» сөзіне қысқаша талдау

«Аян» сөзі - араб тіліндегі عِيَان (ъиян) сөзінің қазақша нұсқасы. Түбі - «көз» деген ұғымды білдіретін عَين (айн) сөзінен шыққан. «Бір нәрсені ап-айқын, көзбен көргендей анық көру» деген ұғымда. 

Қазақта «Аян» деп, көбіне болашақта болатын әлдебір жағдайды Алла тарапынан алдын-ала көрсетілуі деп түсінген. Ол кейде түсінде көрсетілуі мүмкін, кейде өңінде көрсетілуі мүмкін. Мысалы, «түсіме аян кірді» десе, түсінде көргені, ал, маған «аян берілді» десе, өңінде. Мәселен, Хадистерде айтылған «Рахмани түсті» яғни, «Салиқалы түсті» - «аян» десе болады... 
Біз соңғы бір-екі ғасырда аталмыш сөзді көбінесе тәуіп, бақсылардан естіп келгендіктен, «аян көрді» делінгенде, бірден сол тәуіпшілікпен байланыстырып жатамыз (тәуіптердікі жыннан). Алайда, аян тек тәуіптер ғана емес, Алла достары Әулие кісілерге де, құлшылығы дұрыс, харамға қарамайтын тақуа мұсылмандарға да берілуі мүмкін. Яғни, бір тылсым жағдайдың немесе болашақта орын алатын әлдебір оқиғаның алдын-ала және ап-айқын көрсетілуі.

АЯН ЖӘНЕ УАХИ
Аян сөзін, «УАХИМЕН» шатастырмау керек. Уахи Пайғамбарымызға (с.а.у.) тікелей Жебірейіл періште арқылы Алладан берілген дүние. Ол тек пайғамбарларға тән. Ал аян пайғамбарлардан бөлек, әулиелерге де, тақуа мұсылман кісілерге де берілуі мүмкін. Мысалы, пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм Хандақ соғысында бір үлкен қара тасты қолындағы құралмен ұрып талқандайды, сонда оған Кисра, Сирия және Йеменнің мұсылмандарға өтетіні көрсетіледі. Міне осыны аян десек болады...

АЯН ЖӘНЕ ИЛҺӘМ
Аян уахидан гөрі «илһәмға» жақынырақ. Бірақ, илһәмның аяннан айырмашылығы - «илһәм» көбінесе жүрекке сезіліп, білдіріледі, «интуиция». Онда көзге көрсетілмеуі мүмкін. Ал аян болса, ап-анық көрсетіледі. Сондықтан да оған «аян» делінген... #деймінда #бүгінгісөз

Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
5 ай бұрын 1241
1 пікір
Блог туралы
0
703049 354 726 19519 296