Алла жайында жаман ойлар келеді, не істеймін?
Алла жайында жаман ойлар келеді, не істеймін?

Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді:

Бір топ сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у) келіп:

- Уа, Алла елшісі! Ойымызға (көңілімізге) кейбір айтуға тіл бармайтын нәрселер келеді!», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Ол ойларға разы емессіңдер ме? (немесе ол ойлардың құптарлық ой емес екенін білесіңдер ғой)», – деп сұрайды.

- Иә, – деп жауап береді.

- Бұл нәрселер – иманның кәмілдігінің белгісі[1], – дей келе, келіп-кететін жаман және күпірлік ойлар жүрекпен құпталмайынша, іштей мақұлданбайынша залалы жоқ екендігін, сондай-ақ, ондай ойдан өздерін тыюға тырысу иманның кәмілдігінің белгісі екенін баса айтуда[2].

Сіздің ойыңызға кейбір жаман ойлардың келуі – Шайтан малғұнның ісі. Ондай ойлардан алыс тұруға тырысуыңыз, сол себепті қапалануыңыз иман тазалығының белгісі, мүнафиқтық емес. Себебі, Шайтан әдейі Аллаға сенген кісілерге неше түрлі жаман ойлар салып, күмәнға түсіруге тырысады. Құранда бұл жайында былай делінген:

«(Шайтан былай дейді):Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын», – деді. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келіп азғырамын, олардың көбін Саған шүкір етпейтін болады»[3].

Шайтан жаман ой салғанда не істеу керек?

Әлгіндей ой келе қалған жағдайда «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим» деген дұрыс болады. «Сахих Бухари» атты кітапта келтірілген бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:

«Сендердің біреулеріңе шайтан келіп: «мынаны кім жаратты, мынаны кім жаратты» дей келе соңында «Раббыңды кім жаратты?» дейді (азғырады). Мұндай жағдайға тап болған кісі Аллаға сыйынып, әлгіндей ойды ары қарай қазбаламасын»[4].

Қорытындылай келе айтарымыз, бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан жаратушы Иеміздің еш серігі жоқ жалғыз және бүкіл кемшіліктен пәк екендігін жүрекпен сенген кісіге шайтанның салған күмәндары залалын тигізбейді. Тек ондай ойлар келе қалған жағдайда шайтанның азғыруы деп біліп, Аллаға сыйынғаны жөн.

[1]Әбу Дәуід: әбуәбун Нәум – №5111 хадис.
[2]Алиул Қари, Мирқат: «Китабуль Иман».
[3]Әл-Ағраф – 13-17 аяттар
[4]Бухари (Фатхуль бари) – №3102 хадис.

 

 
Абдусамат ҚасымАбдусамат Қасым
2 жыл бұрын 930
4 пікір
Блог туралы
0
290873 344 710 17922 293